Қуғында жүрген бұрынғы банкир, Ақорда сыншысы Мұхтар Әблязов жақтастарын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның құрамына кіріп, сайлау кезінде соған дауыс беруге шақырды. Әблязов осылайша "Нұр Отанды" жеңімпаз қылуға ұмтылатын атқару органдарының "заңсыз әрекеттерін әшкерелеуге болады" деп санайды.
17 қарашада Facebook-та жариялаған видеода Әблязов өзін елдегі "жалғыз оппозициялық партия" деп атайтын ЖСДП-ның іс жүзінде биліктен басқарылатынын, 10 қаңтарда "сайлау әділ әрі демократияға сай өтті" деп айту үшін "көзбояушылық" ретінде қолданылатынын айтты.
"Бізге "Нұр Отан" партиясының 50 пайыздан артық дауыс жинамағаны керек, егер бәріміз ЖСДП-ға дауыс берсек, солай болуы да ықтимал" деді ол.
Халықаралық бақылаушылар Қазақстанда осыған дейін өткен сайлаудың барлығын әділ өтпеді деп бағалаған. Сайлау кезінде дауыс ұрлау, оппозиция кандидаттарына қысым жасау, ақпарат құралдарының жұмысына кедергі келтіру сияқты фактілер болғанын алға тартады.
"Бізге халықаралық қауымдастық, халықаралық бақылаушылардың сайлау нәтижесін мойындамағаны керек... Заңбұзушылықтар болғаны анықталса, жаппай наразылық тұтанады. Яғни, көрші Қырғызстанда өткен айда болған оқиғаларға ұқсас жағдай қалыптасады, ол жақта оппозиция жаппай наразылықтан кейін бірнеше күннен соң жағдайды өзгерте алды" деді Әблязов.
Қазір Францияда тұрып жатқан қуғындағы олигарх сөз арасында сайлау нәтижесінің бұрмалануына қарсы шыққан Беларусьтегі наразылықтарды да айтып өтті.
57 жастағы Әблязов "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрған және Қазақстан тұрғындарын интернет арқылы билікке қарсы митингілерге жиі шақырып келеді. Қазақстан соты оның қозғалысын "экстремистік" деп тапқанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп сипаттаған.
Елде 10 қаңтарда мәжіліс және мәслихат сайлауы өтеді.
Қазір Қазақстанда алты саяси партия тіркелген. Оның үшеуі парламентке өткен. Олардың қатарында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы (қазіргі мәжілісте 107 мандаттың 84-іне ие) және билікшіл делінетін "Ақ жол", ҚКХП (екеуіне де жеті мандаттан берілген) бар. Қазіргі мәжілістің өкілеті 2021 жылы аяқталады.
Қазақстанның және шетелдің құқық қорғаушылары елде азаматтардың саяси құқықтары көп шектелетінін, партиялық жүйесі демократия ережелеріне сай емесін айтып жиі сынайды. Саяси оппозиция өкілдері парламентте бірде-бір шынайы оппозициялық саяси күш жоқ деп санайды және шынайы оппозициялық партиялардың ресми тіркеуден өте алмай отырғанын айтады.
Қазақстанда соңғы рет мәжіліс сайлауы 2016 жылы өткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәуелсіз кандидаттар қатыса алмайды. Мәслихаттың жаңаша сайлауына қоғам пікірі