23 қарашада Шымкентте елу шақты әйел әкімдік алдына жиналып, әлеуметтік мәселелерді шешуді талап етті. Әкімнің шығуын талап қылған әйелдер қала басшысы шықпаса, "осында қонамыз" деді.
Әйелдердің бірі үйін жылытатын көмір жоғын, бірі баласын оқытатын интернет жоғын, бірі ас-суы таусылғанын айтса, бірі баспана мәселесін көтерді. Көбі Қаратау және Әл-Фараби ауданынан келген.
Аудан басшылары олармен сөйлесуге талпынып көріп еді, ашынған әйелдер оларға осыған дейін берген уәделерін орындамағанын айтып, қала әкімінің шығуын талап етті.
Әкімдік сыртында 20 шақты полиция қызметкері әйелдердің ішке кіргізбей тұрды.
Бұдан соң әкімдік өкілдері әйелдерді ауладағы "Көрме орталығына" кіруге шақырды. Бірақ әйелдер әкімнің өзі халық алдына шығып, сұрақтарға жауап берсін деп көнбеді. Наразылардың бірі "халық болмаса, әкімнің не керегі бар" деп еді, өзін әкім аппаратының жетекшісімін деп таныстырған қызметкер "әкімді халық сайламайды" деп жауап берді.
Қала әкімдігінің өкілдері айқайлап, белсене талап айтып тұрған әйелдерді бір-бірлеп топтан бөліп әкетуге тырысып көріп еді, наразылар бұған көнбеді.
Нұр-Сұлтан уақытымен күндізгі сағат 14.00-де де әйелдер тарамай тұрды.
Шымкенттік әйелдер бұған дейін қала әкімдігіне бірнеше рет әлеуметтік мәселелермен келген. Олар қала әкімінің шығуын талап еткенімен, әкім түрлі себеппен шықпаған.
Баспана сұрап, әлеуметтік салаға назар аударуды сұраған көп балалы және жалғызбасты әйелдер наразылығы былтырғы жылдан бері жалғасып келеді. Билік өкілдері "баспана мәселесі бір күнде шешілмейді, шама-шарқынша көмектесіп жатырмыз" дейді. Дегенмен "мемлекет беретін баспананы оған шын мұқтаж отбасылар ала алмайды, баспанаға кезекке тұру өте қиын" деп есептейтін отбасылар бар.