Жексенбі күні Алматы мен Нұр-Сұлтаннан бөлек, Шымкент пен Ақтөбеде де полиция наразыларды ұстады. Қазақстандағы ең ірі үш қаланың бірі Шымкентте полиция таңертең Ордабасы алаңында бір адамды алып кеткен. Азаттық тілшісінің сұрақтарына құқық қорғау өкілдері жауап бермеді.
Сайлау өтіп жатқан күні қалада Ордабасы алаңы мен оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов "митинг орны" деп белгілеген Орталық саябақ, Арбат пен "Қызғалдақ" бұрқағы қоршалған. Азаттық тілшісі бұл орындарда наразыларды байқай алмады. "Наразылықтың соңғы нүктесі" - "Шымкент плаза" сауда орталығына барған кезде Азаттық тілшісі полицияның алты адамды ұстағанын көрді. Ғимарат алдында видео түсіріп тұрған адамды да полицейлер алып кетті.
Ұсталған алты адамның бірі белсенді Шымкентбай Бөртебай сайлау күні екі рет ұсталып, босатылған. ХАҚ ұйымының бақылаушысы ретінде тіркеліп, №79 сайлау учаскесіне "құжаттарына байланысты" кіре алмай қалған белсенді өзінің айтуынша, сол жерден полицияға жеткізілген. Кейінірек босатылғаннан кейін "Шымкент плазаға" барып, мұнда Азаттық тілшісіне ақпарат бергеннен кейін тағы бөлімшеге жеткізілген. Шымкент полициясы әзірге түсініктеме бермеді.
"Шымкент плаза" алдындағы ұстауларды түсірмек болған Азаттық тілшісі Дилара Иса бет-жүзін қара түсті матамен жасырған төрт жігіттің қайта-қайта көлденең тұрып алып, видео түсіруіне кедергі келтіргенін айтты. Бұған қоса, №79 сайлау учаскесінде өзін Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары деп таныстырған қызметкер телефонын тартып алуға әрекеттенген.
Азаттықтың аймақтағы тілшісінің хабарлауынша, Ақтөбеде полиция түстен кейін наразылардың орталық стадионға (Әблязов "митинг орны" деп белгілеген) жиналуына мүмкіндік бермей, келгендерін бір-бірден әкетіп отырған. Күндізгі сағат 14:00 шамасында (Нұр-Сұлтан уақытымен түскі сағат 3:00) Азаттық тілшісі 10-нан астам адамның ұсталғанына куә болды. Наразылар пікірлерін айтып та үлгермеген. Ақтөбе полициясы оқиғаға түсініктеме бермеді.
Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы өтіп жатыр. Оған 5 партия қатысып жатыр, бірақ арасында оппозициялық партия жоқ. Заң бойынша, сайлауға ресми тіркелген саяси партиялар ғана қатыса алады. Саяси сарапшылар билік "оппозициялық алаңды тұтас тазартты, белсенділерді қудалады" деп санайды.
Осыған дейін қуғындағы оппозициялық саясаткер, шетелде тұратын Мұхтар Әблязов 10 қаңтарда жақтастарын билікке қарсы наразылық өткізуге шақырған. Ол сайлау алдында "жаппай дауыс бұрмалауды әшкерелеу" мақсатында билікшіл "Нұр Отан" партиясына дауыс беруге үндеген. Сайлаудың әділ өтпейтініне күмән келтірген өзге белсенділер мен ұйымдар сайлауға бойкот жариялауға шақырған. Кейбірі сайлауды кейінге шегеруге үндеген.
- Бұл - Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі бері алғаш рет өтіп отырған парламент сайлауы. Дегенмен сарапшылар оның Назарбаев кезеңіндегі сайлаулардан айырмашылығы аз болады деп болжайды.
- Елді отыз жылға жуық басқарып, 2019 жылы наурызда отставкаға кеткен Нұрсұлтан Назарбаев орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған. Бірақ президент ауысқанына қарамастан, көпшілік Назарбаев елді бұрынғыдай әлі де басқарып отыр деп санайды. Ол қазір өкілеті күшейген Қауіпсіздік кеңесіне жетекшілік етеді, саяси алаңда басымдыққа ие "Нұр Отан" партиясын басқарады. Қазіргі парламентте оның партиясынан бөлек ("Нұр Отан"), тағы екі билікшіл партия - "Ақ жол" мен "Қазақстан халықтық партиясы" (бұрынғы Қазақстан коммунистік халықтық партиясы) бар. Соңғы екеуінің әрқайсысы парламентте жеті мандатқа ие. Қазір сайлауға билікшіл тағы екі партия қатысып жатыр: "Ауыл" мен "Адал". Ресми тіркелген Жалпыұлттық-социал демократиялық партиясы сайлауға бойкот жариялаған.
- ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған.