Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұма, 10 шілде күні үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) мен елдегі дәрі-дәрмек жүйесін реттейтін "СК-Фармация" компаниясы басшылығын "босатуды" тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Үкімет отырысы телеарнадан көрсетілген жоқ, жұртшылық ақпаратты тек президенттің баспасөз қызметінің Twitter-аккаунты арқылы біліп отыр.
"Тергеу жүргізіп, қиындыққа кінәлілердің бәрін жауапқа тарту керек. ӘМСҚ мен "СК-Фармация" жетекшілерін босату не қажет болса тергеу жүргізу керек", - деп мәлімдеген Тоқаев.
Президент денсаулық сақтау министрлігінің "бірқатар елеулі қателік" жібергенін, әкімдердің көбі өз жұмысын дұрыс атқармағанын, үкімет оларды бақыламағанын айтып, сынаған. Дәл осындай сөзді Тоқаев Қазақстан азаматтарының ауруханаларда орын жетіспей жатқаны, дәріханаларда дәрі-дәрмек жоғы туралы шағымдары көбейгеннен кейін 8 шілде күні телеарнадан берілген видеоүндеуінде айтқан еді.
Тоқаев денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығының "пандемияға тойтарыс беруге әзір болмағанын", вирус жұқтырғандар мен "өзге көрсеткіштер бойынша олардың болжамы дұрыс болмағанын" айтты.
Жұма күнгі үкімет отырысында Тоқаев коронавирус пандемиясы салдарынан 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің кіріс бөлігі 1,7 триллион теңгеден (төрт миллиард доллардан астам) қағылды, бюджет тұрақтылығы Ұлттық қордан аударылған трансферттер есебінен қамтамасыз етіліп отыр деп мәлімдеді. Биыл Ұлттық қордан бөлінетін трансферт көлемін 4,7 триллион теңгеге (11 миллиард доллардан астам) дейін көбейтілген.
АҚШ-та орналасқан Джонс Хопкинс университетінің деректері бойынша, коронавирус жұқтырғандардың жиынтық саны 54747 адамға жеткен Қазақстан осы көрсеткіш бойынша дүниежүзінде 31-орында тұр. Осы айда денсаулық сақтау министрлігі елде вирус жұқтырғандар бұдан да көп болуы мүмкін екенін мойындады. Кейінгі бірнеше аптада тәулік ішінде анықталған вирус жұқтырғандар саны бірнеше рет ұлғайып, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті.