Теміртау қаласының жартысынан астамын жылумен қамтамасыз ететін жылу электр орталығында (ТЭЦ-2) дәнекерлеу кезінде өрт шығып, апаттан екі жұмысшы жарақат алды. ТЭЦ-2 - "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі, компания апатқа байланысты әзірге түсініктеме бермеді.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, "бояуы бар бөшке өртенген кезде" жұмысшылардың денесін күйік шалған. 51 жастағы жұмысшының денесінің 95 пайызы күйген. Оған жоғарғы тыныс алу мүшесінің жарақаты, улану, шок алу диагноздары да қойылған. Қазір Теміртау қаласының орталық ауруханасында жатыр.
Екінші жұмысшы - 50 жастағы ер адамның денесінің 25 пайызы күйген, жеңіл шок алған. Ол облыс орталығы Қарағанды қаласындағы Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жатқызылған. Жергілікті билік апатты "кенеттен болған сәтсіз оқиға" деп атады.
— Еңбек заңнамасына сәйкес, бас мемлекеттік еңбек инспекторының бұйрығы бойынша комиссия құрылады. Арнайы тергеу аяқталғаннан кейін оқиғаның жай-жапсары мен себептері анықталады. Ол жайлы қосымша хабарланады, — деді Қарағанды облысының еңбек инспекциясы басқармасының баспасөз хатшысы Айзада Жұмабекова.
Биыл ақпан айының соңында ТЭЦ-2 орталығында апат болып, бір мезгілде бірнеше қазандық істен шыққан. Қаланың басым бөлігі аязда жылусыз қалған.
Теміртау - шамамен 180 мың тұрғыны бар Қарағанды облысындағы моноқала. Өткен ғасырдың 60-жылдары салынған металлургиялық комбинат СССР құлағаннан кейін үндістандық миллиардер Лакшми Миттал басқаратын компанияның меншігіне өткен. "АрселорМиттал Теміртау" қаладағы бірқатар инфрақұрылым мен Қарағанды облысындағы ірі бірнеше шахтаға иелік етеді.