10 қаңтарда таңертең Алматы қаласы мен облысындағы сайлау учаскелеріне ақпарат тарату үшін барған Азаттық тілшілерін "ПТР-тест жоқ" деп сайлау учаскесіне кіргізбеді. Қаладағы №173 сайлау учаскесіне барған Азаттық тілшісі Аян Қалмұраттан өзін сайлау комиссиясы төрағасы ретінде таныстырған Нұржан Ысқақов "ПТР-тест талап еткен". Ал бас санитар дәрігердің қаулысында ақпарат құралдарының өкілдері ПТР-тест тапсыруға міндеттелмеген.
- Мен "бақылаушы емеспін, ақпарат құрал өкілдерінің ПТР-тест тапсыруы міндетті емес" дедім. Бірақ соған қарамастан "арандатпаңыз, шығыңыз" деп телефонымды жұлып алып, қолымды қайырып күшпен шығарып жіберді, - деді Аян Қалмұрат.
Дәл осыған ұқсас жағдай Алматы қаласындағы №350 және Алматы облысы Талғар ауданы Жалғамыс ауылындағы №894 және №893 сайлау учаскелерінде болған. Бас санитар дәрігердің қаулысына сүйенген Азаттық тілшісі Нұртай Лаханұлы сайлау комиссиясы өкілдеріне журналистерге ПТР-тест қажет еместігін айтса да, ол жақтан ақпарат таратуға мүмкіндік бермеген.
Ал орталық сайлау комиссиясы баспасөз қызметінің өкілі (аты-жөнін айтпады) "БАҚ өкілдеріне ПТР-тест қажет емес" деді.
Бас санитар дәрігердің 29 желтоқсанда қабылданған қаулысына сәйкес, сайлау кезінде тек партияның сенімді өкілдері, сайлау комиссиясы мүшелері мен бақылаушылардың ғана ПТР-тестен өтуге міндеттелген. Онда ақпарат құралдарына ПТР-тест қажеттігі айтылмаған.
Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы өтіп жатыр.