Қазақстан билігі оппозиция жетекшісі Мұхтар Әблязовты "ақша жымқырды" деп айыптап, француз сотына шағым түсірді. Бұл ақпаратты Әблязовтың адвокатының сөзіне сүйенген AFP агенттігі хабарлады.
Жерар Чолокиянның хабарлауынша, жақында ғана Франциядан саяси баспана алған Әблязов “ақша жымқырды” және “сенімді ақтамады” деп айыпталып отыр. Бірнеше күн қамауда болған Әблязов сот рұқсатымен қамаудан шығарылған.
“Париж прокуратурасына Қазақстаннан шағым келіп түскен, оны қабылдаудан бас тартуына да болушы еді, [бірақ олар]ақымақтық жасап, оны француздың тергеу сотына тапсырған” деді адвокат AFP агенттігіне.
Әблязовтың өзі бірнеше сағат бұрын Facebook-тағы парақшасында дүйсенбі күні өзін Парижде ұстап әкеткенін, екі күн қамауда отырып шыққанын жазды.
"Сол баяғы Қазақстан билігінің ісі. Сол үшін екі күн түрмеде отыруыма да тура келді. Үш күн бойы күрестім. Енді бір жақсы жаңалығым бар. Мен қайта бостандыққа шықтым. Ертең (8 қазан - ред.) тікелей эфирге шығып, бәрін айтып беремін" деп жазды Әблязов.
Қазақстан билігінің сыншысы, шетелде тұрып жатқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақында ғана Франциядан саяси баспана алған еді. Француздың Le Monde басылымының жазуынша, сот Әблязов ісінің "саяси астары" барын, "Қазақстанда саяси қарсыластарды қылмыстық қудалау жиі болатынын", "Қазақстан билігінің сот жүйесіне әсер етпек болғанын" анықтаған.
Қазақстан көп жылдан бері Әблязовты елге экстрадициялауға күш салып келеді. 2011 жылы Әблязов Ұлыбританиядан саяси баспана алған. Кейін Қазақстанда Әблязовқа қарсы сот басталған тұста, 2014 жылы Ұлыбритания одан саяси босқын мәртебесін қайтарып алған.
2016 жылы Франция соты Қазақстан билігі Әблязовты саяси себеппен қудалады деп танып, оны экстрадициялау туралы өтінішті қанағаттандырмаған.
Он шақты жылдан бері шетелде тұрып жатқан ВТА банктің экс-басшысы Әблязовқа "5 миллиард долларды ұрлады" деп Қазақстан, Ресей және Украина іздеу жариялаған.
2018 жылы қарашада Қазақстан соты Әблязовты "2004 жылы Тұран Әлем банктің басшысы Ержан Тәтішевті өлтірді" деген айыппен сырттай өмір бойына соттаған.
2017 жылы Қазақстан Әблязовты ақша жымқырды, қылмыстық топ құрды деген айыппен тағы 20 жылға соттаған.
Әблязов бұл айыптардың барлығының "саяси астары бар" деп мойындамайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Оппозициялық саясаткер, экс-банкир Әблязовтың Франциядан саяси баспана алғаны хабарланды