Түркістан облысы Жаңаауыл ауылының тұрғыны Мейірбек Өтеганов бес баланы жалғыз бағып отыр. Қазақстанда туғанымен туу туралы куәлігі жоқ балаларға мемлекет жәрдемақы төлемейді. Тұрақты жұмысы жоқ азамат балалардың әкесі екенін дәлелдей алмаса, билік оларды балалар үйіне өткізуі мүмкін.
ЕСКІ ҮЙДЕГІ АЛТЫ ЖАННЫҢ ЖАРЫМҚҰРСАҚ ТІРЛІГІ
Мейірбек Өтеганов Қазақстанның оңтүстігіндегі халық тығыз қоныстанған, жұмыссыздық деңгейі жоғары Түркістан облысында тұрады. Тұрақты жұмысы жоқ 36 жастағы азамат кәмелетке толмаған төрт ұл, бір қызымен бірге Жетісай ауданындағы Жаңаауыл елдімекенінің шетіндегі іргетасы мүжілген, шатыры шұрқ-тесік ескі үйде жарымқұрсақ тірлік кешіп жатыр. Үлкен ұлы – 10 жасар, кенжесі екі жаста. Балалардың анасы – Өзбекстан азаматы Жұлдыз Бекманова екі жыл бұрын еліне "паспорт жасатуға" кетіп, содан әлі қайтпаған.
Тозығы жеткен сыртқы есіктен үйге кірген адам топырақтың үстіне жыртық линолеум төселген, ескі-құсқы аяқ киім жатқан ауызүйге тап болады. Кірлеп, шаң басқан қабырғада сырты күйеден әбден қарайған екі-үш таба, кәкпір ілулі тұр. Ыдыс-аяқ салынған жалғыз шкафтың есігінің орнына жіп тартып, мата іліп қойыпты. Бір шетте газ плитасы тұрғанына қарағанда асты осында әзірлейтінге ұқсайды.
Your browser doesn’t support HTML5
Келесі бөлмеге өткен Азаттық тілшісі айналасына көнетоз құрақ көрпеше төселген жер үстелді көрді. Бір бұрышта теледидар тұр, көмір жағып үйді жылытатын пеш те осы бөлмеде орналасқан. Шағын төрт бөлмелі ескі үйдің сыртымен бірге ішкі қабырғалары да үгітіліп жатыр. Төргі бөлмелердің біріне жиналған көрпе-жастықтың үстінен үш баланың ескіре бастаған мектепке ұстайтын сөмкесі көзге шалынды. Үйдің әбден тозған еден тақтайының арасы кетік адамның тісіндей ырсиып ашылып кеткен. Қай заманда салынғаны белгісіз ескі үй түртіп қалса құлайтындай әсер қалдырады.
Балалар жер үстелді жағалай жайғасқан соң таңғы астың қамымен жүрген Мейірбек туралған нан мен түнде қуырылған балықты ыдысқа салып, дастарханға қойды. Ыстық шай демдеп, өрік тосабын салды.
– Берік (баланың аты-жөні өзгертілді) балықтың қылтанын жеп қоймасын, қараңдар, – деді ол балалардың үлкені Қанатқа (бұл баланың да аты-жөні өзгертілді) кенже ұлды тапсырып. Қанат балықтың қылтанын алып тастап, етін әуелі інісіне беріп, кейін өзі жей бастады.
"ТУУ ТУРАЛЫ КУӘЛІКСІЗ ЖӘРДЕМАҚЫ ТӨЛЕМЕЙДІ"
Мейірбек Өтеганов Қазақстанда дүниеге келген бес баласында туу туралы куәлігі жоқ болғандықтан мемлекеттен жәрдемақы берілмейтінін айтып шағынды. Өзінің тұрақты жұмысы жоқ, кісіге жалданып, кез келген уақытша жұмысты істеп тапқан азын-аулақ табысқа отбасындағы алты жан ілдебайлап өмір сүріп жатқанын айтады. Жүруінен тұруы көп ескі мотоциклімен жұмысқа кеткенде үйде жалғыз қалған жас балаларына алаңдайды. Сөзіне қарағанда, коронавирус індеті тараған биылғы көктем мен жазда жұмыссыз қалып, қатты қиналған.
– Карантин кезінде жұмыс та азайды. Тапқаным балалардың тамағынан артылмайды. Жоқшылықтан банктен алған 335 мың теңге несиемді де жаба алмай отырмын. Туу туралы куәлік алудың жолын білетін заңгер жалдауға да ақшам жоқ. Бізге ең керегі осы – туу туралы куәлік. Басқасы шешіле береді ғой. Туу туралы куәлік болмаған соң балаларымның мектепке қабылдануы да қиын болды, – дейді Мейірбек.
Мейірбек Өтеганов ауыл мектебін бітірген соң еш жерде оқымаған, біраз уақыт әр жерде құрылыста жұмыс істепті. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Өзбекстан азаматы Жұлдыз Бекмановамен көңіл жарастырып, "екі жарты – бір бүтін" болуды ұйғарған. Мейірбектің айтуынша, Жұлдыздың паспорты болмағандықтан екеуі некеге ресми түрде отырмаған. "Мешітте молда некемізді қиды" дейді ол.
