Туыстары Қытайда қалған бірнеше адам 29 қыркүйекте Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігіне барып, қабылдауына жазылмақ болды. Алайда оларды ешкім қабылдамады. Елшілікке келген бес адамның бірі Қарақат Әбдеш Азаттық тілшісіне Қытайда қалған туыстарының жағдайына алаңдап, олар туралы ақпарат сұрап келгенін айтты.
– Қытайда күйеуім мен қайын атам, жолдасымның екі інісі қалған. Олардың өлі-тірісі белгісіз. Қайда отырғанын білгім келеді. Оларды босатуды сұраймын, – деді Қарақат Әбдеш.
Оның сөзіне қарағанда 2018 жылы желтоқсан айында Қытай соты "төбелес ұйымдастырды" деген айыппен төрт туысын – 11,5 жыл, 11 жыл, 7 жыл және 3 жылға соттаған.
– Қытай полициясы оларды "топтасып қылмыс жасады" деп айыптады. Бірақ ешқандай қылмыс та, топ та болған жоқ. Мүлдем. Олар айғақ таппағаннан кейін бізге – әйелдеріне қару-жарақпен келіп, зорлықпен қол қойғызды. Зардап шеккен адам жоқ. Зардап шеккен ұйым жоқ. Мал-мүлік ештеңе бүлінбеген. Соттан кейін оларды алыс жаққа алып кетті деп естігенмін. Қазір мүлде хабарсыз қалдым. Олардың өлі-тірісі белгісіз, – дейді ол.
Туыстары сотталғандықтан өзі де екі ай сол жақта үйқамақта болғанын айтады. Қазақстанға 2019 жылы қаңтар айында келген.
Елшілікке Қарақат Әбдешпен қатар Гүлнұр Қосдәулетқызы, Фарида Қабылбек, Алтынай Арасан, Зеңіс Дарқан да келген. Аты аталған үш әйелдің күйеулері Қытайда лагерьде отырып шыққан. Оларды лагерьден босатқанмен бері қарай жібермей отыр дейді әйелдер. Ал Зеңіс Дарқан Қытайда қалған әйелі мен ұлының жағдайын біле алмай отыр.
Қарақат Әбдештің айтуынша, елшілік ашық болғанмен ондағы қызметкерлер қабылдауға келгендерге телефон нөмірін беріп, "соған хабарласу" қажеттігін айтқан. Алайда "берген нөмірлері істемейді" дейді Әбдеш.
Елшілікке келгендер бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігіне, президент әкімшілігіне хат жазып, көмек сұрағанын айтады. Алайда жауап түспеген.
Сейсенбі күні елшілік маңында Есіл аудандық әкімдігінің өкілі де жүрді. Ол Азаттыққа тілшісіне "бұл шағымданып келген адамдардың бәрін танимын, ішке кіріп ескерттік, елшілік өкілдерінің қандай шешім қабылдайтынын білмейміз" деді. Елшілік қызметкерлері Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген жоқ.
Қытайдың Қазақстандағы елшілігі мен консулдығы (Алматы) алдында бұған дейін де адамдар жиналып, Қытайда қалған туыстары жайлы ақпарат сұраған. Алайда көп жағдайда олар елшіліктен ақпарат ала алмай қайтады.
Шыңжаң аймағында ұйғыр, қазақ, қырғыз, тәжік және өзге де мұсылман топтарды лагерьге қамап, халықаралық қауымдастық тарабынан өткір сынға ұшыраған Пекин соңғы уақытта ұсталғандардың басым бөлігі бостандыққа шықты деп мәлімдегенмен тәуелсіз зерттеу топтары лагерь ауқымының кеңейгенін айтып, қарама-қайшы ақпарат таратқан. Қытайда туыстары қамалған немесе сонда қалған азаматтар шағымы да азайған жоқ.
Оқи отырыңыз: Қытай Шыңжаңда лагерьлерді көбейтіп жатыр. Өлкеде 380 "орталық" бар
Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман лагерьге қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атаған. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер лагерьлерде азаптау, қысым жасау, зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түрде жұмыс істету сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері барын айтады.
Бұған дейін лагерьлерде отырып шыққан қазақтар Қазақстанға оралған соң Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректерімен бөліскен. Олардың айтқандары әлемдік БАҚ беттерінде де жарияланды. Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын жиі сынайды. Ал Қытайға экономикалық жағынан тәуелді Қазақстан билігі Пекинің бұл саясаты жайлы ашық айта бермейді.