"Мойындайын, 24/365 режимінде бұдан ары жұмыс істей алмайды екенмін. Ертең ауруханаға жатамын, таяуда маған ота жасайды" деп жазды Авксентьева Facebook-те.
Ол жазбасын "Жағдайды драмаға айналдырмауларыңызды өтінемін. Мені алмастыратын адам жоқ емес. Ал Якутскінің сан ғасырлық тарихы бар. Ойлы, дербес және қайырымды қала болып қала берсін. Сіздерді мақтан тұтамын" деп аяқтаған.
Сол күні Авксентьеваның баспасөз хатшысы Алексей Толстяков журналистерге мэрдің қызметінен еш қысымсыз кетіп жатқанын айтты.
"Мэрдің мұндай шешім қабылдауына сырттан ешкім ықпал еткен жоқ және қала басшысына қандай да бір қысым жасалған емес" деді Толстяков.
САРАПШЫЛАР КҮМӘНІ
Алайда көп сарапшы Авксентьеваны қызметінен кетуге итермелеген болуы мүмкін деп күдіктенетінін жасырмады.
"Қызметіңізден не себепті кетіп жатқаныңызды анық білемін. Денсаулығыңыз сыр бергені қисынға әбден келіп тұр. Сізді қызметіңізден қуып жатыр, сізге қоқан-лоқы көрсетеді, үнемі кедергіге тап боласыз және оларды өзіңіз ғана білесіз. Біздің ұры билік халықтың игілігіне жұмыс істеген әділ және бірбеткей мэрмен бірге жұмыс істей алмайды" деп пікір жазды бір қолданушы Авксентьеваның жазбасына.
Бизнес тақырыбында жазатын журналист Максим Токвайло Азаттыққа Авксентьева "саяси қысымға" шыдамай отставкаға кетті деген пікірін білдірді.
"Меніңше, ол отставкаға жұмысынан қажығаннан және қысымнан шаршағаннан кетіп отыр. Денсаулық жағдайыма байланысты дегеннің бәрі сылтау ғана" дейді ол.
Якутск – Сібірдің шығысында орналасқан, шамамен 310 мың халқы бар қала. Мәскеуден шығысқа қарай 5 мың шақырымдай қашықта жатқан Якутск алмас өндіретін Саха Республикасының астанасы саналады.
Саха Республикасы (Якутия) – Ресейдің көлемі жағынан ең ірі субъектісі. Жер көлемі Қазақстандікінен де үлкен, бірақ халқының саны 1 миллиондай ғана. Соның жартысына жуығы – түркітілдес сахалар.
Авксентьева биыл қыркүйекте Ресей парламентінің төменгі палатасы – мемлекеттік дума депутаттарын сайлау қарсаңында отставкаға кетіп отыр.
АЙМАҚТАРДАҒЫ ОППОЗИЦИЯНЫ ТҰҚЫРТУ
Ресейде президент Владимир Путиннің рейтингі төмендеп барады, ал биліктегі "Единая Россия" партиясының саясаты жаппай сынға ұшырап жатыр. Сол себепті, Кремльдегі саяси технологтар кейінгі үш жылда өңірлердегі түрлі сайлауларда там-тұм жеңістен қуат алған антипутиншіл оппозицияны қатаң басып-жаншу науқанын дайындап жатыр деген ақпарат бар.
Санкт-Петербург пен басқа да қалаларда жергілікті билік органдарына сайланған оппозияшыл тұлғалар қызметтік міндетін атқармақ болғанда кремльшіл шенеуніктер үстінен іс қозғап, соңына түскен.
Былтыр шілдеде Хабаровск өлкесінің танымал губернаторы, "Ресей либерал-демократиялық партиясының" мүшесі Сергей Фургал 2004-2005 жылдардағы кісі өлімдеріне қатысты айыппен тұтқындалған. Содан бері аймақта Фургалды босатуды талап еткен наразылық басылмай тұр. Жақтастары Фургал 2018 жылы өткен сайлаудың екінші кезеңінде "Единая Россия" партиясынан сайланған губернаторды айқын басымдықпен жеңгені үшін қудаланып отыр деп санайды.
Былтыр тамызда оппозиция жетекшісі Алексей Навальный Томскіден мәскеуге ұшып бара жатқан жолда қатты ауырып қалған. Бұлтартпас айғақтар оны Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) агенттері адамның жүйке жүйесін зақымдайтын "Новичок" уымен улағанын көрсетті. Жақтастары Навальный Путинге қарсы саяси қызметі үшін нысанаға алынды деп санайды.
Кремль Навальныйды улауға қатысы жоғын айтқанымен, халықаралық тергеушілермен жұмыс істесуден немесе Ресейде қылмыстық іс қозғаудан бас тартты.
"Қызметін дұрыс атқармақ болған және қызметінен кетірілмеген қандай да бір принципшіл саясаткер, шенеунік немесе үкіметтегі билік өкілдерін білсеңіз, айтыңызшы" деп жазды Товкайло 11 қаңтарда Facebook-те.
