10 қаңтар, сайлау күні, ІІМ күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, қырық мыңдай полицей жұмысқа шықты. Бұл туралы дүйсенбі күні 11.00-де өткен брифингте ІІМ орынбасары Арыстанғани Заппаров айтты.
Ол қазірге дейін ешқандай заң бұзушылық тіркелмегенін, полиция сайлау процесіне кедергі келтірмегенін айтты. Сөзінше, полицейлердің сайлау учаскесінде отыруға құқығы жоқ, заң бұзушылық болса сайлау комиссиясының шағымынан кейін ғана шара қолданады. Брифингте журналистер Заппаровқа сұрақ қоя алмады.
Қазақстанның басым бөлігінде сайлау учаскелері Нұр-Сұлтан уақытымен сағат таңғы 7-де ашылды. Басқа сағат белдігіндегі Ақтөбе, Атырау, БҚО. Маңғыстау облысында сайлау бөлімшелері жұмысын екі сағатқа кешігіп бастады.
Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша кешкі сегізде жабылып, одан кейін дауыс санау басталады. Қазақстанда сайлау он мыңнан аса сайлау учаскесінде өтіп жатыр. Әдетте ОСК сайлаудың алдын ала нәтижесін дауыс беруден бір күн өткен соң жариялай бастайды.
18,8 миллионнан аса халқы бар Қазақстанда 12,3 миллионнан аса бюллетень дайындалған.
10 қаңтарда өтіп жатқан сайлауға елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктегі "Нұр Отан" партиясы және билікшіл төрт партия қатысып жатыр. Бұл сайлауға оппозициялық күштер жіберілген жоқ. Сайлау күні оппозициялық топтар дауыс беруге қарсы наразылық ұйымдастыратындарын хабарлаған. 10 қаңтарда Алматыда Орталық алаң маңында күзет күшейіп, полиция қарасы көбейді. Елде интернет және ұялы телефон байланысы нашарлады.
Сайлау алдында елдің әр аймағында сайлауды бақылағысы келген ондаған белсенді мен тәуелсіз бақылаушы ұсталып, жазаланды. Олардың арасында 5-10 күнге қамалғандары да бар.