Қазақстандық "СК-Фармация" квазимемлекеттік компаниясы (дәрі-дәрмек сатып алуға жауапты бірыңғай дистрибьютор) Ресейдің тіке инвестиция қорымен коронавирус вакцинасын алу туралы келісімге қол қойды. Бұл вакцина сынақтың соңғы үшінші кезеңінен толық өтпеген.
Қазақстандық шенеуніктердің Мәскеуге сапары туралы үкімет хабарламасында Нұр-Сұлтанның "Спутник V" вакцинасын сатып алуға дайын екені жазылған. Бұған дейін батыс сарапшылары оның қауіпсіздігі мен тиімділігіне күмән келтірген еді.
"Ресейдің Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы Қазақстанға қажет вакцина көлемін өндіруге дайын. Тәуекел топқа жататын қазақстандықтарға тегін және ерікті түрде екпе егіледі, екпе сынақтың барлық кезеңінен өткеннен кейін ғана пайдалануға беріледі" делінген хабарламада.
12 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында Ресейге вакцина сатып алу бойынша делегация жіберетінін хабарлаған. Бұл қоғамда түрлі пікір туғызған. Денсаулық сақтау министрлігі сынақтың барлық кезеңі аяқталмайынша препаратты алмайтынын мәлімдеген.
Қазір әлемде 100-ден астам коронавирусқа қарсы вакцина жасалып жатыр. Covid-ке қарсы екпені алғаш тіркеген елдердің бірі Ресей қазан айында жаппай егу бағдарламасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ал батыс ғалымдары вакцина сынақтың барлық кезеңінен өтпегендіктен оны қауіпсіз және тиімді деп атау әлі ерте деп санайды. 21 тамызда британдық вирусолог мамандардың пікіріне сүйенген Reuters агенттігі препарат вирустың мутациялануына жол ашуы мүмкін деген. Ал ондай жағдайда вакцина тиімсіз болып шығады. Ресей мұны жоққа шығарады.
Оқи отырыңыз: Путин Covid вакцинасын жасадық дейді. Мамандар күмән келтіреді
Ресейде коронавирус вакцинасы Гамалея атындағы мемлекеттік зерттеу орталығының көмегімен шығарыла бастаған. Жоба құны 4 млрд рубль (55 млн доллар). Орталықты Ресей тіке инвестиция қоры қаржыландырады.
Маусым және шілде айларында вакцинаны сынауға адамдар да қатысқан. Бірінші кезеңде – 38 азамат, 38 әскери қызметкер, екінші кезеңде 100 адам атсалысқан.
Ресей тіке инвестиция қорының мәліметінше, сынақ Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Филиппинде жүргізілмек. Жақында Беларусь те вакцинаны сынақтан өткізуге келісім берген.