Мьянмадағы әскери төңкерістің артында кім тұр?

Мьянмадағы әскери төңкерістің басында тұрған генерал Мин Аунг Хлайн.

1 ақпанда Мьянмада әскерилер төңкеріс жасап, елдің лидері Аун Сан Су Чжи мен басқа да белді шенеуніктерді қамауға алды. Қазір билік ел әскерін басқарған генерал Мин Аунг Хлайнның қолына өтті. Мьянмадағы билік жүйесін бір күнде өзгертіп, елдегі саяси ахуалды күрделендіріп жіберген Мин Аунг Хлайн кім?

ӘСКЕРДІҢ САЯСАТТАҒЫ РӨЛІ ҚАНДАЙ?

Мьянмада 1962 жылы әскерилер төңкеріс жасап, содан кейін елу жылдай билікте болды. 2008 жылы әскерилер Конституцияны өзгертіп, әскердің елдің саяси жүйесіндегі рөлін бекітіп алды. Бұл Конституцияға сай, әскерилер сайлауға қатыспай-ақ парламенттегі орынның 25 пайызын алады. Әскердің қолбасшысы елдің қорғаныс, ішкі істер және шекара ісі бойынша министрді тағайындайды. Яғни, әскерилерге берілген бұл басымдық Аун Сан Су Чжинің Демократияшылардың ұлттық лигасы партиясына ыңғайсыз болды.

Аун Сан Су Чжи мен партияның көптеген мүшесі әскерилер тарапынан көп қуғын көрген.

МИН АУНГ ХЛАЙН КІМ?

64 жастағы Мин Аунг Хлайн 1972-1974 жылдары Янгон университетінде заң мамандығында оқып жүргенде саяси белсенділіктен алыс болды. "Ол көп сөйлемейтін, жұрт көзіне түсе бермейтін еді" деген еді онымен бірге оқыған адам 2016 жылы Reuters агенттігіне.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мьянмада әскерилер төңкеріс жасап, ел лидерін қамауға алды. Жағдайды 300 сөзбен түсіндіреміз

Онымен бірге оқитын студенттер наразылықтарға шығып жүргенде ол әскери университетке түсу қамын ойлап жүрген еді. Ол 1974 жылы үшінші мүмкіндігінен кейін Қорғаныс қызметі академиясына түсті.

Мин Аунг Хлайнмен бірге академияда оқығандардың бірі 2016 жылы Reuters агенттігіне "ол үлгерімі орташа кадет болды" деп сипаттаған.

Бірге оқыған адам "оның шені баяу өсті" дейді. Ол Мин Аунг Хлайнның офицер шенінен жоғары көтерілгеніне таңданыс білдірген.

Мин Аунг Хлайн 2011 жылы, ел демократияға бет бұра бастаған кезде, әскер басына келді. Янгондағы дипломаттар "2016 жылы Су Чжидің биліктегі алғашқы мерзімі кезінде Мин Аунг Хлайн көп сөйлемейтін солдаттан саясаткерге айналды" дейді.

Сарапшылар Мин Аунг Хлайн Facebook желісінде белсенді болып, қоғамдық шараларын желіде жарнамалап, жүздеген мың жақтасын жинап алды дейді. 2017 жылы әлем елдері Мьянма әскерін рохинджа мұсылмандарын өлтірді деген айыптап жатқан тұста Facebook Мин Аунг Хлайннің аккаунтын жауып тастады.

Ол әскерилердің парламенттегі 25 пайыз орнынан бас тарту жайлы сөз қозғамады. Су Чжиді президент етіп бекіту туралы да ауыз ашпады (Су Чжидің балалары шетел азаматы болғандықтан ол президент бола алмайды, бұл Конституцияда бекітілген).

2016 жылы ақпанда Мин Аунг Хлайн өзі әскер қолбасшысы қызметін тағы бес жылға созып алған. Ол биыл ақпанда әскер басынан кетуі тиіс еді. Бірақ 1 ақпанда елде әскери төңкеріс жасап, қазір елдің басшысына айналды. Әскерилер былтыр қарашада өткен парламент сайлауының нәтижесімен келіспейді. Бұл сайлауда Су Чжидің партиясы жеңімпаз деп танылған.

МИН АУНГ ХЛАЙНҒА САЛЫНҒАН САНКЦИЯЛАР

2017 жылы Мьянма әскерилері рохинджа мұсылмандарына арнайы операция ұйымдастырған. Бұл операциядан соң 730 мың рохинджа көршілес Бангладешке қашып кеткен еді. БҰҰ Мьянма әскерилері операция кезінде рохинджаларды жаппай өлтіріп, үйлерін өртеген деп мәлімдеді. Мьянманың бұл әрекеті бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын алған Аун Сан Су Чжидің де беделіне нұқсан келтірді.

Аун Сан Су Чжи (сол жақта) мен Мин Аунг Хлайн (оң жақта).

АҚШ 2019 жылы Рохинджа мұсылмандарына ұйымдастырылған операцияға байланысты Мин Аунг Хлайн мен тағы үш әскери басшыға санкция салды. Қазір Гаагадағы БҰҰ-ның Халықаралық трибуналында Мьянма елінің үстінен сот өтіп жатыр. Африкадағы Гамбия елі Мьянманы "рохинджа мұсылмандарына геноцид жасады" деп айыптап, Гаагадағы сотқа шағымданған.

МЬЯНМАДАҒЫ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ ҚАНДАЙ?

ВВС сайтының жазуынша, Мьянмада қазіргі жағдай бірқалыпты. Ірі қалалардағы көшелерде әскерилер бақылауына алған. Елде түнде комендант сағаты енгізілген.

1 ақпанда елде ұялы байланыс пен интернет байланысы үзілген еді. 2 ақпанда интернет пен байланыс қайта қалпына келген.

Азияның бірнеше елінде Мьянма елшілігі алдында әскери төңкеріске қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар әскерилерден Аун Сан Су Чжиді босатуды талап етті.

Мандалай қаласында жүрген әскерилер. 2 ақпан 2021 жыл.

Халықаралық ақпарат агенттіктерінің жазуынша, Мьянмада әлеуметтік желіде жұрт әскери төңкеріске қарсы наразылықтары байқалады.

Әскерилер қамауға алынған Аун Сан Су Чжидің қайда екенін айтпай отыр. Бірақ Аун Сан Су Чжиге жақын адамдардың бірі AFP агенттігіне Аун Сан Су Чжи үйқамақта отырғанын айтқан.

АҚШ Мьянма әскерилері Аун Сан Су Чжиді босатпаса санкция салатынын мәлімдеді.

54 миллион халқы бар Мьянма – Бангладеш, Қытай және Таиландпен шекаралас ел.

Мақала Reuters, BBC ақпараттарының негізінде жазылды