"Шаптырып тұрған полицей" және "2030 жылдың адамдары". "Адам құқықтары: көгілдір түстің 50 реңкі" көрме залында

Әсел Кенжетаева, The burning kelin

"Екіжүзді мемлекетте суретшілерге түпкі ойын жасырып, жұмбақ тілде сөйлеуге тура келетін кез көп" дейді "Адам құқықтары: көгілдір түстің 50 реңкі" деп аталатын жаңа көрменің мазмұнын бір сөйлемге сыйғызған өнертанушы Валерия Ибраева. Бұл көрме жақында алматылық Artmeken Gallery галереясында ашылды.

Artmeken Gallery – Алматының ескі орталығының қақ жүрегінде орналасқан екі шағын залдан тұратын галерея. Мұнда қаладағы ең ерекше көрмелер өтіп тұрады. "Адам құқықтары: көгілдір түстің 50 реңкі" көрмесі галерея мен "Сорос-Қазақстан" қоры бірлесіп жүзеге асырған төртінші жоба.

Тhe Burning Kelin циклымен салынған картиналарының қасында тұрған Әсел Кенжетаева. Сурет авторы Роман Егоров.

Бірінші залдың қабырғасына Әсел Кенжетаеваның Burning kelin циклынан алынған жеті картина ілінген. Өнерді бағалайтын кісі суретшінің қолтаңбасы мен оның туындыларындағы негізгі идеяны жазбай таниды. Суреттерден бір мезетте жабық әрі ашық киінген, еркін әрі жасқаншақ шығыс әйелінің бейнесінен дәстүрлі және заманауи көзқарастың бірлігі мен күресі байқалады.

Залдың ортасына Зоя Фалькованың "Қараусыз қалдырылған" деп аталатын керамикалық жұмысы қойылған. Бір қарағанда бұл бірден көзге түсе қоймайтын алқызыл ойық жақтаулары бар қызғылт түсті тақтайша болып көрінеді.

Зоя Фалькованың "Қараусыз қалдырылды" деген туындысы

Көрме жетекшісі Валерия Ибраева: "Асүйдегі ыдыс жуатын орын мен пештің үстіне жапсырылған, соққы тиіп, шытынаған кафель – сынуға, соққыға, ошақ басындағы күйбең тіршілікке, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа төзе алатын машина-әйелдің образын береді. Бұл скульптура тек әдемі дүниені сатып алуға дағдыланған буржуаз тап өкілдеріне таңдай қақтыра қоймас, бірақ оның қайталанбайтын, метафораға негізделген туынды екеніне күмән жоқ" деп сипаттайды.

Скульптура жанындағы телемонитор экранынан Евгений Танковтың "Ең көк күн" деп аталатын бес минуттық фильмі жүріп жатыр. Бұл көркемдік идеяда суретшінің астарлы тілі "апельсинді декриминализациялауға" арналған қалалық акцияға ұласқан. Акцияның негізі 2009 жылы жазда Қарағандыда қаланған. Бастама авторлары өздерін "Ессіз демократтар орденінің" штабы деп атайды. Олар Қарағанды көшелерінде апельсин таратқан, кейінірек акцияны басқалар да қолдаған.

"Штабтағылар" қазір акция дәстүрге айналғанын, апельсин тарату шарасы мамырдың соңғы жексенбісінде талтүсте басталатынын айтады. Қалада милицияның карнавал костюмдерін киген адамдар М әрпі түрінде сап түзеп жүреді. Бұл – "ментограмма". Әр адамның себетіне 23 апельсин салынған. Суретшілер осы арқылы 1923 жылға және Владимир Маяковскийдің "ең көк күн" туралы арманы қамтылған "Көктемгі сұрақ" өлеңін еске салады:

Мысалы:

Ең көк күнді таңдап,

Көшелерде

Күлімдеген милиция қызметкерлері

Бәріне

Осы күні апельсин таратса.

Елена және Виктор Воробьевтардың "Сәуегейлік" картинасы

Бұл жұмыстан сәл әріректе Елена және Виктор Воробьевтардың "Сәуегейлік" деген фотокартинасы тұр. Бұл – Семей қаласындағы алаңның 1998 жылы түсірілген суреті. Суретте өткен ғасырдың адамдары "2030 жылдың азаматтары “құқықтарымыз бен мүддемізді мемлекет қорғайды” деп сенетін болады" деген "болашақты болжайтын" жазуы бар билбордтың жанынан өтіп бара жатыр.

Суретшілер 1998 жылды "біртүрлі уақыт" ретінде еске алады: "Ауада бос кеңістіктің лебі есіп тұрды. Ұсақ сауда, кең қолданыстағы тауарларды сатумен айналысатын кәсіпкерлердің қарбалас тірлігі, кедейлік және шексіз еркіндікпен бірге алмағайып заман келді. Шексіз еркіндік дейтінім, бұл өткеннің қарт идеологтары жолда қалып, жаңа авторитар-олигарх жүйе әлі күшіне міне қоймаған шақ еді".

"Плакатта" жазылған болашаққа дейін он жыл қалды. 1990 жылдардың соңындағы идеологтардың ұраны шындыққа айнала ма?

