FinCEN Files: Әблязов пен Храпуновтар әлемдік банктер арқылы күдікті қаржыны "айналымға салған"

Мұхтар Әблязов (сол жақта) пен күйеубаласы Ілияс Храпунов (коллаж).

Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумының (ICIJ) 20 қыркүйекте жариялаған жаңа зерттеуіндегі дерекке сай, әлемдегі белді банктер кейінгі жиырма жылда олигархтарға, қылмыскерлер мен террористерге 2 триллион доллардан аса күдікті қаржыны алып-салуға, жасыруға рұқсат берген. Құжат не туралы және онда қазақстандықтар туралы дерек бар ма?

FinCEN Files деп аталатын құжатта Қазақстаннан Мұхтар Әблязов (шетелде тұрып жатқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер) және оның күйеубаласы Ілияс Храпунов жайлы дерек бар. Ілияс Храпунов - Алматы қаласының экс-әкімі, қазір шетелде тұратын Виктор Храпуновтың ұлы.

Жарияланып кеткен құжаттарда Батыстың санкциясына ілінген ресейлік олигархтардың да есімі аталады.

ICIJ жариялаған мәліметке сәйкес, JPMorgan, HSBC, Standard Chartered Bank, Deutsche Bank және Bank of New York Mellon сынды әлемдік банктер АҚШ билігінің айыппұлына қарамастан лас ақшаларды алып-салуға рұқсат еткен.

ҚҰЖАТ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

The FinCEN files – әлемдік банктер 2000-2017 жылы АҚШ билігіне жіберген 2500-ден аса құжаттың жиынтығы. АҚШ-тың қаржылық қылмыспен күрес жүйесінен (FinCEN) жария болып кеткен бұл құжаттар алдымен BuzzFeed сайтына келіп, кейін оны әлемнен 400-ден аса журналист бірігіп тексерген.

АҚШ заңына сай, банктер АҚШ долларымен жасалған кез келген қаржы операциялары күдік тудырса алдымен АҚШ-тың қаржылық қылмыспен күрес жүйесіне (FinCEN) "Күдікті банк операцияларын хабарлау" (Suspicious activity reports – SAR) формасын толтырып жолдауы тиіс. Бұл ережені бұзғандарға АҚШ заңы бойынша ірі көлемде айыппұл салынады.

Бірақ ICIJ зерттеуі "банктердің есепшот ашқандардың кім екенін анықтай алмай, аударылған ақшалардың қайдан келгенін тексермей, жемқорлық дауына ілінген, қылмысқа қатысты бар клиенттермен жұмыс істегенін көрсетеді".

"Әлемдік журналистердің 16 айға созылған зерттеуі АҚШ-тың лас ақшалармен күрес заңының әлі де шикі екенін, ірі банктер жемқорлыққа, қылмысқа және терроризмге қатысы барлардың қаржысының айналымында әлі де негізгі рөл атқарып отыр" деп жазады ICIJ.

Былтыр банктер әлем бойынша 2 миллион SAR формасын толтырған. Сарапшылар 333 жұмысшысы бар FinCEN-де коррупциямен күресуге қызметкер жетіспейді және аз қаржыландырылады деп санайды.

ЗЕРТТЕУДЕ ӘБЛЯЗОВ ТУРАЛЫ НЕ АЙТЫЛАДЫ?

ICIJ жариялаған FinCEN Files зерттеуінде қазақстандық экс-банкир, қазір Францияда тұрып жатқан Мұхтар Әблязовтың қаржысы бірнеше жыл бойы АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Кипр, Латвия банктері арқылы айналымда болғаны жазылған.

Құжатқа сай, 2012 жылы қазанда Әблязов Кипрдегі жалған компания (Colligate Investments Ltd) арқылы Ресейден жылжымайтын мүлік сатып алу үшін 5 миллион доллар аударған. Бұл операция Кипрдегі Bank of Cyprus, Германиядағы Commerzbank, АҚШ-тағы JPMorgan Chase in және Латвиядағы Rigensis банкі арқылы жүргізілген. JPMorgan Chase банкі Әблязов ақшасынан күдіктеніп, АҚШ-тың қаржы жүйесіне хабарлаған. Транзакция жайлы құжаттағы дерекке сәйкес, Әблязов Colligate компаниясын "алаяқтық келісімдер үшін қолданған".

