Орал қаласындағы әкімшілік сот белсенді Аслан Сагутдиновті "полицейдің заңды талабына бағынбады" деп (Әкімшілік кодекстің 667-бабы 2-тармағы) 10 тәулікке қамады. Сот қаулысын 13 шілдеде судья Айнұр Қадырова шығарды. Сот отырысында прокурор 10 тәулік сұрады.
— Ол заңды екінші рет бұзып отыр. Бұрын жауапқа тартылған адам ретінде сабақ алу керек еді. 667-баптың 2-тармағында 10 күнге қамау жазасы ғана қарастырылған, — деді судья Қадырова.
Сот кезінде белсендіге әкімшілік іс "Билік өкіліне бағынбау" бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін ашылғаны белгілі болды.
— Заңға сай, қылмыстық іс жабылған соң үш айдың ішінде әкімшілік іс қозғалуы мүмкін, — деді судья.
Сагудтиновке қылмыстық іс 7 сәуірде ұсталған соң қозғалған. Сот кезінде куәгер болған полицейлер Сагутдинов үйінен әкетпек болғанда "қарсылық білдіріп, ұялы телефонын бермей, өзін дөрекі ұстағанын" айтты.
— Басшылықтың тапсырмасы бойынша Сагутдиновтің үйіне келіп, оны әкімшілік іс (жергілікті газет тілшісінің шағымы бойынша "Ұсақ бұзақылық" бабымен қозғалған іс) бойынша полиция бөлімшесіне әкетпек болдық. Сагутдинов хаттамамен танысудан бас тартып, ұялы телефонын бермеді. Полиция бөлімшесіне әкеткенде ол телефонын алып, звандап, видео түсіріп, машинаның бүлдіретінін айтты. Ол өзіне ештеңе істемес үшін полицей Шадияров ұстап отырды. Ал Сагутдинов көліктің терезесін шақты, — деді полицей Бауыржан Мағзұмов.
Полицейлердің сөзінше, көмекке қаланы бақылап жүрген әріптестері келген және солардың көмегімен Сагутдиновтің қолына кісен салып, бөлімшеге апарған. Полиция қызметкерлері "Сагутдинов бөлімшеде кісенді шешкен соң хаттаманы жыртып, видео-жетонды бүлдіріп, қашып кетпек болғанын" айтады.
Ал белсенді Сагутдинов полицейлердің айтқанын жоққа шығарады. Айтуынша, полиция оған күш көрсетіп, жеке заттарын алмақ болған.
— [Полицейлер] көлікте менің телефонымды заңсыз түрде алып алмақ болды. [Полиция қызметкері] Шадияров мені тұншықтыра бастады. Аффект жағдайында терезені орнынан қозғап жібердім. Терезе сынған жоқ, оны қайтып орнына салды. Заңдық негіз жоқ болса, жеке заттарымды беруге міндетті емеспін. Хаттама толтырған жоқ, онымен таныспадым, — деді сотта Сагутдинов.
Белсенді сотта өзіне тағылған айыпты мойындамады. "Бұл істі билік аузымды жабу үшін қозғады" деді.
Өткен айда Оралдағы сот Сагутдиновті "Мусорлар – Қазақстанның соры" 60 сағат жұмысқа жегу туралы шешім шығарған. Полицейлер оның бұл сөзін балағаттау деп қабылдаған. Шағымданушылардың пайымдауынша, ол 7 сәуірде өзін ұстағанда осы сөзді бірнеше рет айтқан.
Белсенді, блогер Аслан Сагутдинов былтыр "бос плакатпен" акцияға шығып, ұсталған. Белсендінің "бос плакат" наразылығы туралы қазақстандық қана емес, халықаралық БАҚ жазған. Сагутдинов осы акциясы арқылы Қазақстандағы адам құқығы мен еркіндігінің сақталмайтынын көрсеткісі келгенін айтқан. Бұл елде билікке жақпаған митинг және кез келген қарсылық акциясы заңсыз деп танылып, қатысушылары қудаланады.