Осы аптада әлемдік басылымдар Қазақстанның ең бай адамдарына қатысы бар екі даулы іске назар аударды. Біріншісі Eurasian Resources Group (ERG) корпорациясының 2015 жылы жұмбақ жағдайда қайтыс болған екі топ-менеджерінің өлімін тергеу жөнінде. Корпорация Қазақстанда металл өндіріп дүние жиған олигархтар Александр Машкевичке және Алиджан Ибрагимовке тиесілі. Екіншісі – қазақстандық олигарх, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың Ұлыбритания ханзадасы герцог Эндрюден 2007 жылы сатып алған зәйлүм үйі туралы. Британ басылымдары қараусыз қалған үйдің сырылып, орнына зәулім үй салынғанына назар аударды.
ERG ЭКС-МЕНЕДЖЕРЛЕРІНІҢ "БЕЗГЕГІ"
Британиялық Financial Times басылымының хабарлауынша, ERG корпорациясында жұмыс істеген ОАР азаматтары 44 жастағы Джеймс Бетел мен 45 жастағы Геррит Страйдомның өлімін қазір АҚШ федералды тергеу бюросы зерттеп жатыр. Бетел мен Страйдом ERG-дің Африка құрлығындағы бөлімінде жұмыс істеп, қайтыс боларының алдында қызметтен кеткен.
Корпорация Қазақстанның тау-кен саласында дүние жинап, олигарх атанған Александр Машкевичке, Алиджан Ибрагимовке, Патох Шодиевке және Қазақстан үкіметіне (акцияларының 40 пайызы) тиесілі. 2019 жылы Forbes журналы Машкевичтің байлығын 2,4 миллиард долларға, Ибрагимовтыкін 2,3 миллиард долларға және Шодиевтікін 2,1 миллиард долларға бағалаған.
Басылым Ұлыбритания құзыретті органдары ERG-ге қатысты жеті жыл бойы ауқымды антикоррупциялық тергеу жүргізіп келеді дейді. Газеттің жазуынша, Ұлыбритания күрделі алаяқтықпен күрес басқармасы (Serious Fraud Office, SFO) тергеу аясында куәгер болуы мүмкін деп Бетел мен Страйдоммен байланысқа шыққан.
Financial Times Бетел мен Страйдомның Йоханнесбургтан Чикагоға ұшып бара жатқанда өздерін жайсыз сезінгенін жазады. Ол екеуі 2015 жылдың 9 мамырында бір күнде өлген. Денелері Миссури штаты Спрингфильд қаласындағы қонақ үйлердің бірінен табылған. Бөлмелерінде "өлімнің себебін түсіндіретін ешнәрсе анықталмаған". Спрингфильд полициясы өлімнің себебі безгек ауруы деп ресми түрде мәлімдеп, ауруды Замбияға барғанда жұқтырған болуы мүмкін деген тұжырым айтылды. Бетел мен Страйдом АҚШ-қа ұшпас бұрын расымен Замбияға барған.
Бірақ полиция істі жаппай, оны Федералды тергеу бюросына өткізген (ФБР). Financial Times іске қатысты бірқатар құжатқа қол жеткізген. Олардың қатарында безгек диагнозын қоюға негіз болған зертхана талдауының нәтижесі де бар. Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің безгек бойынша маманы Сэм Вассмер осы құжаттармен танысып шығып, "екі адамның бір уақытта ауырып, бір түнде қайтыс болуы" екіталай деген қорытындыға келген.
"Бұл екеуін бір маса шақса, шындыққа жақын жалғыс сценарий сол болушы еді, бірақ CDC (Center for Disease Control and Prevention, Ауруды бақылау және алдын алу орталығы) мұндай ықтималдықты жоққа шығарды" деген Вассмер Financial Times-қа.
ERG 1990-жылдары құрылған. Ол Қазақстандағы бірқатар ірі өндіріс орындарын жекешелеп, ауқымды корпорацияға айналды. Корпорация ұлғаю барысында Африка құрлығындағы өндіріс секторына көз тігіп, Конго, Замбия, Мали, Мозамбик, Зимбабве және ОАР секілді елдердің активтерін сатып алған. Бетел мен Страйдом корпорациясының африкалық бөлігіндегі ең ірі лауазым иелерінің бірі болған.
Антикоррупциялық тергеуге Африкадағы осы сатып алулалар түрткі болған. Financial Times мұның Ұлыбритания тарихындағы ең ірі тергеу екенін жазып, корпорация өкілдерінің айыптарды жоққа шығаратынын атап өткен.
