Қазақстандық құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтан шетіндегі Талапкер ауылында шілденің аяғында белсенді Дулат Ағаділдің үйіндегі еске алу асына қатысқан белсенділерді қудалау жалғасып жатыр деп мәлімдеді. Соңғы ақпарат бойынша, кемінде оннан астам адам 10-15 тәулікке қамалып, кейбіріне 30 айлық есептік көрсеткішке (83 340 теңге) тең айыппұл салынған. Белсенділердің барлығы Әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша айыпталған.
"Ар.Рух. Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook желісінде жазаланған белсенділердің тізімін жариялады.
#IHaveAChoiсe #ActivistsNotExtremists тобының Facebook желісінде жариялаған мәліметінше, 30 шілде мен 4 тамыз аралығында кемінде 26 белсенді қамалған, 20 шақты адамға айыппұл салынған.
Азаттық әзірге соттан жауап ала алмады.
5 тамызда астаналық белсенді Бибігүл Тұяқова Ақмола облысының Целиноград аудандық сотына шақыру алды. Ол Азаттыққа денсаулығына байланысты сотқа қатыса алмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, 4 тамызда Целиноград аудандық соты белсенділер Серік Жахин мен Роза Мұсаеваға қатысты әкімшілік істі онлайн режимінде қараған. Олардың адвокаты Ольга Эннс сот Роза Мұсаеваға 30 АЕК-ке (83 340 теңге) тең айыппұл салғанын айтады.
– Роза Мұсаеваны 24 шілдеде Талапкер ауылында болған "митингіге" қатысқаны үшін кінәлі деп тапты. Оған нақты дәлел жоқ, егер билік адамдардың мұсылмандық ғұрып бойынша бейітке барғанын митинг деп таныса, келіп ескерту жасауы керек еді, ол да болған жоқ. Менің ойымша, белсенділер әрекетін "Экстремизммен күрес" бабына ыңғайлауы мүмкін. Менің қорғауымдағы тағы бес адам денсаулығына байланысты келмегендіктен оларға қарсы сот өтпеді. Оларды да жедел қызмет өкілдері үйінен күштеп алдыра ма деп күдіктенемін, – деді адвокат Ольга Эннс.
Ол 4 тамызда Целиноград аудандық сотына өзінің қорғауындағы белсенді Серік Жахинмен кездесуге арнайы барса да кешке қарай оның қатысуынсыз апелляциялылқ соттың өткенін айтты. Адвокаттың сөзінше, 4 тамыз кешке қарай Мұсаева сотынан соң бірнеше хабарлама түскен. Бірақ оларды оқуға мүмкіндігі болмаған. Кейінірек апелляциялық соттың адвокат қатысуынсыз өткені туралы хабарлама алған. Адвокат "сот орындары тек өзінің адвокаттық құқығын емес, қорғауындағы адамның да құқығы бұзылды" деп санайды.
Целиноград аудандық сотының төрағасы демалыста, ал кеңсе өкілі Вячеслав Тен адвокат сөзін жоққа шығарып, "апелляциялық арыз тек 3 тамызда түсті, сот бірден қарады" деп уәж айтты.
Серік Жахин 31 шілдеде Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті алдынан ұсталып, 15 тәулікке қамалған. Оның адвокаты сот санкциясымен келіспей сол күні апелляциялық шағым түсірген. Адвокат шағымы 3 тамыз күні кешкі 17-де ресми тіркелген.
Қазақстанның әр өңірінен жиналған белсенділер 24 шілдеде ақпан айында Нұр-Сұлтандағы уақытша қамау изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің үйіне жиналып, марқұмды еске алған еді. Сол күні белсенділер Дулат Ағаділдің қабірінің басына барып, дұға бағыштаған. Ауылдан шамамен он шақырым жердегі зиратқа жаяу ту көтеріп барған белсенділерді полиция 30 шілдеден бастап қамауға ала бастаған.
Белсенділер 8 тамызда оның үйіне бас қосып, еске алу шарасын өткізуге және өздері асар жасап салған жаңа үйінің қоныс тойын тойлауға келскендерін айтады.
2 тамызда еске алу шарасына қатысқан алматылық белсенді Серік Айтжановтың 10 күнге қамалғанын Азаттық жазған еді. Сот оны "заңсыз шеруге қатысты" деп айыптаған.
Оқи отырыңыз: Марқұм Ағаділдің ауылында "заңсыз шеру жасады" деп айыпталған белсенді Айтжанов он күнге қамалды