25 қараша таңертең Нұр-Сұлтанда парламент ғимаратына барып, ашық хат тапсырмақ болған ата-аналарды қолдаған белсенді Болатбек Біләловті полиция үйінен ұстап, түске таман босатты. Оған полиция "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде шақырту қағазын тапсырған.
Белсендінің әйелі Ақмарал Біләлованың сөзіне қарағанда, күйеуі таңертеңгі сағат 9:15 шамасында хабарласып, өзін анасының үйінен алып кеткенін хабарлап үлгерген. Кейінірек белсендінің телефоны өшіп қалған.
Ақмарал Біләлованың айтуынша, сәрсенбі күні таңертең мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған 50 шақты ата-ана парламент ғимаратының алдына жиналып, депутаттарға ашық хат тапсырмақ болған. Ашық хатта олар баспана мәселесіне шағымданып, өздерін тегін баспанамен қамтамасыз етуді өтінген. Біләлованың айтуынша, осы жиынға күйеуі де бармақ болған.
Түске таман Болатбек Біләловтің өзі де полиция бөлімшесінен босап шықты. Ол өзінің ұсталуын сәрсенбілік әйелдер наразылығымен байланыстырды.
"Мені таңертең азаматтық киім киген екі адам үйден шыға берісте ұстап, күшпен көлікке отырғызды. Аты-жөнін де таныстырмады. Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасына әкелген кезде ғана олардың полиция қызметкерлері екенін білдім. Олар не айтатынын да білмей отыр. Ақыры кешкі сағат 18:30-ға шақыру қағазын беріп, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысты бір іс бойынша қорғалу құқығы бар куәгер ретінде жауап аламыз деді" дейді белсенді.
Болатбек Біләлов - Нұр-Сұлтанда қарапайым азаматтардың баспана мәселесі бойынша құқықтарын қорғаумен танымал болған азаматтық белсенді. Ол биліктен Қазақстан аумағында ресейлік әскери-сынақ полигондарын жабуды талап еткен экологиялық қозғалысқа да мүше.
Қазақстанда сот шешімімен "экстремистік" деп танылған ҚДТ-ны Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Құқық қорғаушылар ҚДТ-ға байланысты шыққан сот шешімдерінің қисынды екеніне күмән келтіреді. Осыған дейін елде "ҚДТ-мен байланысы үшін" ондаған белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылған.