Бүгін, 23 шілде күні Қостанай облыстық соты жергілікті азаматтық белсенді Асқар Ибраевтың аппеляциялық шағымын қанағаттандырмау туралы шешім шығарды. Енді белсенді жазасының қалған мерзімін – он айдан аса уақытты қамауда өтеуі тиіс. Бұл туралы Азаттыққа сотқа онлайн қатысқан белсенді Қанат Жақыпов хабарлады.
– Адвокат уәжін айтты. Прокурор оны терістеп, пробациялық тәртіптің бұзылғанын мәлімдеді. Осыдан кейін судья ақылдасу бөлмесіне 10 минутқа шығып кетіп, оралған соң алғашқы инстанцияның қаулысы өзгеріссіз қалсын деген шешім шығарды. Меніңше, бұл – өзге белсенділерге "оп-оңай қамап тастаймыз" деп сес көрсету, – дейді белсенді Қанат Жақыпов.
Биыл 21 қаңтарда Қостанай қалалық №2 соты жергілікті екі белсенді Асқар Ибраев пен Медет Есенеевті "заңмен тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) деп айыптап, бір жылға бас бостандығын шектеген. Үкімге сай, жазаға тартылған белсенділер әрқайсысы 25 мың теңге айыппұл төлеп, 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуі тиіс болатын.
Олар тоғыз қабатты үйге "Жәкішевке бостандық!" (Мұхтар Жәкішев, жемқорлық айыбымен 14 жылға сотталған "Қазатомпром" ұлттық компаниясының экс-төрағасы – ред.) деген баннер іліп, бірнеше үйдің қабырғаларын "Алға, ҚДТ!" (Қазақстан билігі экстремистік деп таныған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы – ред.) деген жазулармен бояғаны үшін айыпталған.
Белсендінің адвокаты Светлана Корщикованың хабарлауынша, осыдан кейін пробациялық бақылауда жүрген Асқар Ибраев әкімшілік жазаға тартуға келген полицейлерге қарсылық көрсеткен. Осы үшін пробациялық қызмет бас бостандығын шектеуді түрмедегі жазаға ауыстыру туралы өтініш жасаған. 12 маусымда қалалық сот бұл өтінішті қанағаттандырып, белсендіні жазаның қалған мерзіміне түрмеге қамау туралы қаулы шығарған. Белсенді бұл шешімге шағым түсіргенді. Осы шағымды қарастырған бүгінгі аппеляциялық сот алғашқы инстанцияның қаулысын өзгеріссіз қалдырды.
38 жастағы Қостанай тұрғыны Асқар Ибраев былтырғы президент сайлауынан кейін өткен жаппай наразылыққа қатысып, бес тәулікке қамалған.
2018 жылы 13 наурызда Қазақстан соты ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, оның жұмысына тыйым салған. Бірақ қозғалыстың жетекшісі, қазір шетелде жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов ҚДТ-ның бейбіт, құқықтық мемлекет құруды көздейтінін айтып, оны "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімімен келіспейді. Еуропарламенттің 2019 жылдың наурызындағы резолюциясында ҚДТ "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп аталған.
Қазақстанда өткен жылдан бері "ҚДТ-ға қатысы бар" деген күдікпен ондаған адам ұсталып, кейбірі сотталған. Заңгерлер "жауапқа тартылғандар негізсіз қудаланды" деп есептейді.