"Путинге әсіресе қазір федералдық сайлау қарсаңында бүкіл елді, тіпті ең наразы деген өңірлердің өзін бақылауда ұстап отырғанын көрсетіп қалу маңызды" дейді мәскеулік саясаттанушы Александр Кынев.
АВКСЕНТЬЕВА ХАЛЫҚҚА НЕСІМЕН ҰНАДЫ?
Қалай қарасақ та, Авксентьева осы схемаға кіретін сияқты. Якутск тарихындағы алғашқы әйел мэр атанған ол 2018 жылы қыркүйекте сайлаушылардың көпшілік даусымен (39,9 пайыз) осы қызметке сайланған. Сайлауда оған "Единая Россия" партиясынан қалалық кеңестң төрағасы Александр Саввинов басты қарсылас болған. 50 жастағы Авксентьева 2007-2012 жылдар аралығында қала мэрінің орынбасары қызметін атқарған.
Ол Мәскеуге сапарлап баратын шенеуніктер пайдаланатын көліктерді сатқызып, бірден қоғам назарына іліккен. Бюджет қаржысын үнемдеу шарасы аясында ол ұзамай Якутск мэриясының автокөлік паркінен арылу үшін қалада "шенеуніктердің қызмет бабымен жүріп-тұруы үшін такси пайдалану" бағдарламасын жариялаған.
2020 жылы қарашада Авксентьева қала орталығындағы зәулім әкімшілік ғимаратын аукционға шығарып, шенеуніктерді қаланың басқа жағындағы "арзанырақ ғимаратқа" орналастыру жоспарын жариялаған.
Сол кезде ол әлеуметтік желіде "бюрократтар қаланың қақ ортасында қымбат ғимаратта отыруы міндетті емес" деп жазған. Ол жазбасына 1970 жылы бала кезінде Якустк қалалық әкімшілік ғимаратының құрылысында сенбі күндері ауысыммен "ерікті түрде" жүмыс істеп жүргенде түскен суретін салды.
ПУТИННІҢ БИЛІКТЕ ҚАЛУЫНА ҚАРСЫ ШЫҚҚАН МЭР
"Ол ең алдымен жергілікті тұрғындарға ашық болды" дейді Кынев. Авксентьеваның өзге шенеуніктерден тағы бір ерекшелігі – кабинетінде Путиннің суретін ілмейтін. Оның орнына кабинетінде якут халқының байырғы дәстүрлі мерекесінің суреті ілініп тұратын.
Сардана Авксентьева сонымен бірге саха бақсысы Александр Габышевті ашық қорғаған Ресейдегі санаулы ғана саясаткерлердің бірі болды. Бақсы "президент Владимир Путинді Кремльден аластамақ болып" Мәскеуге бірнеше рет жорыққа шықпақ болған.
Былтыр ол Габышевтің психиатриялық ауруханаға мәжбүрлеп жатқызылуына қарсы болып, мұны "адамды алалап жазалау" деп сөккен.
Шамамен сол уақытта ол Кремль дайындаған конституцияға түзетулер енгізу жобасына көптің алдында қарсы шыққан. Аталмыш жоба Путиннің тағы екі мерзімге сайланып, 2036 жылға дейін билікте отыруына заңды түрде жол ашатын. Түзетулер жобасы сонымен қатар қала мэрлерін тікелей сайлау жүйесін де жойған. Авксентьева 2018 жылы осындай мэр сайлауында жеңген еді.
Былтыр тамызда ол әлеуметтік желіде өзіне қарсы жалған ақпарат жиі тарала бастағанына шағымданған. Конституцияны өзгерту жөніндегі заң жобасына дауыс бергеннен кейін өзіне қатысты жалған мәлімет бұрын-соңды болмаған деңгейде таралып жатқанын айтқан.
"Жақында [үстімнен] қылмыстық іс қозғалып жатса таңқалмаймын" деп жазды ол.
"Меніңше, олар Авксентьеваның бақсыға қолдау білдіргенін кешірген сияқты. Бірақ [оның] Путиннің өмір бойына ел басқаруына қарсы дауыс беруі – шешуші жайт болды. Конституцияны өзгертуге қарсы дауыс берген тағы бір көрнекті саясаткер, Федерация кеңесінің мүшесі Вячеслав Мархаев былтыр қыркүйекте қызметінен айрылған" деп жазды саяси шолушы Николай Подосокорский 11 қаңтарда Facebook-те.
"Денсаулығы мықты болсын, операциясы сәтті өтсін деп тілеймін. Қазіргідей жағдайда ол өте көп нәрсе істеді деп ойлаймын. Ресейдегі мэрлердің арасында мұндай адамдардың болғаны қандай жақсы. Оның Путин тұсындағы Ресейде еркін ойлайтын соңғы мэр болып қалғаны қынжылтады" деп жазды ол.
Якутск қалалық думасы 14 қаңтарда Авксентьеваның отставкасын ресми түрде мақұлдады.