Герменчук деп аталатын шешен ауылының тұрғыны Хусейн Бетишев "Кавказ.Реалии" сайтына (Азаттықтың Солтүстік Кавказ редакциясы) депортация жылдары досымен бірге Грозныйға бокс жарысына қалай барғанын, туған жердің топырағын алып Қазақстанға оралғанда жерлестері қандай қуанышпен күтіп алғанын әңгімелеп берді.
Анықтама: СССР-де ондаған халық жаппай депортацияға ұшыраған. Олар: корейлер, немістер, ингерманланд финдері, қарашайлар, қалмақтар, шешендер, ингуштар, балқарлар, қырым татарлары және месхет түріктері. Жетеуі – немістер, карашайлар, қалмақтар, ингуштер, шешендер, балқарлар, қырым татарлары – ұлттық автономиясынан да айырылды.
– Боксқа төртінші сыныпта, Гурьевте (қазіргі Атырау - ред.) тұратын кезімде қызыға бастадым. Ата-анамыз қайтыс болғаннан кейін немере ағаларым Тапа мен Бийлақ Айндим ағам екеумізді Жамбыл облысынан сол жаққа алып кеткен. Гурьевте бокс секциясына қатысып жүрдім. Менен біраз уақыт бұрын бокспен ингуш Эрка Ведзижев айналыса бастапты. Онымен дос болдық, спортты бірге үйреніп, жарыстарға қатысып, жеңіске жетіп жүрдік.
Бұл 1954 жылы болатын. Жаттықтырушымыз бізді жаттығудан кейін алып қалды да, Кавказда, Грозный қаласында турнир өтетінін, Эрка екеуімізді қатысушылар тізіміне қосқанын айтты. Жақсылап дайындалуды тапсырды.
Біз бұл жаңалыққа таңғалып, сене алмадық. Қазақстанда біздің ұлттың адамдары "туған жерге оралсақ" деген бір ғана арманмен өмір сүретін. Бір адам "Салам Алейкум" деп амандасса, "Бізді қашан үйімізге қайтарады екен, ешқандай хабар жоқ па?" деп сұрайтын. Сондықтан командамен Грозныйдағы жарысқа бару таңғажайып оқиға сияқты көрінді.
Үйге барып, алдағы жарыс туралы жаңалықты жеткіздік. Бұл хабар тез тарап, Эрка екеуімізге шешендер мен ингуштар толассыз келіп, туған жерде қалай жүру керегін айтып, әртүрлі ауылдардың атын атап, олардың жағдайын біліп келуді өтінді.
Жолға шығатын күні бізді әуежайға апарды. Командада 13-14 спортшы болдық. "Кукурузникпен" (советтің Ан-2 ұшағы - ред.) Грозныйға ұшып бардық.
Жарыс Заводской ауданында орналасқан Ленин атындағы мәдениет үйінде өтті. Оған дейін 3-4 күн уақыт бар еді. Эрка екеуіміз жақсылап жаттығып жүрдік. Турнирге бір күн қалғанда салмағымызды өлшетіп, шаршы алаңға шығуға дайын тұрдық. Бір кезде жаттықтырушымыз келіп, бізді шетке қарай алып кетті де, "Сендерді жарысқа қатыстырмай қойды. Себебін өздерің де білесіңдер. Сендерді осында әкелгенім үшін басым бәлеге қалатын болды" деді.
Ыстық күні төбемізге мұздай су құйып жібергендей күй кештік. Ештеңе айта алмадық. Бүкіл жоспарымыздың күл-талқаны шықты. Бұл күнді көңіліміз құлазып, селқос күйде өткіздік. Жарыс біздің қатысуымызсыз басталып кетті. Эрка екеуіміз қаланы араладық. Сәл жүріп, қайтып келеміз, кейін тағы да қалаға шығамыз. Ішімізде туған жерді көрудің қуанышы мен жарыстан шеттетілудің өкініші араласып, астаң-кестең болып жатты.
