Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Шорнақтағы төбелестен соң әлеуметтік желіде "тәртіпсіздікке шақырған арандатушыларға" байланысты тергеу амалдары басталғанын айтты.
21 шілдеде қазақтар мен этникалық өзбектер тұратын Шорнақ ауылында жастар арасында төбелес болып, төрт адам жарақаттанған еді. Жұма күнгі брифинг кезінде министр Ерлан Тұрғымбаев ауыл тұрғындары арасындағы төбелесті "тұрмыстық сипаттағы жанжал" деп атады. Оның айтуынша, соңы тас лақтыруға ұласқан кикілжіңді оқиға орнына барған учаскелік инспектор тоқтатқан.
- Бұзақылық және билік өкіліне күш көрсету фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жанжал жасаған екі тараптан да адамдар ұсталды, - деді министр жұма күні.
Оның айтуынша, осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде "жекелеген адамдар тәртіпсіздік жасауға шақырып, жалған ақпарат таратқан". Олардың әрекетіне байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
Тұрғымбаевтың айтуынша, ауылда қазір жағдай тұрақты, полиция бақылауында.
Бұған дейін Азаттық төбелес кезінде жарақаттанған үш тұрғынның бірінің халі ауыр екенін хабарлаған еді. Оқиға орнына барған полицей учаскесіне де тас тиіп жарақаттанған. Полиция ұстаған төрт адамның екеуін қамауға сот санкция берген. 23 шілдеде Шорнақ ауылына барған Азаттық тілшісі кейбір тұрғындардың үйлерінің терезесі сынған, көліктері бүлінгенін көрді. Бұған дейін билік оқиғаның "ұлтаралық сипаты" жоғын айтқан. Ал тұрғындар тілшіге төбелес қазақ және өзбек жастары арасында болғанын айтқан.
Оқи отырыңыз: Жанжал болған Шорнақ ауылына арнайы жасақ кіріп, күзет күшейді
24 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан мен Қарағанды облыстарындағы жағдайға байланысты облыс әкімдері мен полиция басшыларымен кеңес өткізгені белгілі болды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің жазуынша, Тоқаев "ел ішіндегі тұрақтылықты бұзуға талпынған арандатушылардың жолын кесуді, құқық бұзушыларды заң аясында жауапкершілікке тартуды тапсырған".
Қазақстанда жергілікті қазақтар мен өзге диаспора өкілдері арасында кикілжіңдер ара-тұра болып тұрады. Биыл 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасындағы төбелестен 11 адам қайтыс болған. Қазір осы оқиғаға байланысты елуден астам адам жауапқа тартылып жатыр.
Билік мұндай жағдайлардың барлығын “тұрмыстық жанжал” дейді.