Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті жетекшісінің орынбасары Нұрлыбек Асылбеков Pfizer және BioNTech компанияларының коронавирустан қорғайтын вакцинасын сатып алу мәселесіне түсініктеме берді. Бір күн бұрын аталған екі фармацевтикалық компания вакцинаның соңғы кезеңде өте жақсы нәтиже көрсеткенін хабарлаған еді.
"Бұл ақпарат кеше (9 қараша) ғана шықты. Біз де оны ақпарат құралдарынан білдік. Денсаулық сақтау министрлігі мәселені жедел қарастырып жатыр. Отандық вакцина бар, ресейлік және өзге елдердің вакциналары бар, мәселені жан-жақты қарастырамыз. Вакцинаны тіркегеннен кейін Pfizer және құрылтайшыларымен осы бағытта жұмыс істейміз" деді Асылбеков 10 қараша күні өткен брифинг кезінде.
Американың Pfizer және немістің BioNTech компаниясы дүйсенбі күні таратқан ортақ мәлімдемесінде Covid-19 індетіне қарсы сынақтан өтіп жатқан вакцина коронавирустан 90 пайыз қорғай алатынын көрсетті деп хабарлаған болатын. Сынаққа 43 538 ерікті қатысқан. Оларға вакцина мен плацебо егілген. Сынаққа қатысқандар арасында 94 адам коронавируспен ауырған. Компания өкілдерінің айтуынша, сынақ жалғасса, тиімділік деңгейі өзгеруі мүмкін. Вакцинаның адамдарды қанша уақыт қорғай алатыны айтылмаған.
Болжам бойынша, компаниялар 2020 жылы вакцинаның 50 млн дозасын шығаруды жоспарлап отыр. Келесі жылы 1 миллиардтан астам дозасын өндіреді. Коронавирус вакцинасы сынағының сәтті өткені жайлы ақпараттан кейін халықаралық нарықта мұнай бағасы қымбаттай бастады. Pfizer акциясының құны - шамамен 14 пайызға, BioNTech құнды қағаздарының бағасы 25 пайызға өсті.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі қыркүйек айында қай мемлекет вакцинасын бірінші болып сертификациядан өткізсе және екпесінің тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденіп, жаппай шығарыла бастаса, Қазақстан сол мемлекетпен келісім жасауға дайын екенін мәлімдеген.