Қазақстан қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) 18 қыркүйекте Tengri Bank-тің барлық операция жүргізу бойынша лицензиясынан айырылғанын хабарлады.
Агенттік жетекшісі Мәдина Әбілқасымованың қолы қойылған хабарламада оған төмендегі жайттар себеп болғаны көрсетілген:
- пруденция нормаларын (ұлттық банк бекіткен көрсеткіштер) жүйелі түрде бұзу;
- қадағалау орындарының талаптарын жүйелі түрде орындамау;
- меншікті капиталды арттыру үшін қосымша қаржыландыру шараларын қолдану бойынша агенттік талаптарын орындамау.
Tengri Bank жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті түрде кепілдік беру жүйесінің мүшесі. Егер банк активтері басқа мекемеге берілмесе, онда "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ депозит иелеріне өтемақы төлеуі тиіс. Агенттік сайтында банк салымшылары үшін ақпарат жариялады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің айтуынша, проблемалы несиенің басым бөлігі 2015-2017 жылдары берілген, оның үлесі банктің қарыз портфелінің 58 пайызын құрайды.
Қайтарымсыз несие үлесінің 80 пайыздан асуы қаржы институты активтерінің құлдырауына әкелген. Бұған қоса, тиімді корпоративтік басқару жүйесінің жоқтығы және банк акционерлер арасындағы ішкі дау-дамайлар да мекеменің қаржы жағдайын нашарлатып жіберген.
"Банктің қаржылық жағдайын нашарлатқан акционерлер мен менеджменттің әрекетіне арнайы органдар құқықтық баға береді" дейді агенттік.
2020 жылы мамыр айында Tengri Bank-те директорлар кеңесінің құрамы толық жаңарған. Басқарма төрағасы болып Паван Сингх сайланған. Ол "директорлар кеңесінің құрамын жаңарту кеңестің бұрынғы мүшелері арасындағы келіспеушіліктерді жояды" деп санаған.
Алайда құрамы жаңартылған кеңес жаппай клиенттерден айрылу мәселесін шеше алмады. Банк үздіксіз жұмыс істей алуы үшін қажетті дәрежеде өтімділікпен қамтамасыз ете алмады.
Punjab National Bank (Үндістан үкіметіне тиесілі) банк акциясының 41,64 пайызына ие. Акцияның қалған бөлігі Qazprod Trade ЖШС (құрылтайшысы Кенжехан Бақытбаев), Grand Team ЖШС (құрылтайшысы Алмас Бакытов), Бауыржан Барманбеков, В.П. Ким және Мырзатай Ыдырыс арасында бөлінген.