Басылымның жазуынша, ERG-ге қатысты тергеу 2013 жылы басталған. Корпорацияның штаб-пәтері ол кезде Лондонда болған. Көп ұзамай корпорация Лондон биржасынан шығып, штаб-пәтерін Люксембургқа ауыстырған. Делистинг кезінде корпорация атауы "Еуразия табиғи ресурстар корпорациясынан" (Eurasian Natural Resources Corporation, ENRC) "Еуразия ресурстар тобына" (Eurasian Resources Group, ERG) өзгерді.
Жақында тергеу аясында Машкевичтің қызы Аннаға іс қозғалған. Қаңтар айында Ұлыбритания соты оны әкесі туралы ақпаратты Күрделі алаяқтықпен күрес басқармасынан жасыру бойынша кінәлі деп тапты. Анна Машкевичтің фирмасы ERG-ге хатшылық қызмет көрсетіп, Машкевичтің жұмысы туралы мәліметті беруден бас тартқан.
Financial Times-тің жазуынша, олигархтың қызы - ERG-ге қарсы тергеу аясында қылмыстық іс бойынша айыпты деп танылған алғашқы адам. Оған алты ай түрмеде отыру қаупі төнген, алайда Машкевич 981 фунт айыппұл төлеп құтылды.
Бұл Еуропадағы ERG иелерінің аты аталған алғашқы дау емес. 2014 жылы Қазақстан Франциядан оншақты тікұшақ сатып алған. Мұның арты "Тікұшақ "қазақгейті" деп аталған дауға айналды. Дау аясында Машкевич, Шодиев, Ибрагимов үштігінің ғана емес, Қазақстан мен Францияның сол кездегі президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Николя Саркозидің де аты аталған.
Тікұшақ келісімі 2010 жасалған. Тергеушілердің пайымдауынша, Саркози Назарбаевтың Патох Шодиевті қылмыстық айыптардан құтқару туралы өтінішін орындаған. Ол кезде Бельгияда Шодиевке қарсы қылмыстық іс қозғалған. Саркозидің көмегіне қайтарым ретінде Қазақстан Франциядан тікұшақтар сатып алуға міндеттенген. Бельгия құқық қорғау органдары осы іске сол кезде елдің вице-министрі болған беделді саясаткердің қатыстылығын дәлелдеген. Шенеунік ақшалай сыйлыққа Бельгиядағы қылмыстық істің жабылуына ықпал еткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тікұшақты Қазақгейттің" Бельгиядағы сайлауға әсеріСАННИНГХИЛЛ-ПАРКТІҢ ҚАЙТА ӨРЛЕУІ
Ұлыбританияда королеваның үйі саналатын Виндзор қамалынан 8 километр жерде 270 гектар территориясы бар Саннингхилл-парк дейтін зәулім үй орналасқан. Бұл зәулім үйді 2007 жылы Ұлыбритания патшайымы II Елизаветаның кіші ұлы Эндрю 15 миллион фунтқа сатқан. Сатып алушы ретінде Виргин аралдарында тіркелген офшор компаниясы көрсетілген. Бірақ көптеген дерекке сәйкес, үйдің нағыз иесі Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, қазақстандық миллиардер Тимур Құлыбаев (Forbes журналы оның байлығын 2,9 миллиард долларға бағалаған) болған.
Осы оқиға Ұлыбританияда дау тудырған еді. Оған Құлыбаевтың сатуға қойылғанына бес жыл болған үйді ханзада сұраған бағадан 3 миллион долларға жоғары бағамен сатып алуы түрткі болғаны. Британия қоғамы транзакцияның астарында парақорлық бар деген күдікпен тергеу жүргізуге шақырды.
Британия парламентінің бұрынғы мүшесі, королеваның отбасы мен оның қаржы мәселелері туралы кітап жазған Норм Бейкер Daily Mail таблоидында жарияланған мақаласында осы жайтты қамтыған.
"Заңбұзушылық жасағанын әрдайым жоққа шығаратын Эндрюді Құлыбаевтың іскерлік келісімдерінде делдал болды деп және магнаттың қайын атасы, Қазақстанның бұрынғы диктаторы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын досы болды деп айыптады" дейді Бейкер. Автордың жазуынша, Йорк герцогы Эндрю Назарбаевтың ол уақытта бірнеше жыл бойы танитын болған, олар "тіпті бірге қаз аулауға барған".
Бейкердің жазуынша, Эндрю британиялық инвесторлар мен Қазақстан компаниялары арасында делдал бола жүріп, Құлыбаев және "жетекші бизнесвуман, әрі Құлыбаевтың екі баласының анасы" Гога Ашкеназимен "достасып" алған.
