Лондонның Бейкер-стрит көшесіндегі Артур Конан Дойлдың туындысындағы ойдан шығарылған із кесуші Шерлок Холмстікі деген үй 2015 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасына тиесілі болған. Бұл туралы The Times басылымы жазды.
Бұл үйлер қазір де Назарбаев әулетіне тиесілі ме, жоқ па, басылым ол жағын анықтай алмаған.
Назарбаев 30 жылдай ел басқарып, 2019 жылғы наурызда қызметінен кеткенімен, қауіпсіздік кеңесінің және "Нұр Отан" партиясының төрағасы ретінде билікке үлкен ықпал етіп отыр деп саналады. Бұған қоса оның "елбасы" деген титулы бар.
Редакцияның қолына түскен меншік құрылымына қатысты құқықтық хат-хабарға қарағанда, Бейкер-стрит, 221b мекенжайы бойынша орналасқан үйдің 90 пайызы Қазақстанның сол тұстағы президентінің қызы Дариға Назарбаеваға, қалған 10 пайызы оның ұлы Нұрәли Әлиевке тиесілі болған.
Бұған қоса, Назарбаев туыстарына Бейкер-стриттегі 215 және 237-үйлер арасындағы басқа да ғимараттар мен жер телімі тиесілі. Жылжымайтын мүліктің жалпы құны 140 млн фунт-стерлингке жетеді деп жазады басылым.
Газеттің мәліметі бойынша, қазір бұл ғимараттың ресми қожайыны Farmont Baker Street Limited, жер реестріндегі мәлімет бойынша компания үйді 2005 жылы алған. Қазір Farmont Baker Street Біріккен Араб Әмірліктеріндегі басқа бір компанияға тиесілі. Редакция Назарбаева отбасының мүддесін қорғайтын Mishcon de Reya фирмасына "бұл ғимараттар Қазақстанның бірінші президентінің әулетіне әлі де тиесілі ме, басқа біреуге сатылған болса, кімге сатылды?" деген сауалдар жолдаған. Бірақ олардан әлі жауап алмаған.
Биыл Ұлыбританияның қылмыспен күрес ұлттық агенттігі шығу төркіні белгісіз байлық (UWO) ордері шеңберінде Назарбаева әулетіне тиесілі делінген осы және басқа мүлікті бұғаттауға тырысып, жеңіліс тапқан. Сот процесі кезінде Baker Street properties компаниясының аты аталмаған.
The Times-тың жазуынша, осы істі қараған судья Лэнг шығу төркіні белгісіз байлық ордерлерінің күшін жойып, бұл мүлік Назарбаеваның марқұм күйеуі Рахат Әлиевтің ақшасына алынды деген болжам сенімсіз екенін, үй сатып алуды "Назарбаева ханым мен оның ұлы қаржыландырғанын" айтқан.
Бұған қоса, британ басылымы Forbes журналының мәліметіне сілтеме жасап, 2013 жылы Дариға Назарбаеваның 600 млн доллар, ал Нұрәли Әлиевтің 2012 жылы 200 млн доллар байлығы болғанын жазады.
Global Witness үкіметтік емес ұйымының мәліметі бойынша, Англия мен Уэльстегі 87 мың жылжымайтын мүлік нысаны офшорларда орын тепкен компанияларға тиесілі. Әдетте олардың кімге тиесілі екенін анықтау мүмкін емес.
Келер жылы Британия парламенті компаниялардың бенефициар иелерін ашып көрсетуін талап ететін заң қабылдауы мүмкін деген болжам бар.