Екеуінен өмірге бес бала келген. Төртеуі – Жетісай аудандық перзентханасында, біреуі – Алматы қаласында туған. Жұлдыздың жеке басын куәландыратын құжаты болмағандықтан балаларға туу туралы куәлік берілмеген. Тек перзентхана архивінде балалардың туғаны туралы анықтама сақталған. Онда балалардың бәрі анасының тегіне Бекманов болып жазылған.
– Үлкен балаларым мектепке барғанда туу туралы куәлігі болмай қиналдық. Бару керек деген жердің бәріне бардық. Анасының паспорты жоқ болған соң кері қайтара берді. Анасы болмаса туу туралы куәлікті ала алмайсың дейді маған. Әкесі екенім рас, неге ала алмаймын деп мен отырмын. Шынымды айтсам, қажыдым, – дейді Мейірбек Өтеганов.
Ол Жұлдыздың 2018 жылы күзде "паспортымды әкелемін" деп төркініне – Өзбекстанға кеткенін айтады. Сол кезде омыраудан да шығармай қалдырып кеткен кенже ұлдың жасы қазір екіден асқан.
БАЛАЛАРДЫҢ АНАСЫНЫҢ СӨЗІ
Жұлдыз Бекманова кейінгі екі жылдан бері Өзбекстанның Қарақалпақстан автономиялық республикасының Беруни ауданындағы анасының үйінде тұрып жатыр. Қыркүйектің соңына қарай Азаттық тілшісі телефонмен сөйлескен әйел былтыр Өзбекстан паспортын алғанын айтты.
– Қазір тұмауратып жүрмін. Ауру анама қарайтын да адам жоқ. Карантин бітсін, сосын барып, балаларымның туу туралы куәлігін дайындаймын, бірақ Мейірбекпен тұрмаймын, – деді Жұлдыз Бекманова.
Жұлдыз соңғы рет балаларымен биыл тамыз айында видеобайланыс арқылы сөйлескенін, олардың өзіне өкпелі екенін де айтып берді.
– Бәрін әкесі үйретіп отыр. Үйден кеткенім болмаса балаларымнан бас тартқан жоқпын. Қазір олардың туу туралы куәлігін алуға да, оларды алып кетуге де шамам жоқ. Алғанда да қайда апарамын? Өзім анамның үйінде отырмын, – деді ол.
Жұлдыз Бекманованың "балаларды маған әкесі қарсы қойып жүр" деген сөзімен Мейірбек Өтеганов келіспейді. "Бала керек болса екі жылдан асты, қайда жүр?" дейді ашуланып.
"ЖЕТІМ ҚОЗЫМЫН"
Мейірбектің анасы Мүшар Изамқұлова да осы Жаңаауылда тұрады. Қарт әйел анда-санда ұлының үйіне келіп, балаларға қарайласады. Екеуінің журналистпен әңгімесі анасы туралы екенін үйге кіріп-шығып тыңдап жүрген балалар үлкендерге жалтақ-жалтақ қарайды. Олардың бірі Арман (баланың аты-жөні өзгертілді) "анам бізді тастап кетті ғой, қайтып келмеді ғой" деді жүзін төмен салып. Балалардың көңілі түскенін көрген әжесі оларды алдандырмақ болып кенже ұлға:
– Кімнің баласысың? – деп сұрақ қойды.
– Мен жетім қозымын, – деді ұл Мейірбекке қарап.
– Кімнің қозысысың? – деді баланы бауырына тартқан әкесі.
– Мейірдің жетім қозысымын, – деген бала Мейірбекті мойнынан құшақтап, иығына басын сүйеді.
СЫНЫҚ СМАРТФОН, ЖАРТЫКЕШ ОҚУ
Мейірбек Өтегановтың екі ұлы мен қызы қазір Бестөбе ауылындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №52 мектептің бастауыш сыныбында оқып жүр. Мақтаарал ауданына қарайтын Бестөбе Жаңаауылмен көрші тұр.
Әкесінің айтуынша, биыл 1-сыныпқа барған қызы бір күн мектепте, бір күн қашықтан білім алады. Ал 2-ші және 3-сыныпта оқитын екі ұлы қашықтан оқиды. Үйдегі экраны сынық жалғыз смартфонды Мейірбек ұстайды. Оның өзі дұрыс істемейді – қашықтан берілетін сабақтың бірін ашса, екіншісін аша алмайды екен. Әкесі смартфонын алып жұмысқа кеткен кезде балалар сабақ оқи алмай қалады. Ондайда екі ұл кезекпен сыныптас балалардың үйіне барып, солармен бірге сабақ оқиды дейді Мейірбек.
№52 мектептің директоры Жанат Айнабекова Азаттыққа Мейірбек Өтегановтың отбасының жағдайымен жақсы таныс екенін айтты.
