АҚШ ақпарат құралдары дауыс санау қиын өтіп жатқан Пенсильвания штатында Демократиялық партия атынан президенттікке түскен Джо Байденнің жеңіске жеткенін хабарлады.
Демократ Джо Байден аса тартысты өткен сайлауда қазіргі президент Дональд Трампқа қарсы шықты, бұл сайлау АҚШ-тағы саяси сызаттың қаншалық терең екенін көрсетті.
77 жастағы Байденнің жеңімпаз болғаны 7 қарашада Вашингтон уақытымен күндізгі 11:30 шамасында (Нұр-Сұлтан уақытымен 22:30) хабарланды. Бірнеше штатта төрт күн бойы жүрген аса күрделі дауыс санау процесі бүкіл Америка халқын алаңдатып отырған еді.
Билл Клинтон Джордж Бушты жеңген 1992 жылғы сайлаудан бері алғаш рет президент қызметінде отырған адам екінші рет жеңіске жете алмады. Дональд Трамп сайлау "әлі аяқталған жоқ" деген қысқа ғана мәлімдеме жасап, жеңісті мойындамайтынын, сот арқылы дауласатынын айтты.
Бұрығы вице-президент әрі Делавэр штатынан сайланған сенатор Джо Байден 74,5 миллион сайлаушының дауысын жинап, АҚШ тарихында рекорд орнатты. Ол АҚШ-тың 46-президенті болып сайлану "үлкен құрмет" екенін айтты және Трамп президенттігі кезіндегі "ойлы-қырлы төрт жылдан соң ұлтты қайта емдеуге күш салатынын" мәлімдеді.
Байден алғашқы сенаторлық қызметіне 1972 жылғы 7 қарашада кіріскен, араға ондаған жыл салып осы күні оның тағы жұлдызы жанды. Өзі дүниеге келген Пенсильвания штатында жеңіске жеткен соң ол сайлаушылар алқасында президент атануға жеткілікті дауыс жинады.
АҚШ президенті атану үшін дауыс саны 270-тен асуы керек. Байден әзірге 273 дауыс жинап тұр.
Пенсильваниядағы Скрэнтон қаласында туып-өскен Байден бұл штатта қарсыласынан шамамен 34 400 дауыс көп жинады.
Сайлаушылар алқасының 20 дауысы тиесілі бұл штатта Байден 49,6, ал Трамп 49,1 пайыз дауыс алды.
Джорджия, Солтүстік Каролина және Аризона штаттарының нәтижесі әлі белгісіз, бірақ оның қорытындысы жалпы дауыс санына бәрібір әсер ете алмайды.
Вашингтонда және Американың басқа қалаларында Байденнің жақтастары көшеге шығып, жеңісті тойлап жатыр. Ақ үйдің алдындағы жиынға көп адам жиналды.
Нәтижені барлық штат бекітсе әрі Трамптың күресі қорытындыға әсер етпесе, Байден АҚШ тарихындағы 46-президент ретінде 2021 жылдың 20 қаңтарында қызметке кіріседі.
Калифорния штатынан сайланған сенатор Камала Харрис АҚШ-тың вице-президенті қызметін атқармақ.
Осы аптада 78 жасқа толатын Байден АҚШ тарихында президенттікке сайланған ең қарт президент болмақ.
Бұл жеңіс Байденнің 50 жылға жуық саяси карьерасындағы ең биік шың болды. Мұның алдында ол 1988 және 2008 жылдары екі рет президенттікке таласып, жеңіліс тапқан.
Барак Обама оны 2008 жылғы президент сайлауында вице-президент етіп қасына қосты. Байден онымен сегіз жыл бойы Ақ үйде қызметтес болды.
Салмақты саясаткер саналатын Байден Демократиялық партияның праймеризінде алғаш біршама артта қалды, бірінші үш жарыста жеңіліс тапты, тек Оңтүстік Каролинадағы додада алға шығып, маусым айында Демократиялық партия атынан үміткер ретінде ұсынылды.
Сайланған президент сауалнамаларда бір жыл бойы Трамптан алда жүрді. Дональд Трамптың жеңіліс табуына коронавирус пандемиясының әсері де көп болды, оның әкімшілігі вирустың таралуын тоқтата алмады. 230 мыңнан астам адам осы вирус кесірінен көз жұмды.
Пандемия сайлауға да көп әсер етті, бұл жолы ел тарихында алғаш рет азаматтардың көбі пошта арқылы дауыс берді.
100 миллионнан астам адам поштамен алдын ала дауыс берді, бұл дауыстарды қолмен санау процесі кезінде үлкен кедергі келтірді.
145 миллиондай америкалық сайлауға қатысты. Бұл - Америка тарихындағы рекорд көрсеткіш.
Сайланған президент АҚШ-ты Климаттың өзгеруі жөніндегі Париж келісіміне қайтаруға, ең төменгі жалақы көлемін өсіруге және ауқаттылар мен үлкен мекемелердің салығын арттыруға уәде берді.