Ресей думасының депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Федоровтың Қазақстан аумағы туралы айтқандары - Ресейдің ресми ұстанымы емес. 23 желтоқсанда мәжіліс депутаттарының сұрақтарына жауап берген Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді осылай деп мәлімдеді. Желтоқсан айының басында Ресей мемлекеттік думасының екі мүшесі Қазақстанға қазіргі жерін Ресей сыйлаған деп мәлімдеген еді.
– Федоров сөзіне келсек, қазақ ретінде, қазақстандық ретінде бұл намысыма қатты тиеді. [Оларға] орысша жауап берсем "это бред сивой кобылы!” (бос сөз). Мұндай мәселелер көтерілген кезде бірінші кезекте тарихшылар, ғалымдарға сүйенуіміз керек, - деді Тілеуберді.
Оның сөзіне қарағанда, "депутат Никоновтың сөзінен кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресейдің уақытша өкілін шақырған, себебі ол кезде Ресей елшісі Мәскеуде іссапарда жүрген".
– Оны орынбасарым қабылдады. Оған нота тапсырып, сыртқы істер министрлігінің ресми ұстанымын жеткіздік. Қолда бар тәжірибеге сүйенсек, олар ресми түрде жауап бермейді, бірақ бізге қабылданған шаралар туралы хабарлады. Олар парламент, президент әкімшілігімен хабарласып, мұндай сөздер айтуға болмайтынын айтып ескерткен. Сыртқы істер министрі ретінде айтарым, бұл - сөзсіз, Ресейдің ресми ұстанымы емес, - деді Тілеуберді.
Тілеуберді Қазақстан мен Ресей шекарасына заң жүзінде делимитация жүргізілгенін, заң шығару деңгейінде екіжақты келісімге қол қойылғанын еске салды.
- Қазір мемлекеттік шекараға демаркация жүргізіп жатырмыз. Індетке байланысты бұл процесс тоқтап қалған еді. Сол себепті үш жыл ішінде демаркацияны аяқтаймыз. Екі мемлекет арасында стратегиялық әріптестік орнаған. Барлық екіжақты құжаттарда бұл айқын көрінеді және сол себепті Ресеймен халықаралық құқықтық негізде қарым-қатынасты жалғастырамыз, - деді Қазақстан сыртқы істер министрі.
Ресей мемлекеттік думасының білім және ғылым комитетінің жетекшісі, биліктегі "Единая Россия" партиясы фракциясының мүшесі Вячеслав Никонов 10 желтоқсанда ресейлік "Первый канал" телеарнасындағы "Большая игра" бағдарламасында "Қазақстан аумағы – Ресейдің Қазақстанға берген үлкен сыйы" деп мәлімдген. Ізінше мемлекеттік дума депутаты Евгений Федоров "Қазақстанмен біртұтас мемлекетті қалпына келтіру" туралы айтқан.
Кейбір қазақстандық сарапшылар мұндай сөз тегін айтылған жоқ, артында үлкен күштер тұр деп санайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Демарш және Еуразияшыл билікке ескерту". Ресей депутаттарының мәлімдемесін сарапшылар әркелкі бағалайды