Бір кезде туыстарымның аманатын орындау үшін туған ауылыма барып қайтудың жоспарын құра бастадық. Эрканың қолында фотоаппарат болды. Жаттықтырушыдан бір күнге Герменчук ауылына жіберуді өтіндік, кешкісін Грозныйда болуға уәде бердік. Ол біраз қипақтап, ақыры келісті. Таңертең жолға шығып кеттік.
Жолда жөн сұраған адамдар Герменчук ауылының атауы "Мостовая" болып өзгергенін айтты. Жолға қиыршық тас төселген. Көлік аз, арасында жүк көлігі ғана кездеседі. Бірнеше жүк көлігіне ауысып мініп, Мостовая ауылына да жеттік-ау әйтеуір.
Ауылдың басынан түсіп қалдық. Айналадағы сұлу көріністі сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Көше бойындағы арықта қаз, үйрек жүзіп жүр. Бірақ суда құстардан бөлек, шошқаның басы жатқаны ерсі көрінді. Көше аралап, қабырғасы жарылған үйлерді, үйеңкіден жасалған, ескіріп, шіри бастаған қоршауларды көрдік. Біз ауылдағы адамдарға, олар трико мен майка киген екі спортшыға тосырқай қарайды. Таңғалғаны түрінен көрініп тұр, бірақ ешқайсысы әңгіме бастап, сөйлесуге батпайды.
Осылай ауылды екіге бөліп жатқан Джалка өзеніне жеттік. Шалбардың балағын түріп алып өзенді кешіп өттік те, қазір мешіт тұрған үлкен көшеге түстік. Ол жақтан тар көшеге бұрылып, ары қарай жүре бердік.
Кенет бір үйдің ауласынан шешен тілінде сөйлеп жатқан балалардың дауысы естілді. Эрка екеуіміз таңғалып, орнымызда тұрып қалдық. "Бұл мүмкін емес, бұл жақта шешендер қайдан жүр?" деп ойладық. Тағы да құлақ түріп, шынымен шешен сөзін естігенімізге көз жеткіздік!
Қыштан соғылған кішкентай үйге жақындап, аулаға кірдік. Мен жол бастап жүрмін, Эрка соңымнан ілесіп келеді. "Салам Алейкум!" дедім. Балалар ойынын тастай сала, бізге қарап мелшиіп тұрып қалды. Лашықтан бір әже шығып, балалардан шешен тілінде "Не болды? Неге үндемей қалдыңдар? Не көрінді?" деп сұрады.
Бір кезде Эрка екеуімізді көрді. "Күн жақсы болсын, әже!" деп амандастым.
Ол да балалар сияқты тұрған орнында қалшиып біраз тұрды да, артынша "Алла, Алла, бұл не деген ғажайып, сендер кейінгі он жылда осы аулаға кіріп, шешен тілінде сөйлеген бірінші адамсыңдар! Қайдан келдіңдер? Не жағдаймен жүрсіңдер? Кімнің баласысыңдар?" деп сұрақтың астына алды.
Ол бізді құшақтап, кезекпен басымыздан сипап, жылаумен болды. Әжейдің көз жасынан көйлегім су болып қалды. Әженің езіліп, ұзақ жылағанын көріп, өзімді ыңғайсыз сезіне бастадым. Өмірімде бірінші рет ана қолының жылуын сезіндім… Жамбыл облысында бірінші әкем, екі күннен кейін анам қайтыс болған. Ол кезде кішкентай едім, сондықтан ата-анам есімде қалмапты. Тек ағам екеуіміз ата-анамның денесін қоңыз бен кесірткеден қорғау үшін таңнан кешке дейін зиратты күзетіп жүргенімізді білемін.
Әжеге қосылып жылай бастадым.
– Аман болыңдар, кімнің баласысыңдар?