Саннингхилл-парк сатылған соң, бірнеше жыл қараусыз қалып, 2016 жылы сүрілген. Төрт жылдан кейін ол жерде жаңа үй пайда болған. Daily Mail таблоидының хабарлауынша, жаңа үйде алты жатын бөлме, сауна, спортзал және ойын залы бар. Бөлмелердің әрқайсысында ваннасы бар.
"Жоғарыда "балалар қанаты бар". Онда ваннасы бар екі жатын бөлме, гардероб және бала күтушісінің бөлмесі орналасқан. Баспалдаққа қарама-қарсы балконы, гардеробы және қонақжайы бар екі негізгі жатын бөлме орналасқан. Сыртында 200 футтық (60 метр) бағы бар екі деңгейлі терраса, "қойылым өнеріне арналған кеңістік" (шамасы сахна болуы керек – ред.) бар. Балалар үйіне, батутқа және балалар бағына жер бөлінген. Жаңа газон төселген, ағаштар отырғызылған, орталық кіреберіс пен субұрқаққа алып баратын жолдың бойын әрлендіру жұмыстары жүріп жатыр" деп сипаттайды жаңа Саннингхилл-паркті Daily Mail.
Басылымның дерегінше, қазір жылжымайтын мүлік Люксембургтегі компанияның атына тіркелген. "Құлыбаев ол үйге қай күні болсын жайғаса ма, жоқ па, ол жағы белгісіз" дейді Бейкер.
Оның сөзінше, Саннингхилл-парктің сатылуы әлі де БАҚ назарында. "Бір сұраққа қанағаттанарлық жауап әлі берілмеді: Құлыбаев мырзаның ханзада Эндрюге сатып алуға ешкім асықпаған үйі үшін сұралған бағадан 3 миллион фунтқа артық төлеуінің себебі неде?" деп жазды Бейкер.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың арқасында ханзада Эндрю ранчосын өз бағасынан 3 миллион фунтқа қымбатқа сатты деп жазады британдық басылым
Жақында Британия қоғамы сатып алынған үйдің шынайы иесі жөніндегі құпиялығы тұрғысынан тағы бір іске назар аударды. Бұл іс жалпы құны 80 миллион фунт құрайтын мүлікке қатысты болып, оның аясында Назарбаевтың отбасы мүшелерінің аты аталған. Әңгіме Лондондағы екі үй туралы. Үйлер офшор компаниясының атына тіркелген, бірақ Ұлыбритания құзырлы органдарының араласуымен үйлердің шынайы иелері әшкере болды. Олар Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиевке тиесілі болып шықты. Британия үкіметі бұл мүліктерді "шығу тегі белгісіз қаржыға алынған деп" бұғаттап тастады. Жылжымайтын мүлік Қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттіктің бастамасымен бұғатталды. Агенттік үй мен пәтер "заңсыз алынған ақшаға" сатып алынған деп мәлімдеді.
Сот тартысы кезінде Назарбаева мен Әлиев мүлікті "заңды ақшаға" алғанын дәлелдеумен болды. Осы кезде Нұрәлі Әлиевтің "миллиарлер көшесі саналатын" Бишопс-авенюдегі бір үйдің тұрғыны екені мәлім болды. Британия басылымдары даулы үйдің 10 бөлмесі, кинотеатры және жерасты бассейні бар екенін жазды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтардың Лондондағы үйі. “Өкіл қайын атаның” қандай қатысы бар?
Ұлттық агенттік сот тартысы кезінде Назарбаева мен Әлиевке жеңіліп қалып, жылжымайтын мүлік бұғаттан босады. Құзыретті орган апелляциялық шағым берген еді, сот шешімі өзгеріссіз қалды.
Биыл БАҚ назарына ондаға миллион долларға үй сатып алумен Дариға Назарбаеваның сіңлісі, әрі Тимур Құлыбаевтың әйелі Динара да ілікті. Қаңтар айында швейцариялық басылымдар оның Женева ауданындағы жер учаскесін сатып алғанын, учаске үшін 44 миллион франк (48 миллион доллар) төленгенін хабарлады. Учаске ұлттық маңыздылығы бар тарихи объект мәртебесі бар Бельрив қамалына тиіп тұр. Күйеуінің үйі Саннингхилл-парк секілді бұл қамал да сатып алушысын ұзақ жыл іздеген. 2019 жылы оны Динара Құлыбаева 62 миллион франк (68 миллион доллар) төлеп сатып алды.