Түрмеде отырған жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаевқа "қысым жасалғаны туралы" ақпарат тарағаннан кейін он шақты адам 17 тамызда түстен кейін белсенді отырған түрме алдында наразылық өткізді. Олар дүйсенбі күні таңертең прокуратура мен полицияға барғанмен белсендінің денсаулығы туралы ақпаратты ала алмаған еді. Түрме алдына жиналған адамдар арасында Елшібаевтың әйелі Динара Иманғалиева да болды.
"Ержан Елшібаевқа бостандық!" деген жазуы бар плакат ұстаған белсенділер президент Қасым-Жомарт Тоқаев, ішкі істер министрі және бас прокурорға үндеу жасап, белсендіге қысым жасауды тоқтатуды талап етті. Олар Елшібаевтың "белсенділігі үшін қудаланғанын" айтып, "Бостандық!" деп те айқайлады.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Ержан Елшібаевтың аузы тігілген суреті мен видеоүндеуі жарияланған еді. Белсенді видеода түрменің бірнеше қызметкерінен қысым көргенін айтып, қысым көрсетіп жатқан адамдардың да атын атаған. Ал прокуратура мен полиция Елшібаевтың "өзіне қол жұмсағанын" айтқан еді.
Дүйсенбі күні колонияға барған белсенділерге түрме әкімшілігі өкілдері Елшібаевтың қарсылық ретінде "қолын он шақты жерден жарақаттап, қарнын тілгенін, аузын тіккенін" растады. Бірақ аты-жөнін атамаған түрме бастығының орынбасарының (ол түсініктеме беруге өкілеті жоқ екенін айтып, аты-жөнін айтпады) сөзіне қарағанда Елшібаевтың өзіне қол жұмсауына түрме қызметкерлерінің қысымы емес, "15 тамыз күні туыстары беріп жіберген сәлемдемені ала алмауы" себеп болған.
Түрме әкімшілігі өкілдерінің сөзіне қарағанда Елшібаевтың "аузындағы жіптер алынған, медициналық көмек көрсетілген". "Өзіне қол жұмсау" заңға қайшы әрекет болғандықтан қазір оқшаулау камерасында жатыр. Олар белсендінің жағдайын "жақсы" деп сипаттады.
Бұған дейін туыстары Елшібаевтың (Елшібаевтың өзі де видеода соны айтады) "түрме әкімшілігінің қысымына қарсылық ретінде жасағанын" айтқан еді.
Дүйсенбі күні Динара Иманғалиева күйеуін көрсетуді сұраған кезде түрме әкімшілігі өкілдері карантинді алға тартып, ішке кіргізе алмайтынын айтты.
Бұған дейін прокуратура өкілдері тұтқынның өзін жарақаттауына байланысты Қылмыстық кодекстің "Өзін өлтіруге дейін жеткізу" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын айтқан еді. Төле би аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімінің басшысы Талғат Әбуовтың айтуынша, іс жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігіне жолданбақ.
– Бұл істі жемқорлықпен күрес іс-қимылы бюросына жолдайық деп жатырмыз. Қазір сарапшыны күтіп отырмыз. "Азаптау" мәселесі көтеріліп жатыр. Сондықтан 180-бапқа сәйкес, ол – жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігінің бабы. Біз оны қарай алмаймыз, – деді Талғат Әбуов істің барысы туралы.
Былтыр қараша айында Жаңаөзен қалалық соты 31 жастағы Ержан Елшібаевты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша кінәлі деп тауып, бес жылға соттаған. Қылмыстық істе жәбірленуші ретінде танылған адамдар айыпталушыға талаптары жоқ екенін айтса да, апелляциялық сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырған еді.
Тергеу орындарының мәліметінше, 2017 жылы Елшібаев Жаңаөзенде төбелесіп, бір адамды жарақаттаған. Белсендінің жақтастары бұл істің саяси астары бар деп санайды. Былтыр тамызда құқық қорғаушылар Елшібаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ержан Елшібаев 2019 жылдың ақпан-наурыз айларында Жаңаөзенде өткен жұмыссыздық мәселесіне қатысты наразылық шарасында көзге түскен. Наразылық кезінде жаңаөзендіктер биліктен жалақысы жақсы жұмыс талап еткен болатын.