Мұхтар Әблязов.

Ал Кипрдегі банк JPMorgan Chase банкіне берген жауабында "Мәскеудегі инвестициялық жылжымайтын мүлікті зерттеу үшін аударылды" деген.

FinCEN құжаттарынан анықталғандай, Әблязов 2008-2016 жылдары 27 банк арқылы 666 миллион доллар аударған. Оған қатысты 14 "Күдікті банк операцияларын хабарлау" формасы (SAR) толтырылған.

Азаттық ICIJ зерттеуіне қатысты Әблязовқа қайырылды, әзірге жауап болған жоқ. Оның адвокаты ICIJ өкілдеріне жауап бермеген.

ХРАПУНОВТАР ЖАЙЛЫ НЕ ЖАЗЫЛҒАН?

ICIJ зерттеуіне сай, Храпуновтар отбасы 2003-2017 жылдары 37 банк арқылы 88,9 миллион доллар аударған. Оларға қатысты 29 "Күдікті банк операцияларын хабарлау" формасы (SAR) формасы толтырылған.

Зерттеуде "2013-2015 жылдары Ілияс Храпунов басқаратын компания Bank of America және JPMorgan Chase банкіндегі есепшоты арқылы 20,5 миллион долларды осы банктердің АҚШ, Швейцария, Люксембург, Сейшель, БАӘ және Франциядағы серіктестеріне аударған. Ілияс Храпунов Делавэр штатында тіркелген компания арқылы Нью-Йорктегі кондоминиумді қаржыландырған" деп жазылған.

Зерттеуге сәйкес, JPMorgan Chase банкі компанияның транзакциясын "бизнестің нақты иесі анық емес" және "қаржының негізгі көзі белгісіз" деп форма толтырған.

Ілиястың әкесі Виктор Храпунов (оң жақта) Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан мемлекеттік награда алып тұр.

ICIJ зерттеуінен анықталғандай, Ілияс Храпунов Делавэр штатындағы компания арқылы Огайодағы молл құрлысына инвестиция үшін деп Феликс Сатердің (түрлі қылмыстық топтармен қатысы бар деп бірнеше рет күдікке ілінген бизнесмен) компаниясының Wells Fargo банкіндегі есепшотына 5,2 миллион доллар аударған.

Бұдан бөлек, Храпунов 2012 және 2013 жылы 335,522 долларды Сатердің American Express банкіндегі есепшотына жіберген. FinCEN құжаттарына сай, American Express бұл ақша аударымын күдікті деп санаған. Банк "Храпунов компаниясының Сатермен байланысы бары анықталмады" деп тапқан.

Ілияс Храпунов бұл қаржыға байланысты ICIJ зерттеу тобына "Жемқорлыққа малынған Нұрсұлтан Назарбаевтың (Қазақстанның экс-президенті) авторитарлық режимі Алматы қаласы мен БТА банкін құрал ретінде пайдаланып, Нью-Йорктегі және Калифорния соттарына Храпуновтар отбасына қарсы негізсіз шағым түсірді" деп жауап берген.

Ілияс Храпунов ICIJ зерттеуіне қатысты Азаттыққа берген комментариінде "жемқорлыққа малынған Қазақстанның режимі" "Храпуновтар отбасының үстінен АҚШ пен Швейцария сотына негізсіз және жалған шағымдар жазып арызданды" деді.

- АҚШ соты бұл жалған шағымдардың бәрін қанағаттандырмағанына қуаныштымыз. Швейцарияда да Қазақстан режимінің бізге таққан айыптарының бәрін алып тастады.Егер қайдан болса да, Қазақстандағыдай сенімсіз режимнен болсын ақша ұрлады деген шағым түссе, банктер процедураға сай кез келген транзакцияны (ол бұрын жасалған болса да) күдікті деп танитын тәжірибесі барын түсінемін. Кейін бұл жалған екені дәлелденді, - деді ол.