Әкемнің атын, оның Герменчукте темір ұстасы болып істегенін айттым. Ауылға қалай келгенімізді әңгімелеп бердім.
Әженің есімі Келимат екен. Ол атымды сұрады, "Хусейн" дедім. Мені тағы да құшақтап, "Кішкентай кезіңде сені қолыма алып, көтеріп жүретінмін!" деп, одан сайын жылады.
Келимат әже көрші үйді нұсқап, "Мына үйде анаң мен оның ата-анасы тұрған. Бала кезінде анаң сені осы жерге әкелетін. Ірі денелі бала болатынсың, сені бәрі жақсы көретін" деді.
Осы жерде Келимат әже екеуіміз қосылып жыладық.
Біраз ес жиғаннан кейін әже бізді үйге шақырды. Аулаға үстел шығарып, үйде бардың бәрін дастарханға қойды. Ас ішіп отырып, тағы біраз әңгіме айттық.
Келимат әже мені бала күнгі атыммен "Гага" деп атады. Туған үйім туралы сұрадым. "Ертіп апарам" деді.
Тамақ ішіп болғаннан кейін әже Эрка екеуіміздің қолымыздан ұстап, көше аралатты. Айналасы ағаштан өрілген шарбақпен қоршалған үйге келдік. Біраз уақыт қоршаудың сыртында тұрып, Келимат әженің ата-анам және туған үйім жайлы әңгімесін тыңдадық.
Бір кезде "Қожайын!" деп айқайладым.
Үйден ер адам шықты. "Сіз кімсіз?" деп сұрады.
"Осы үйдің иесімін" дедім.
Ол тұрған орнынан қозғалмай тұрып қалды.
Әлгі кісі колхоз басшысы екен. Жұмыстан үйге түскі асқа келгенін айтып, бізді аулаға шақырды. Үйді көрсетіп, қолынан келгеннің бәрін жасағанын, шатырды жөндегенін айтты. Қарасам, үйдің жағдайы нашар екен: бір жерінің кірпіші кеткен, екінші жердің қабырғасы тесілген.
Ауланы, бақшаны аралап, ата-анамның бір кездері осы жерді басып жүргенін елестетіп көрдім.
Үйден бір әйел шықты. Колхоз басшысы жұмысқа кешігіп жатқанын айтып, бізді әйеліне қалдырып кетті. Қазақстандағы туыстарым туған үйімнің ауласынан бір уыс топырақ алып келуді тапсырған. Үйдегі әйелден шыны банка сұрап, жерден топырақ салып алдым. Осыдан кейін қоштасып, кетіп қалдық.
Келимат әже бізді қайтадан өз үйіне апарды. Бір кездері ауылда Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, мүгедек болып қалған ұлты құмық Закри деген азамат тұрған. Ол мыстан үйге қажет бұйымдар жасайтын, шешен тілі мен дәстүрін жақсы білген. Ауыл халқы шешен қызы Келиматты Закриге тұрмысқа берген. Осылай Келимат депортацияға ілінбей, құмықтың әйелі ретінде ауылда қалған.
Кеш түсе бастады. Келимат әжеге жаттықтырушыға берген сөзімізде тұрып, Грозныйға қайтуымыз керегін айттық. Бірақ ол бізді тыңдағысы да келмеді. Әжені көндіре алмайтынымызды түсініп, ауылда қонып қалдық.
Әже біздің құрметімізге кеш ұйымдастырып, Герменчук-Мостовая ауылында тұратын құмық қыздары мен жігіттерін тегіс қонаққа шақырды. Кешті көңілді өткіздік. Бәрі бізді аяп, Қазақстандағы тұрмыс-тіршілігіміз жайлы сұрады.
Эрка екеуіміз Келимат әженің ұрысқан дауысынан ояндық. Орнымыздан тұрып, далаға шықсақ, ауланың іші мен көше бойы түгел ауыл адамдарына толыпты. Олар бізді көру үшін бірнеше сағат бойы күтіп тұр екен.
