24 қарашада Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі соты қоғамда резонанс тудырған "жихадшылар ісі" бойынша сотталған 53 жастағы Кенжебек Әбішевтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Осыған дейін Әбішев ерте босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмаған Қапшағай қалалық сотының шешіміне шағым түсерген еді.
Сотқа төрағалық еткен судья Бақытжан Ниязов экстремизм және терроризм бойынша сотталғандарды ерте босату мүмкіндігі заңда қарастырылмаған деп айтқан. Бұл ақпаратты сот отырысынан кейін Азаттыққа адвокат Гүлнара Жуаспаева хабарлады.
Жуаспаева сотта бірінші инстанцияда шыққан сот шешімінің негізсіз екенін айтып, қаулының күшін жоюды талап еткен. Оның сөзіне қарағанда түрме әкімшілігі Әбішевке жақсы мінездеме берген, айыппұлдары жоқ, төрт марапаты бар.
Ал прокурор Еркебұлан Сүлеймен Қапшағай соты шығарған шешімнің заңды екенін айтып, оны өзгеріссіз қалдыруды өтінді.
Кенжебек Әбішев бұған дейін де ерте босап шығу туралы өтініш берген.
- 13 наурызда Қапшағай қалалық соты қылмыстық заңнаманың өзгеруіне байланысты Әбішевтің қамау мерзімін қайта есептеп, 8 айға қысқартқан.
- 29 сәуірде Қапшағай қалалық соты Кенжебек Әбішевтің қалған жазасын бас бостандығын шектеу жазасымен алмастыру туралы қаулы шығарған еді.
- Алайда мамыр айында Алматы облысындағы жазалау мекемелерінде заңдылықтың сақталуын қадағалау жөніндегі мамандандырылған прокуратура Қапшағай қалалық сотының қаулысына шағым түсіріп, облыстық апелляциялық соттан оны босатпауды өтінген.
- 8 шілдеде Алматы облыстық апелляциялық соты Кенжебек Әбішевтің қамау жазасын бас бостандығын шектеу жазасымен алмастыру туралы қаулының күшін жойған.
53 жастағы Кенжебек Әбішев 2018 жылдың 21 желтоқсанында "терроризмді насихаттады" және "ұлттық алауыздықты қоздырды" деп айыпталып, жеті жылға сотталған. 2019 жылы апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Түрме жазасын қайта есептегенде Кенжебек Әбішевтің жаза мерзімі 2024 жылы 1 наурызда аяқталады.
"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталған тағы бір белсенді Алмат Жұмағұловтың да ерте босап шығу туралы өтініші бұған дейін қанағаттандырылмаған еді.
Бірқатар қазақстандық құқық қорғау ұйымдары Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішевті саяси тұтқындар тізіміне қосқан. Құқық қорғаушылар билік саяси тұтқындардың жағдайына салғырт қарайды деп есептейді. Олар ауыр қылмыс жасаған бұрынғы шенеуніктерді мерзімінен ерте босатып жақтан шақта саяси тұтқындардың жазаны жұмсарту бойынша құқықтары жиі бұзылады дейді.
Бір топ америкалық сенатор маусым айында Қазақстан билігін көзқарасын ашық айтып, қамалған азаматтарды дереу босатуға шақырған.
Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар жоқ деп есептейді және "өзгеше ойлайтындарды" қудалайды деген тұжырыммен келіспейді.