Директордың сөзінше, балалар перзентханадан берілген анықтама негізінде мектепке қабылданған. Ол анықтамада шешесінің тегіне жазылған балалардың әкесі Мейірбек Өтеганов деп көрсетілген. Айнабекова балалардың оқу үлгерімі орташа екенін, мінез-құлқында психологиялық ауытқу байқалмайтынын, мұғалімдер олардың үйіне барып, жағдайын тексеріп тұратынын айтты.
– Балалардың туу туралы куәлігін дайындау үшін тиісті орындарға хат жаздық. Бірақ нәтиже болмады, – дейді мектеп директоры.
"АНАСЫ КЕЛМЕСЕ БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНА ӨТКІЗЕМІЗ"
Мақтаарал аудандық білім бөлімінің қамқоршылық және қорғаншылық бойынша маманның міндетін атқарушы Бибінұр Пулатованың сөзінше, бес баланың туу туралы куәлігін дайындауға тек анасы Жұлдыз Бекманованың хақы бар. Балалардың анасымен ресми некеде тұрмағандықтан Мейірбек Өтеганов олардың заңды қамқоршысы бола алмайды деп түсіндірді ол.
"Жұлдыз Бекманова Қазақстанға келіп, АХАЖ бөліміне барып, балалардың әкесі деп тануға келісімін берсе ғана Мейірбек Өтеганов балалардың туу туралы куәлігін дайындауға кірісе алады" дейді Пулатова. Немесе анасы балаларынан бас тартып, іс сотқа жетсе, Өтеганов өз балалары екенін сотта дәлелдеу үшін ДНҚ (дезоксирибонуклеин қышқылы - ДНК) сараптамасын тағайындатуға құқылы.
– Сот шешімінсіз Өтеганов балалардың биологиялық әкесі екенін дәлелдегенімен, оларды құжаттандыра алмайды. Қазір балалардың анасын әкелу мәселесімен қоғамдық ұйым айналысып жатыр. Егер анасы Қазақстанға келмесе, балаларды құжаты дайын болғанша кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына өткізуге мәжбүр боламыз, – дейді білім бөлімінің қызметкері.
Пулатованың сөзінше, ондай жағдайда балалар бейімдеу орталығында сексен күн жатады. Осы уақыт ішінде Өтеганов балалардың әкесі екенін сот арқылы дәлелдей алмаса, онда бес бала да сот шешімімен балалар үйіне тапсырылуы мүмкін. Сотта 10 жастан асқан үлкен ұлы әкесін тануға көмектесуге құқылы. Бірақ анасы Жұлдыз Бекманова Өзбекстан азаматы болғандықтан, оны ата-ана құқығынан айыру күрделі мәселе дейді шенеунік.
– Мақтаарал ауданында құжатсыз жүрген 12 жастағы тағы бір бала бар. Оның да анасы Өзбекстан азаматы. Бала дүниеге келген кезде анасының паспорты болмаған. Әке-шешесі заңды некеге отырмаған. Екеуінің дәм-тұзы жараспаған, бала әкесінің қолында қалған. Баланың туу туралы куәлігі жоқ. Анасын іздеп таппай отырмыз, – дейді Бибінұр Пулатова.
Аудандық білім бөлімінің сұраныс хаты бойынша Мейірбек Өтегановтың отбасындағы бес баланы құжаттандыру мәселесімен қазір Түркістан облысындағы "Сана сезім" әйелдер бастамалары құқықтық орталығы айналысып жатыр. Құжаты жоқ адамдарды құжаттандыру жұмысын атқаратын орталықтың өкілі Эльнара Агманова да Жұлдыз Бекманова келмей не соттың тиісті шешімінсіз балалардың туу туралы куәлігі әкесіне берілмейтінін айтады.
– Өтеганов балалардың туу туралы куәлігін ала алмайды. Өйткені Бекманова онымен заңды некеге тұрмағандықтан, балаларды жалғызбасты ана ретінде туған. Анасын күтеміз, егер Қазақстанға келмесе Өзбекстандағы әріптестерімізге хабарлап, одан түсініктеме алуға тырысамыз. Егер анасы балалардан бас тартса ғана аудандық білім бөлімі оны ата-ана құқығынан айыра алады. Бұл іс бойынша анасының шешімін күтеміз, – деді Эльнара Агманова.
Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Азаттыққа өңірде құжатсыз жүрген кәмелеттік жасқа толмаған балалар тіркелмегенін айтты.
P.S. Материал дайындалып жатқанда "Сана сезім" әйелдер бастамалары құқықтық орталығының өкілдері Азаттыққа Жұлдыз Бекманованың балалардың құжатын рәсімдеу үшін Қазақстанға келмегенін, қазір аудандық білім бөлімімен бірге балаларды құжаттандыру мәселесі бойынша сотқа жүгіну үшін қажетті құжаттар дайындап жатқанын хабарлады. Ал балалар әзірше Мейірбек Өтегановпен бірге тұрып жатыр.