Туыстары Қытайда қалған бірнеше адамның Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігінің қабылдауына кіре алмай жүргеніне үш күн болды. Олар бейсенбі күні де елшілік алдына келіп, қабылдауға жазылуға тырысты. Алайда бұл жолы да оларды елшілікке кіргізбеді.
Алматы тұрғыны Гүлнұр Қосдәулетқызының сөзіне қарағанда Қытай билігі 2017 жылы қараша айында күйеуін саяси лагерьге қамап, екі жылдан соң босатқан. Күйеуінің ықтиярхаты барын айтқан Қосдәулетқызы енді оны Қазақстанға қарай өткізбей жатыр деп шағымданды.
- Жолдасымды себептен-себепсіз - "телефоныңда WhatsApp бар" деген сылтаумен екі жыл лагерьге жатқызды. Лагерьден шыққан соң да отбасына жібермей отыр. Оның төсек тартып жатқан қартайған әке-шешесі бар. Отбасын екіге бөлген Қытай қандай саясат жүргізіп отыр? Оның отбасын бөлетіндей не қақысы бар? Ал енді осыны айтайық деп келсек, мыналар (елшілік - ред.) есікті тарс жауып алып кіргізбейді. Таңертеңнен қас қарайғанша осында жүрміз. Тозып кеттік. Неге бізді осылай қорлап отыр? Неге бізді сонша қинайды? - деп Гүлнұр Қосдәулетқызы ашынды.
Қытайда қалған төрт туысының жағдайын біле алмай жүрген Қарақат Әбдеш егер елшілік жауап бермесе, ақырғы амалға баруға дайын екенін де айтады.
- Осы жерге келіп жүргенімізге үш күн болды. Ешкім бізді қабылдаған жоқ. Бірақ бәрібір келе береміз. Болмаса осы жерде жанымызды құрбан етеміз, - деді ол.
Мұнда Гүлнұр Қосдәулетқызы мен Қарақат Әбдешпен қатар Қытайдағы туыстарынан хабар ала алмай отырған Фарида Қабылбек, Алтынай Арасан және Зеңіс Дарқан да болды.
Елшілік өкілдері ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап бермеді.
Бір күн бұрын елшілік алдында Қытай экспансиясына қарсы шеру болатыны жайлы хабар тараған еді. Бейсенбі күні елшілік алдында ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция, әкімдік қызметкерлері жүрді. Елшілікке күн сайын келіп жүргендер ол шараға қатысы жоғын айтты. Олар ақпарат құралдарына сұхбат берген кезде азаматтық киім киген бір адам шағымданушыларды камераға түсіріп тұрды.
Бұл бес адам алғаш рет 29 қыркүйекте елшіліктің қабылдауына жазылуға келген еді. (Олардың төртеуі астанаға Алматыдан барған). Алайда елшілік оларға бір телефон нөмірін беріп, соған хабарласуларын сұраған. Ол телефонға ешкім жауап бермеген.
Қытайдың Қазақстандағы елшілігі мен консулдығы (Алматы) алдында бұған дейін де адамдар жиналып, Қытайда қалған туыстары жайлы ақпарат сұраған. Алайда көп жағдайда олар елшіліктен ақпарат ала алмай қайтады.
Шыңжаң аймағында ұйғыр, қазақ, қырғыз, тәжік және өзге де мұсылман топтарды лагерьге қамап, халықаралық қауымдастық тарабынан өткір сынға ұшыраған Пекин соңғы уақытта ұсталғандардың басым бөлігі бостандыққа шықты деп мәлімдегенмен тәуелсіз зерттеу топтары лагерь ауқымының кеңейгенін айтып, қарама-қайшы ақпарат таратқан. Қытайда туыстары қамалған немесе сонда қалған азаматтар шағымы да азайған жоқ.
Оқи отырыңыз: Қытай Шыңжаңда лагерьлерді көбейтіп жатыр. Өлкеде 380 "орталық" бар
Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман лагерьге қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атаған. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер лагерьлерде азаптау, қысым жасау, зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түрде жұмыс істету сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері барын айтады.
Бұған дейін лагерьлерде отырып шыққан қазақтар Қазақстанға оралған соң Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректерімен бөліскен. Олардың айтқандары әлемдік БАҚ беттерінде де жарияланды. Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын жиі сынайды. Ал Қытайға экономикалық жағынан тәуелді Қазақстан билігі Пекинің бұл саясаты жайлы ашық айта бермейді.