Берлиндегі "Шарите" клиникасының дәрігерлері ресейлік оппозиционер Алексей Навальный "ингибитор холинэстераз тобына жататын улы заттан уланған" деп мәлімдеді.
Бұл туралы хабар 24 тамызда клиниканың сайтында жарияланды. Неміс дәрігерлері Навальныйдың нақты неден уланғанын хабарламады. Хабарламада "Навальныйдың ағзасынан холинэстераз тәуелсіз зертханаларда жүргізілген талдауларда бірнеше рет табылғаны" жазылған.
"Диагнозға сай, науқасқа антидот атропин беріледі. Дерттің қалай әсер ететіні белгісіз, жүйке жүйесіне ұзақ уақыт әсер етуі де мүмкін" деді клиника.
Германиялық дәрігерлердің сөзінше, Навальный әлі де жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр, дегенмен өміріне қауіп жоқ.
Ресей президенті Владимир Путиннің сыншысы Навальный 20 тамызда "уланған болуы мүмкін" деп Омбы ауруханасына түскен. Навальный осы күні Томск қаласынан Мәскеуге ұшып бара жатқанда жағдайы күрт нашарлап, ұшақ Омбы қаласына қонған. Кейін жедел жәрдеммен оппозиционерді Омбыдағы ауруханаға жеткізген. Кейін Германия Навальныйды Берлиндегі ауруханаға әкету үшін арнайы санавиация жіберген. Басында Омбы дәрігерлері Навальныйды орнынан қозғауға болмайды деп оны Германияға жіберуден бас тартқан. Кейін омбылық дәрілерлер Навальныйды ауруханадан әкетуге рұқсат беріп, Навальный 22 тамызда Берлинге жеткізілген.
Ресейлік дәрігерлер Навальныйдың алғашқы анализдерінен улы зат табылмағанын хабарлаған еді. Бірақ оның жақтастары саясаткердің уланғанын айтқан.
Ингибитор холинэстераз – ацетилхолинэстераз ферменттерінің жұмысын баяулататын химиялық зат. Бұл зат адам ағзасына түссе жүйке жүйесінің, мидың жұмысына кері әсер етеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алексей Навальныйды Германияға әкелді. Жағдайы "бірқалыпты"