17 желтоқсанда Мәскеуде тікелей эфир элементтерімен баспасөз мәслихатын өткізген Ресей президенті Владимир Путин оппозиционер Алексей Навальныйды улағандардың артында АҚШ-тың арнайы қызметі тұр деп мәлімдеді.
Журналист сұрағына жауап берген Путин Навальныйдың атын атамай, оны "Берлин емханасының пациенті" деп қана суреттеді. Ол Bellingcat және басқа да ақпарат құралдары бірлескен зерттеуде айтылған болжамды жоққа шығармады. Зерттеушілер Навальныйдың Ресейдегі сапарлары кезінде оның айналасында Ресей Федералдық қауіпсіздік бюросының адамдары жүреді деп жазған еді. Путиннің айтуынша, Ресей арнайы қызметі өкілдерін АҚШ арнайы қызметінің адамдары бақылап отырады, сондықтан олардың телефон қоңыраулары неге тыңдалады деп таң қалудың керегі жоқ. Зерттеудің өзін Путин шетел арнайы қызметінің ақпаратын заңдастыру деп сипаттады. Бұл оппозиционердің өзі де "АҚШ арнайы қызметінің қолдауына сүйенеді" дегенге меңзейді, "демек біздің арнайы қызметтер оған бас-көз болуы керек" деді Ресей басшысы. "Бұл оны улау керек деген сөз емес. Ол кімге керек өзі? Қаласақ, істі ақырына дейін жеткізген болар едік" деген Путин Навальныйды Германияда емдеуге жіберуге өзі рұқсат бергенін мойындады.
Бірнеше жыл бұрын оппозициялық саясаткер Борис Немцовты өлтіруге қатысты сұраққа да Путин осыған ұқсас жауап қатқан. "Бұл кісіні өлтіру керек деген сөз емес" деген еді ол.
Ресей басшысының айтуынша, Bellingcat және басқа ұйымдар зерттеуінің басты мақсаты – өзін қоғам алдында Навальныймен теңестіріп көрсету.
Зерттеуде Навальный айналасында жүрген Федералдық қауіпсіздік бюросы адамдарының арасында улау бойынша маман болды деген болжам айтқан. Бұдан бұрын германиялық мамандар оппозициялық саясаткер Алексей Навальный "Новичок" деген умен уланған деген қорытынды жасаған. Навальный өзіне қастандық жасамақ болды деп Путинді айыптаған.
Биыл 20 тамызда Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқан ұшақта Алексей Навальныйдың халі нашарлаған. Ұшақ төтенше жағдаймен Омск қаласына қонып, жедел жәрдем қызметі саясаткерді ауруханаға алып кеткен. Санаулы күннен соң ес-түссіз Навальныйды Германияға жөнелтті. Германиялық дәрігерлер науқас арнайы умен уланғанын айтты.