Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында бес жасар баланы зорлады деп күдікке ілінген 62 жастағы ер адам 6 қазанда тергеу изоляторынан өлі күйінде табылды. Бұл ақпаратты аймақтың қылмыстық-атқару жүйесі департаменті растады.
- Жедел жәрдем бригадасы адам өлімі болғанын растады. Әзірге толық емес ақпарат бойынша күдікті суицид жасаған болуы мүмкін. Тексеру кезінде мәйіттен дене жарақаты табылған жоқ. Факт сотқа дейінгі тергеу амалдарының бірыңғай реестрінде тіркелді. [Тергеу изоляторына] Қарағанды полициясы басқармасының тергеу тобы келді. Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметтік тексеріс тағайындады, - деді Қарағанды облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне.
24 шілдеге қараған түні Сәтбаевта жүздеген азамат көшеге шығып, "пәтерінде 5 жасар баланы зорламақ болған" ер адамды қолға тапсыруды талап еткен еді. Тұрғындар "кішкентай қызды ұстап отырған" күдіктінің пәтерінің айналасына жиналып, бірнеше жігіт терезені шағып, ішке енбек болған. Жиналғандар оқиға орнына келген полицейден күдіктіні қолға тапсыруды талап еткен. Кейінірек күштік құрылымдар күдіктіге полицей формасын кигізіп, үйден алып шыққанын айтқан.
Оқи отырыңыз: "Апа, үйге қайтқаныңыз жөн". Сәтбаевта болған оқиға жайлы билік пен куәгерлердің пікірі
Ондаған адам полиция ғимаратына қарай жылжып, қызметтік көліктерді шаққан, автобусты өртеген. Тек таңға қарай билік қаладағы жағдайды бақылауға алған.
Кейінірек осы оқиға бойынша бірнеше адамның ұсталып, қамалғаны белгілі болды. Полиция ақпаратынша, олар бұзақылық жасаған. Тергеу амалдарының аяқталғаны хабарланбады.
Ал "бала зорлады" деп күдікке ілінген ер адам 26 шілдеде қамауға алынған. Полиция оның әрекеті "адам ұрлау" және "бала зорлау" бабы бойынша қарастырылатынын айтқан. Кішкентай қызды ауруханада тексергеннен кейін ата-анасына тапсырған. Олар қызын табуға көмектескен еріктілерге алғыс айтып, интернет қолданушыларды қызының суретін желіде тарата бермеуге және оқиғаны қайта-қайта талқылай бермеуге шақырған.
Сәтбаевтағы оқиғадан кейін қоғамда педофилдерге жазаны күшейту қажеттігі айтылды.