АҚШ-та бірнеше сенатор "Қытай Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарға геноцид жасап жатыр" деп жариялайтын резолюция таныстырды.
Сенатор Джефф Меркли (Орегон штатынан сайланған демократ) 27 қазандағы пресс-релизде бұл резолюция Қытайдың БҰҰ-ның 1948 жылғы Конвенциясына сай жауапқа тартуды қарастыратынын мәлімдеді.
"Қытайдың ұйғырлар мен басқа да мұсылмандарды аңдып, түрмеге қамап, азаптап, қайта тәрбиелеу лагеріне жіберуі – таза геноцид. Америка үнсіз отырмайды" деді Меркли.
Your browser doesn’t support HTML5
Резолюцияны Мерклимен бірге Джон Корнин (Техас штатынан республикашыл), Роберт Менендес (Нью-Джерсиден демократ), Джеймс Риш (Айдаходан республикашыл), Марко Рубио (Флоридадан республикашыл) және Бен Кардин (Мэрилендтен демократ) ұсынды.
Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін геноцид деп тану туралы резолюция АҚШ сенатында жақында талқылануы екіталай. Сенат 3 қарашаға белгіленген президент сайлауына дейін жиын өткізбейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұйғырларға қарсы соғыс", жаңа дәуірдегі колониализм және Шыңжаңдағы "мәдени геноцид"Резолюция мәтінінде Қытайдың ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарға жасап жатқан қысымы "геноцидпен тең" деп жазылған.
Корнин мәлімдемеде Қытай билігі ұзақ уақыттан бері "ұйғырлар мен басқа да мұсылмандарға жиіркеншті геноцид науқанын жасап жатқанын" айтқан.
Ол "резолюция бұл қылмысқа лайықты бағасын береді және Қытайды адам шошырлық әрекеті үшін жауапқа тартудың алғашқы қадамы болмақ" деді.
АҚШ бастаған батыс елдері және адам құқығын қорғау ұйымдары Пекин 2017 жылдан бастап Шыңжаңда бір миллионнан астам мұсылманды лагерьге және түрмеге қамап, азаптап, өз тілі мен дінінен бас тартуға мәжбүрлеп жатыр деп санайды.
Қытай бұл Шыңжаңдағы орталықтарды терроризм мен экстремизммен күрес үшін ашылған "қайта тәрбиелеу және кәсіп меңгеру орындары" деп атайды. Пекин 2014-2019 жылдары мұндай орталықта 7,7 миллиондай адам "кәсіп меңгеріп" шыққанын, қазір орталықта ешкім қалмағанын мәлімдеген.
Бірақ Австралия стратегиялық саясат институтының (ASPI) 24 қыркүйекте жариялаған зерттеуінде Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарды ұстайтын лагерьлері 40 пайызға артқаны айтылады.
Биыл шілдеде АҚШ Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға қатысы бар деп Қытайдың Коммунистік партиясының қазіргі және бұрынғы өкілдеріне санкция салған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шыңжаңдағы лагерьлер қандай? 3D көріністерді ұсынамызАҚШ-тың қаржы министрі Стивен Мнучин Американың "барлық қаржылық мүмкіндігін" пайдаланып, Шыңжаңдағы адам құқығын бұзғандарды жауапқа тартатынын айтқан.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 27 қазанда Үндістанға барған сапарында The Print сайтына "Қытайдың қазіргі әрекеті 1930 жылдары Германияда болған жайттарды еске салады" деді.
Демократтар атынан президент сайлауына түсіп жатқан Джо Байден Қытайдың әрекеттерін геноцид деп атап, президент болса Трамп әкімшілігінен де қатаң шара қолдануға уәде берген.
Холокост оқиғасынан кейін қабылданған БҰҰ-ның геноцид конвенциясы мемлекеттерге белгілі бір ұлтты жоюға бағытталған әрекеттерге тыйым салады.
Конвенцияда белгілі бір ұлттың салт-дәстүрін, дінін, тілін жою үшін адамдарды өлтіру, бала тууды шектеу геноцид ретінде қарастырылған.
Қытай бойынша халықаралық сарапшы Адриан Зенц 29 маусымда жариялаған зерттеуінде Қытай мұсылмандардың санын азайту үшін әйелдерді күштеп стерилизация жасап жатқанын мәлімдеп, мұны "демокрафиялық геноцид" деп атаған.
Батыс елдері Қытайдан Шыңжаңға тәуелсіз сарапшыларды кіргізуді талап етеді. Пекин Шыңжаңға БҰҰ мен Батыс елдерінің ресми өкілдерін кіргізбей отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Демографиялық геноцид". Пекинді ұйғыр мен қазақтың бала тууын шектеді деп айыптады