Дүйсенбі күні кешкісін судья Эми Коней Баррет АҚШ жоғарғы сотының жаңа мүшесі ретінде ант берді. Ақ үйде өткен рәсімнен бірнеше сағат бұрын сенат тыңдауында оның кандидатурасы мақұлданған еді.
Ант беру рәсімінде сөйлеген президент Дональд Трамп "бүгін Америка үшін, Конституция мен заң үстемдігі үшін маңызды күн" деп мәлімдеді.
Баррет кандидатурасына 52 сенатор қолдап дауыс берген, 48-і қарсы болған. Сенатор-демократтардың барлығы және республикашыл сенатор Сюзан Коллинс қарсы дауыс берген. Жоғарғы сотқа мүше ретінде ұсынылған кандидатты бір жарым ғасыр ішінде алғаш рет сенаттағы азшылық саналатын партия өкілдері қолдамай отыр.
Президент сайлауына бірнеше апта қалғанда Дональд Трамптың 48 жастағы Эми Коней кандидатурасын жоғарғы сот мүшесіне ұсынуын демократтар өткір сынаған. Олардың пікірінше, жоғарғы соттың жаңа мүшесін алдағы уақытта сайланатын президент тағайындауы тиіс. Ал республикашылдар заңға сәйкес әрекет етіп отырғанын айтып, сынды қабылдамаған.
Судья Баррет жоғарғы соттағы консервативтік көзқарастағы судьялар санын (9 судьяның алтауы) толықтырып отыр. Бұл әйелдердің аборт жасау құқығы, медициналық сақтандыру саласындағы реформа сияқты ең маңызды мәселелер бойынша шығарылатын сот шешімдеріне әсер етуі ықтимал деген қауіп бар. 3 қарашада өтетін президент сайлауынан кейін де соттар сайлауға байланысты шағымдарды қарауы мүмкін.
Сенаттың заң комитетінің жетекшісі Линдси Грэм сенаттың "тарихи шешім" қабылдағанын атап өткен. Ал сенатор-демократ Элизабет Уоррен сенаттағы дауыс беруді "заңсыз" деп атап, оны "түңілген партияның соңғы демі" деп атаған.
Консервативтік көзқарастағы судьяларды тағайындау - Дональд Трамптың сайлау алдында берген уәделерінің бірі болған. Эми Коней Баррет - Дональд Трамп тағайындаған жоғарғы соттың үшінші мүшесі. Республикашылдар сайлауға бір апта қалғанда консерватор судьяны бекіту консервативтік электораттың қолдауына ие болуға мүмкіндік береді деп үміттенеді.