Эрка екеуіміз жолға жинала бастадық. Келимат әже тағы да жылап, бізді құшақтап, жібергісі келмеді. Көшеге шыққанымызда халық бізден көзін алмай, таңғалып қарады. Адам көп болғаны соншалық, Эрка екеуіміз жолға шығу үшін жиналған жұрттың арасынан өте алмадық.
Бізді Келимат әженің күйеубаласы Ваха шығарып салды. Ол әженің тамақ салған сөмкесін алып, бізді өткізіп жіберуді сұрап, адамдарға ұзақ жалынды. Олар біртіндеп кері шегініп, жол берді. Бізге ешкім тимеді, тіпті түрткен де жоқ. Олардың көзінен "Халықтың, бүкіл елдің жауы – осылар” деген ой оқығандай болдым.
Жиналған жұрттың арасынан өтіп, ауылдың орталығындағы клуб жаққа бардық. Ол жерде бізді Ваха алдын-ала дайындап қойған жүк көлігі күтіп тұр екен. Көлікке отырып, Грозныйға тарттық.
Эрка екеуіміз жаттықтырушыға кешігу себебімізді қалай түсіндіреміз деп ұзақ ойландық. Соңында жаттықтырушыға туған ауылыма барғанымызды айттық. Ол бізді түсініп, ұрысқан жоқ.
Біздің қатысуымызсыз өткен жарыс аяқталды. Грозныйдың әуежайынан ұшаққа отырып, Гурьевқа қайттық.
Үйге оралған соң, бізді көруге келген шешен мен ингушта есеп болмады. Өзімізді Меккеге қажыға барып келгендей сезіндік. Олардың бәрі туған жер туралы әңгімемізді қайта-қайта айтқызды.
Содан бері Гурьевте жерлеу рәсімі, той сияқты жиындар Эрка екеуіміздің қатысуымызсыз өтпейтін болды. Жас бала болғанымызға қарамастан, бізді маңызды қонақтар сияқты күтетін. Әр жолы Шешенстанға сапарымыз туралы сұрайтын.
Біз әкелген туған жердің топырағы бәрі үшін қасиетті дүниеге айналды. Біздің ұлттың адамдарының әрқайсысы шыныға екі саусағын батырып, бір шымшым топырақ алып, ерніне тигізіп, сүйіп шықты. Адамдар банканы бір түнге сұрап алып, таңертең әкеліп беретін. Бұл ыдысты міндетті түрде қайтаратын және оның ішіндегі топырақ ешқашан азаймайтын. Өйткені халық туған жердің топырағын алтыннан да қымбат көріп, оны ұрлауға ешкімнің дәті бармайтын.
* * *
Қазір Хусейн Бетишевтің жасы 80-ге таяған. Ол депортациядан бөлек, екі соғысты басынан өткерген. Қазір әйелі екеуі ғана тұрады. Хусейн үйде көп кітап оқиды. Сөредегі негізгі кітаптары – Құран және Шекспирдің шығармалары. Қасіретке толы жер аудару оқиғасы жадына өшпестей жазылып, жүрегінде мәңгі сақталған ақсақалдың тұрып жатқан үйінің ауласында соғыс іздері қалған. Хусейн осыдан 20 жыл бұрынғы соғыс кезінде түскен оқ іздерін сол күйі қалдырып, бақшаға мина мен снаряд сынығын жинап қойған. Үй иесі атыс салдарынан шұрқ тесілген қақпасын әдейі ауыстырмағанын айтады. Таныстары Хусейнге соғыс көрген қақпасын осы күйінде сақтап қоюға кеңес береді. Бірақ өздері соғыстан бүлінген ауласын әлдеқашан жөндеп, жаңартып алған.
"Кавказ.Реалии" сайтында жарияланған Лема Чабаевтың мақаласынан аударылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандағы корейлер. Жер аударылған халықтың ана тілінен ажырауы