Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы адвокаттар мен заңгерлер 5 наурызда адвокаттық заңның өзгеруіне қарсы шықты. Үкімет ұсынған заң жобасын қазір парламент қарап жатыр.
— Адвокаттық іс заңына енгізіп жатқан өзгеріс біздің жұмысымызға кедергі келтіреді. 1997 жылы 5 желтоқсанда қабылданып, біз 20 жыл бойы жұмыс істеген заң постсоветтік елдердің ішіндегі үздік заң саналған. 2018 жылғы заң біздің құқықтарымызды шектейді. Ал қазір ұсынылған өзгерістер біздің қызметімізге кедергі келтіреді, - деді оралдық адвокат Айгүл Орынбекова.
Әділет министрлігі ұсынған өзгерістерге бұған дейін Қазақстанның басқа аймақтарындағы адвокаттар да қарсы шыққан. Олар "жаңа заң қорғаушыларды республикалық бірлестік құрамына кіруге міндеттейді, бұл тәуелсіз адвокатураны жояды" деген.
Жаңа заң жобасында адвокаттар қоғамдық ұйымға мүше болғаны үшін жарна төлеуі тиіс. Заңгерлер "бұл заң жобасы биліктің үкіметтік емес ұйым жұмысына араласуға болмайды деген принципіне қарсы келеді" деп санайды.
Бұдан бөлек, заңгерлер "Ұлттық ақпараттық технологиялар" холдингі жасаған "Е-Заң көмегі" электронды платформасын қолданғаны үшін 3600 теңге, Заңгерлік кеңесшілердің палатасы қауымдастығына қосылу үшін бір айлық есептік көрсеткіш (2917) көлемінде ақы төлеуі тиіс.
Адвокаттар Қазақстанда қызмет көрсететін екі тегін платформа барын айтады.
— Бізде жап-жақсы жұмыс істеп тұрған "Сот кабинеті" және egov сервистері бар. 33 жыл бойы адвокат болып жүрмін. Енді "Ұлттық ақпараттық технологиялар" ұсынған сервиске тіркелмесем жұмыс істей алмаймын. Мәселе ақшада емес, принципте. Неге тықпалай береді? Бұл Конституцияда көрсетілген таңдау құқығымыздан айырады, - дейді Орынбекова.
— Егер платформадан халыққа пайда болса, біз ақысын қуана-қуана төлер едік. Бірақ бұл ақша белгісіз адамдардың қалтасына кетеді. Олар бізден қандай қызмет үшін миллиардтаған қаржы алатынын білмейміз, - дейді қорғаушы Мәди Мырзағараев.
Қазір адвокаттар жұмысы бойынша заң жобасын парламенттің төменгі палатасы мәжіліс қайта қарап жатыр. Бұған дейін жоғарғы палата – сенат жобаны мәжіліске қайтарған. Заң жобасы адвокаттардың қарсылығына ұшырады. 23 ақпанда қазақстандық құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев заңға жобасындағы өзгерістерге қарсы шығып, Алматы қаласы әділет департаментінің алдында бір адамдық пикет өткізген. Ол "Бекетаев, тәуелсіз заңгерлер мен адвокаттардан қолыңды тарт!" деген жазуы бар плакат ұстап шықты.
Қазақстанның бірнеше қаласында адвокаттар өзгерістерге қарсы митингіге шықпақ. Бұл туралы екі күн бұрын адвокат Айман Омарова хабарлаған. Алматы, Нұр-Сұлтан, Атыраудағы адвокаттар әкімдікке митинг өткізетінін айтып, ескерту жасаған.
Адвокаттар билік заңгерлер жұмысына араласып жатыр деген тұста әділет министрлігі "заң жобасы адвокаттардың жұмысын бақыламайды" деп мәлімдеді.