Ілияс Храпуновтың сөзінше, "ICIJ зерттеуінде нақты банк операциялары көрсетілмеген. Тек Нью-Йорк ісі бойынша ғана негізсіз дерек жазылған, кейін оны толық жоққа шығарған".

Ол "кейбір авторитарлық БАҚ жеңіл мәлімдемелерді көшірген, мұндайды Қазақстандағы жемқор режим өзінің саяси қарсыластарына қолданады" деді жауабында.

ӘБЛЯЗОВ ПЕН ХРАПУНОВТАР ЖАЙЛЫ ДЕРЕК

Қазақстан режимі экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовты әртүрлі қылмысқа, соның ішінде "тапсырыспен кісі өлтіруге" қатысы бар деп айыптап, өмір бойына бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарған. Әблязовты елге экстрадициялауға қанша талпынғанымен, нәтиже шығара алмаған Қазақстан билігі оны өзі басқарған БТА банкінен миллиардтаған қаржы жымқырды деп те айыптайды. Францияда тұрып жатқан ол "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын құрған. Әблязовтың айтуынша, ұйым саяси реформаларды көздейді. Әблязов күнделікті әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шығып, қазақстандық режимді сынап, азаматтарды үкіметке қарсы акциялар өткізуге үндейді. 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, оның қызметіне тыйым салған. Содан бері қозғалысты жақтаушылар қысым мен қудалауға ұшырайды. Еуропарламент 2019 жылы қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Әблязовтың есімі бұған дейін оффшор жайлы құжаттарда да аталған.

Ал Алматының бұрынғы әкімі, Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі, 70 жастағы Виктор Храпунов қазір Швейцарияда тұрып жатыр. Храпуновқа және оның жақындарына Қазақстан билігі сыбайлас жемқорлық айыптары бойынша іздеу жариялаған.

2018 жылы Қазақстан соты Виктор Храпуновты - 17 жылға, оның әйелі Лейла Храпунованы 14 жылға сырттай соттаған. Ерлі-зайыпты Храпуновтарға “қылмыстық топ құру", "алаяқтық", "пара алу" айыптары тағылған. Сот материалдары бойынша, олардың "қылмыстық әрекеттерінің кесірінен мемлекетке 250 миллион доллар көлемінде шығын келген".

Храпунов - БТА банкінің бұрынғы басшысы, 2009 жылдан бері шетелде жүрген Мұхтар Әблязовтің құдасы. Әблязовтің қызы экс-әкімнің ұлы Ілияс Храпуновқа тұрмысқа шыққан. Жақында Швейцария Ілияс Храпуновқа азаматтық беруден бас тартқан.

Мұхтар Әблязовтің қызы Мәдина Әблязова және оның күйеуі Ілияс Храпунов Әблязовтың экстрадициясына қатысты іс қаралған сот ғимаратының алдында тұр. Франция, 1 тамыз 2013 жыл

Мұхтар Әблязов та, Виктор Храпунов та өздерін Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа (президенттіктен кетсе де билікке әсер етіп отыр) қарсы шыққандықтан қудалап отыр деп біледі және өздеріне қозғалған істің "саяси астары бар" деп санайды.

Ілияс Храпунов, Виктор Храпунов пен Мұхтар Әблязовтың Қазақстаннан "ұрлаған" ақшасын жымқыруға байланысты әлемнің әртүрлі мемлекетінде қозғалған бірнеше қылмыстық істің қатысушысы саналады. Нью-Йорк соты қараған "Алматы қаласы Әблязовқа қарсы" деген істің аясында Ілияс Храпунов АҚШ-тағы жылжымайтын мүлікке байланысты миллиондаған доллар тұратын келісімшарттар туралы ақпаратты жасырды деп айыпталған. Бұл айыптауға жауабында ол "заңды түрде" отбасылық инвестицияны басқарғанын айтқан.