Пенсильвания округтық соты штаттың президент сайлауы кезіндегі дауыс беру нәтижесін қайта қарауға негіз таппады. Арызды қараған судья Мэтью Бранн үкімінде Трамптың 7 миллион сайлаушының дауыс беру құқығынан айыруды сұрағанын жазды. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.
"Талапкер мұндай жантүршігерлік нәтижені сұрағанда берік құқықтық дәйектермен, сұрапыл жемқорлықты көрсететін айқын дәлелмен келуі тиіс. Олай болмады" деп келтірді судя Бранның сөзін Associated Press агенттігі.
Агенттіктің жазуынша, судья Бранн Трамптың талап-арызын "дәлелі жоқ спекуляциялық айыптау" деп атап, штат тұрғындарының Байденге берген 80 мыңнан астам дауысын куәландыруға рұқсат берген.
"Америка Құрама Штаттарында бұл бір ғана сайлаушының өзін дауыс беру құқығынан айыра алмайды. Халқы жағынан алтыншы штаттағы бүкіл сайлаушының дауысы туралы қозғамай-ақ қояйық" деді судья.
Осының алдында Трамптың заңгерлері поштамен дауыс беруге сілтеп сайлау нәтижесін дауламақ болды. Олар 700 мың бюллетень жарамсыз деп танылуы тиіс деді.
АҚШ-та президент сайлауы 3 қараша күні өтті. Дауыстың басым көпшілігі саналып қойды, бірақ кей штатта бюллетеньді санаудың ресми нәтижесі кейінірек шығады. Бірақ 7 қараша күні белді америкалық басылымдар қолда бар деректің нәтижесінде Байден жеңіске жетті деп мәлімдеді. Байденнің өзі халыққа жолдауында өзін жеңімпаз жариялады. Әлемнің көптеген елінің басшылары оны президент болып сайлануымен құттықтап үлгерді.
Трамп үшін Пенсильваниядағы соттың үкімі маңызды еді, себебі бұл штатта жеңіске жеткен адам 20 электордың дауысына ие болады. Бірақ сот үкімінен кейін жергілікті билік Джо Байденге берілген 80 мыңнан астам дауысты куәландырып, штаттағы электорлардың дауысы демократ кандидатқа беріледі. Трамптың сайлау нәтижесін даулауы одан әрі қиындай түсті.