"Верный капитал" компаниялар тобы Мұхтар Әблязовтың қазақстандық олигарх "Болат Өтемұратовтың қамалғаны және оның үстінен Англия сотына шағым түскені" жайлы жазбасын жоққа шығарды.
Бір күн бұрын қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов Facebook парақшасында бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы іс басқарушысы әрі көмекшісі Болат Өтемұратовтың "ұсталып, елден шығуына тыйым салынғанын" жазған еді.
"Информбюро" сайтының жазуынша, "Верный капитал" баспасөз қызметі компанияның басты акционері Болат Өтемұратовтың ұсталғанын терістеп, оның Нұр-Сұлтанда "қоғамдық істермен шұғылданып жүргенін" айтқан.
Дегенмен компания Өтемұратовтың "БТА Банк" шағымы бойынша Лондон сотында жауапкер екенін растаған, бірақ сот құжаттарынан қате кеткенін алға тартқан.
"Бұл шағымды бастапқыда 2015 жылы "БТА Банк" АҚ Мұхтар Әблязов пен Ілияс Храпуновтың үстінен түсірген. Ізінше жауапкерлер тізімі ұзарып, 2020 жылы қараша айында олардың құрамына Болат Өтемұратов пен оның бизнес-құрылымына кіретін бірқатар тұлғалар енген. Ол шағымның түсуіне "БТА Банк" пен заңгерлері берген жалған құжаттар түрткі болған. Жақын арада шағымға байланысты арыз түсіріледі" делінген компания хабарламасында.
Әблязовтың жазуынша, Өтемұратов өзіне "активтерін жасыруға көмектесті" деген күдікке ілініп отыр. Ол жазбасында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің де есімін атаған.
Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі әзірге жауап бермеді.
Болат Өтемұратов – Қазақстандағы ең ауқатты адамдардың бірі. Forbes оның дәулетін 2,8 млрд долларға бағалаған. Ол елдегі тау-металлургия, мұнай-газ, телекоммуникация, қаржы қызметі, жылжымайтын мүлік саласындағы активтерге ие.
Қазақстан билігі экс-банкир Әблязовты БТА банкінің миллиардтаған қаржысын жымқырды деп айыптайды.
2009 жылдан бері шетелде тұрып келе жатқан оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптарды толық жоққа шығарады және билікті "актив көлемі жағынан елдегі ең ірі банкті тартып алды" дейді.
Нұр-Сұлтан оны елге экстрадициялауға күш салғанымен, нәтиже шыққан жоқ. Биыл қазан айында Әблязов Франциядан саяси баспана алды.
2017 жылы Алматы соты Мұхтар Әблязовты БТА банкінің "ақшасын жымқыру ісі" бойынша кінәлі деп тауып, сырттай 20 жылға соттаған.