Қаңтар айының басында Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында "белсендіні ұрып-соқты" делінген түрме қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне адвокат Гүлшат Амантаева хабарлады.
"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталып, екі айға қамалған астаналық белсенді Асқар Қайырбектің тергеу изоляторында соққыға жығылғаны жайлы ақпарат өткен аптада тараған. 12 қаңтарда белсенді түрме қызметкерінің үстінен шағым түсіріп, кейінірек Нұр-Сұлтан полициясы "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" (362-бап) бабы бойынша іс қозғаған.
- Бірақ менің ойымша, нақты жағдайда "Қызметтік өкілетін асыра пайдалану" емес, "Азаптау" бабы (146-бап) бойынша іс қозғауы тиіс еді. Себебі, ол жаққа Қайырбек дені сау күйде түскен. Ол отырған мекеме әрбір алған жарақаты үшін жауапты. Жабық мекемеде дене жарақатын алу бұл қалыпты нәрсе емес, - деді адвокат Гүлшат Амантаева.
Оның айтуынша, осыған дейін Асқар Қайырбектің жарақатына байланысты екі сот медициналық сараптама жүргізілген. Оның тек ішінде ғана емес, кеудесінде де ісік (гематома) бар екені анықталған. Түрме басшылығы, арнайы прокурор, қоғамдық ұлттық комиссия өкілдері, Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өкілдері келіп, Қайырбектен жауап алған. Адвокат әзірге құжаттардың ешқайсысы қолына тимегенін айтты.
Белсендінің соққыға жығылуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің жеке қауіпсіздік бөлімінің қызметкері Максим Калашев растады. Бірақ істің мән-жайымен танысу үшін ресми сауал жіберу қажеттігін айтты. "Шағым түскеннен кейін бірден іс қозғалды" деді ол 18 қаңтарда Азаттық тілшісіне.
6 қаңтар күнгі оқиғадан кейін жазған Асқар Қайырбектің хатында мекеме қызметкерінің оңаша шақырып алып "басқа адаммен сөйлесіп тұрсың деген сылтаумен" оны ұрып-соққаны, артынша "түрме қызметкеріне қол көтерді" деп жала жауып, қоқан-лоқы көрсеткені жазылған. Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті 12 қаңтарда қызметтік тексеріп жүргізетінін айтқан.
Асқар Қайырбек - Нұр-Сұлтанда адам құқығын қорғау, жер мәселесі, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылықтарға белсене қатысқан азамат. Ол азаматтық белсенділігі үшін бірнеше мәрте 5-15 тәулікке қамалған. 2020 жылдың соңында үстінен қылмыстық іс қозғалып, "тыйым салынған ұйымды ұйымдастырды" (оппозициялық саясаткер құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына Қазақстан соты тыйым салғанмен Еуропарламент бейбіт ұйым деп атаған - ред.) деген айыппен қамалған. Құқық қорғаушылар оның "саясиланған іспен қудаланып" отырғанын айтады.