2020 жылы коронавирус індеті Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда жемқорлық ауқымын айқындай түсті, жемқор, авторитар басшылар бюджет ашықтығын азайтып, азаматтық бостандықты шектеді. 28 қаңтарда жыл сайынғы жемқорлық рейтингісінде халықаралық Transparency International (TI) ұйымы осылай деп жазды.
28 қаңтарда жарияланған зерттеуде ұйым жылдағыдай әлем елдерінің мемлекеттік органдарындағы жемқорлық деңгейіне баға беріп, рейтингіге орналастырған. Рейтинг неғұрлым жоғары болған сайын жемқорлық деңгейі де жоғары. Зерттеу 13 сарапшы мен компания басшыларының сауалнамасы қорытындысына негізделіп жасалған.
Сарапшылар есепте аймақтағы кейбір саяси басшылар "билігін күшейту үшін дағдарысты пайдаланды" деп жазған. Онсыз да шектеулі ақпаратқа қол жеткізу құқығының аясын тарылтып, мемлекеттік сатып алуда ашықтықты жою үшін және қоғам алдында есеп беру механизмінен бас тарту үшін пандемияны пайдаланды деп жазды штаб-пәтері Берлинде шоғырланған халықаралық ұйым.
Есеп авторларының айтуынша, соның салдарынан халықаралық көмек ашық үлестірілмей, қаражатты мақсатына сай жұмсауды қадағалау қиындай түскен.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, "жемқорлықты қабылдау индексінде" рейтингісі жоғары елдер денсаулық сақтау саласына мол қаражат құйып, халықты медициналық қызметпен қамту мен қызмет сапасын жақсартуға қабілеттірек келеді, мұндай елдерде демократиялық норма мен институттардың бұзылуы да сирек. Бірақ көптеген елдерде түбірімен орныққан жемқорлық денсаулық сақтау жүйесін күйретіп, демократияның артқа кетуіне ықпал етті дейді.
"Covid бұл денсаулық және экономика саласының дағдарысы ғана емес. Бұл жемқорлық дағдарысы. Біз оны қазір ауыздықтай алмадық" деді TI төрайымы Делиа Феррейра Рубио.
Ұйымның жемқорлық рейтингісінде Қазақстан 180 елдің ішінде 94-орында тұр. 2019 жылмен салыстырғанда Қазақстан 2020 жылы 19 сатыға жоғарылаған. Елдің 5 сала бойынша көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда өзгермей, 4 сала бойынша көрсеткіші жоғарылаған.
Орталық Азияда Қырғызстан 31 балмен 124-орында тұр. Ол 2012 жылдан бері 7 орынға ілгерілеген. Биылғы есепте Өзбекстан да 26 бал алып, 2019 жылмен салыстырғанда көрсеткішін сәл жақсартқан. Ал Тәжікстанның (25 бал) рейтингіде позициясы өзгермеген.