Ресей жазаны атқару федералдық қызметінің (ФСИН) Мәскеу қалалық басқармасы бейсенбі күні оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды ұстау үшін ведомство "барлық шара қолдануы тиіс" деп мәлімдеді. ФСИН Навальныйды "Ив Роше" атпен белгілі іс бойынша шыққан үкім шарттарын орындамады деп айыптайды. Навальный Ресейге оралса, оның шартты жазасы түрме жазасына ауысуы мүмкін.
14 қаңтарда ведомство Навальныйға іздеу жарияланғаны жайлы алдыңғы күні шыққан ақпаратты растап, оның шартты жаза алған сотталушы ретінде тіркеуге келмегенін айтты. ФСИН мәлімдемесінде Навальныйдың 2020 жылдың алғашқы 8 айында яғни, Германияға емдеуге жіберілгенге дейін пробациялық бақылауға тіркелуге 6 рет келмегені жазылған. Саясаткер 23 қарашада Германияда сауықтыру бағдарламасынан өтіп жатқанын айтып, ведомствоны хабардар еткен. Алайда ФСИН "сауықтыру бағдарламасынан өту тіркеуге келмеуге негіз бола алмайды" дейді. ФСИН мәліметінше, 27 қарашада Навальныйды іздеу шаралары басталған, 29 желтоқсанда оған іздеу жарияланған.
Дегенмен Навальныйдың "ереже бұзғанын" ведомство тек желтоқсан айының соңында ғана мәлімдеген. Оған іздеу жарияланғаны тек 13 қаңтарда белгілі болды. Сол күні Навальный 17 қаңтарда Мәскеуге оралатынын хабарлаған.
ФСИН хабарламасында шартты жазаны түрме жазаға ауыстыру туралы сот өткенге дейін ведомство оппозиционерді ұстау үшін "барлық шара қолдануы" қажет деп көрсеткен.
Осыған дейін Навальный Ресейден өз еркімен кетпегенін, уланғаннан кейін емдеуге жіберілгенін айтқан. Ол өзінің улануына ФСБ қызметкерлері, Ресей билігі мен президенттің қатысы бар деп есептейді. Саясаткер ФСИН-нің соңғы хабарламасына түсініктеме бермеді.
Навальный 2014 жылы 30 желтоқсанда 3,5 жылға шартты түрде сотталған. Оған "алаяқтық" бабы бойынша айып тағылды. Навальный тағылған айыпты жоққа шығарды. Ол істің саясиланғанын айтқан.