Неміс дәрігерлері Берлин ауруханасында ес-түссіз жатқан ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдан әскери “Новичок” уын тапқаннан кейін Батыс елдерінің үкіметтері бірігіп, Ресейге қарсы шара қолдану мәселесін қарастыра бастады. Германия канцлері Ангела Меркель 2 қыркүйекте "бізде тек Ресей үкіметі ғана жауап бере алатын сұрақтар бар" деді.
"Алексей Навальныйға жасалған қылмыс негізгі құқық пен фундаменталды құндылықтарға қарсы бағытталған" деді ол.
Навальный ағзасынан "Новичоктың" табылғанынан Еуроодақ, НАТО, Химиялық қарумен күрес жөніндегі ұйым да хабардар. Германия СІМ Ресей елшісін шақыратынын айтты.
АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесі “саясаткерге у беруді” айыптады. Вашингтон Ресейде саясаткердің улануына кінәлілерді жауапкершілікке тартып, қастық әрекеттерін шектеу мәселесін әріптестерімен талқылайтынын жеткізді. Конгресс Трамп әкімшілігін Ресейге санкция салуға шақырды. НАТО да Ресей саясаткердің улану ісін толық әрі ашық зерттеуі тиіс деді.
Еуропа дипломаты Жозеп Боррель Навальныйға “қастандық” жасалғанын айтып, кез келген химиялық қару қолдану халықаралық заңға қайшы деді.
Франция, Италия, Канада, Үлыбритания және өзге елдер Кремльді оқиғаны ашық зерттеуге шақырып, бірігіп реакция танытамыз деп ескертті.
Бұған дейін неміс үкіметі әскери зертханада жүргізілген арнайы тест саясаткер ағзасынан табылған удың "Новичок" тобына жататын химиялық зат екенін көрсетті деп мәлімдеген. Осыдан соң Ресейге бағытталған сын-айыптаулар көбейген еді.