Галереяның екінші залындағы суретшілердің жұмыстары көрмеге келушілерді "қазіргі жарқын өмірге" қайтарады. Залдың ортасындағы ауыр, ойылып жасалған ақ фигура бірден көзге түседі. Бұл – Мұрат Ділманов жасаған "Дәрет сындырып тұрған полицей" мүсіні. Белгілі суретші-карикатурист мүсінді екі жарым ай бойы қолдан ойып жасаған.

Мұрат Ділмановтың "Шаптырып тұрған полицей" түындысы

Автор туындысын "шынайы субұрқаққа" айналдыруды армандайды. "Бұл субұрқақты қайда қоюға болатынын да білемін. Субұрқақ Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының артына (азаматтарға биліктің рұқсатымен митингілер өткізуге рұқсат берілген жер. – Ред.) қойылуы керек. Мүсіннің үстіне кез келген нәрсе жазуға не сурет салуға болады. Айына бір рет мүсін қайтадан ақ түске боялып, жаңартылады. Осылай Алматыдағы аңызға айналған жерге келген адамдар не туралы ойлайтынын білуге болады. Бұл - интерактивті фонтан", — деп күледі карикатурист.

Роман Захаровтың "Романмен бірге шала кәріс тілі" туындылары. Фото авторы - Роман Егоров

Бір қабырғаға толық Роман Захаровтың "Романмен бірге шала кәріс тілі" циклының картиналары ілінген. Бұл суреттер корей тілін үйрету сабақтары түрінде көрінгенімен, шын мәнінде Қазақстанның қазіргі жағдайынан сыр шертеді. Жас суретші күнделікті өмірдегі құбылыстарды үш тілге — орыс, қазақ және корей тілдеріне аударады. Мұндай құбылыстардың қатарында митингіге шыққан наразыларды ұстау, түрмедегі көрініс пен полицияның озбырлығы да бар.

Романның картиналарын сатып алуға болады. Өзінің айтуынша, картиналардың сатылымынан түскен қаржының бәрі саяси тұтқындарға көмекке аударылады.

Саид Атабековтың суреті

Саид Атабековтың коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантин туралы фотоциклы – көп адам "бір жылдан кейін архивке айналады, ал тұрғындар қала дезинфекциясын қиял-ғажайып дүние сияқты еске алады” деп үміттенетін қазіргі кезеңнің жаңа топтамасы саналады.

Көрмеде Тамина Оспанованың "Шындықтан қаша алмайсың!" деген фотосуреті ерекше орын алады. 2019 жылы Алматыдағы марафон кезінде осындай жазуы бар плакат ілгені үшін оны істеген адамдарға айып салынып, қамауға алынған.

Тамина Оспанованың "Шындықтан қаша алмайсың" картинасы

Көрме жетекшісі Валерия Ибраева бұл жұмыс туралы Азаттыққа берген сұхбатында былай деген: "Бұл жерде шараның өзі емес, Тамина Оспанова түсірген фото өнер туындысы саналады. Суретте марафонға қатысушылар Алматының кең көшесінде жол жиегіне жайылған плакаттың жанында жүгіріп бара жатыр. Сол жерде жоғары жаққа бастайтын бір жол бар, бірақ ол жолмен жүгірген ешкім байқалмайды. Демек, марафонға қатысушылардың алдында екі жол болған: бірін – марафон ұйымдастырушылары дайындаған, екіншісі – балама жол. Сондықтан "Шындықтан қаша алмайсың" деген жазу ерекше әсер қалдырады".

Ибраеваның сөзінше, осы суреттен кейін елде "көше белсенділігі" күрт өскен. "Әрине, жастарды ұстап, соттап, айыппұл салып, 15 тәулікке қамады. Олардың қатарында алаңға тәжірибе үшін бос плакатпен шыққан жігіт те, жол үстіндегі көпірге конституциядан цитата ілген суретші Роман Захаров та болды", – дейді көрме жетекшісі.

Роман Захаровтың көшедегі шарасы. Автор - Айгүл Нұрболатова.

Көрмеде Роман Захаровтың Конституциядан алынған дәйексөзді ілген суреті бар. Оны фотосуретші Айгүл Нұрболатова түсірген.

Журналист Светлана Глушкова түсірген "Қалалық пейзаж" суретінен қазір Қазақстанның жарқыраған астанасында ізі де қалмаған шағын үйді көруге болады. Үй иесі баспанасын сүрілуден сақтап қалу үшін оның сыртына Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми суреттерін жапсырып тастаған. Бірақ бұл "тұмар" нәтиже бермеген. Үй сүрілген. Басқа амалы қалмаған батыр әйелдің тапқырлығы енді тек суретте ғана қалады.

Көрменің соңғы экспонаты — кезекті видео. Бұл жолы көңілді әрі философиялық емес. Зоя Фалькова азаматтық белсенді Әсия Төлесованың ісі бойынша жүрген сот отырысынан жазылған видеоларды біріктіріп шыққан. 2019 жылы сәуірде "Шындықтан қаша алмайсың!" шарасы үшін белсенді Бейбарыс Толымбековпен бірге Әсия Төлесова да жауапқа тартылған. Биыл тамызда Төлесова бір жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Фалькованың "Ерте ерте ертеде, басқа ғаламшарда" деген жұмысы дәл осы сотты сипаттайды.

"Адам құқықтары: көгілдір түстің 50 реңкі" көрмесі 21 қазанға дейін жалғасады. Неге көгілдір? Оны көрмеге барып, біліңіз.