Қазақстанда жеті жылға сотталып, желтоқсан айында денсаулығына байланысты босап шыққан, үш апта бұрын елден кеткен кәсіпкер Ескендір Ерімбетов Facebook желісіне шығып, өзінің босап шығуына атсалысқан құқық қорғаушылар, белсенділер, халықаралық дипломаттар мен саясаткерлер, қарапайым азаматтарға алғыс айтты.
– Сіздердің қолдауларыңыз азаптауды тоқтатып, мені аман алып қалуға ықпал етті, – деді ол.
Ескендір Ерімбетов - "Алаяқтық" бабы бойынша 2018 жылы жеті жылға сотталып, былтыр желтоқсанда денсаулығына байланысты босап шыққан, жақында Еуропаға кеткен кәсіпкер. Қазақстандық құқық қорғаушылар оның ісінің саяси астары барын айтып, "саяси тұтқындар" қатарына қосқан. Ал Қазақстанның тергеу орындары істің саясиланғанын жоққа шығарған.
2018 жылы сот процестері өтіп жатқан кезде Ерімбетов тергеу изоляторында азапталғанын, өзіне қысым жасалғанын айтып, ҰҚК-ны айыптаған еді. Жұма күні жарияланған видеода ол өзіне тағылған айыптар мен азаптаулар туралы да айтты.
– Мені жалған, ойдан құрастырылған айып бойынша қамады. Бейне бір террорист, есірткі барон тәрізді маска таққан қаруланған қолында автоматы бар ондаған адам келіп мені ұстады. Бұл мені әу бастан-ақ қорқыту үшін жасалды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында отырған кезде менен қарындасымды қайтаруды талап етіп отырғандарын естіген кезде мұндай сандыраққа сенбедім. Басында маған психологиялық қысым жасалды, кейіннен азаптады. Ұрып-соқты, тұншықтырды, қабырғамды сындырды. Бәрі менің өтірік айтып, жалған нәрсені мойныма алу үшін, қарындасымды Қазақстанға қайтару үшін жасалды, – деді Ескендіров.
Бірнеше минутқа созылған видеода Ерімбетов ақпан айында Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің отбасына көңіл айтып, оның өліміне билікті кінәлаған.
Видеоны Facebook аккаунтына жариялап, оның астына шағын ақпарат жазған Ерімбетовтің қарындасы Бота Жәрдемәлінің айтуынша, Ескендір Ерімбетов 4 шілдеде Швейцарияға жеткен.
"Швейцария билігі Ескендірге гуманитарлық виза берді. Түрмедегі жағдайдан кейін енді Ескендір өз-өзіне келуі керек, оған ұзақ уақыт кетеді. Ол өзінің босап шығуына атсалысқандарға жеке алғыс айтысы келеді" деп жазды.
Бұған дейін Ерімбетовтың бұрынғы адвокаты түрменің кесірінен оның денсаулығы қатты нашарлағанын айтқан еді.
2018 жылы 22 қазанда қазақстандық сот кәсіпкер Ескендір Ерімбетовті "аса ірі көлемде алаяқтық жасады" деген айыппен жеті жылға соттаған. Сот Sky Service компаниясының бұрынғы президенті Михаил Зоровқа үш жыл шартты жаза берген. Sky Service компаниясы директорлар кеңесінің бұрынғы жетекшісі Дмитрий Пестов және осы компанияның директорлар кеңесінің бұрынғы мүшесі Василина Соколенкоға әрқайсысына 4 жыл 2 ай түрме жазасын берген болатын.
Былтыр желтоқсан айында 48 жастағы Ерімбетов денсаулығының нашарлауына байланысты түрмеден босап шықты. Одан кейінгі айларда Пестов пен Соколенко да бостандыққа шықты.
Ерімбетовті жақтаушылар "қылмыстық іс ойдан шығарылған" деп мәлімдеген. Олар "қазір Еуропада өмір сүретін Ботагөз Жәрдемәліні Қазақстанға қайтару үшін билік оның інісі Ескендір Ерімбетовке қысым жасады" деп санайды. Ерімбетовтің ата-анасы Ботагөз Жәрдемәліні бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовқа қарсы куә ретінде пайдаланғысы келеді деп біледі. Ботагөз Жәрдемәлі БТА банктің бұрынғы басшысы, экстремистік ұйым ретінде Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысының (Еуропарламент резолюциясында бейбіт оппозициялық қозғалыс деп жазылған) жетекшісі Мұхтар Әблязовтың қарамағында жұмыс істеген. Қазақстанның тергеу органдары Ескендір Ерімбетов ісінің саяси астары жоқ деп есептейді.