Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тағы президент сайлауына ықпал ету талпынысынан хабардар болды. Reuters агенттігінің Америка барлау қызметіндегі құпия дереккөзінің айтуынша, бұл талпыныстың ар жағында Путиннің өзі тұрған болуы мүмкін. Мәскеу жалған ақпарат таратып, Джо Байден жақтастарын адастырғысы келді дейді барлау қызметінің өкілдері.
Ресейдің 2020 жылы АҚШ-тағы сайлау кампаниясына араласқаны жайлы тұжырымдар 16 наурызда жарық көрген АҚШ ұлттық барлау қызметі жариялаған 15 беттік баяндамада айтылады. Құжатта Трамптың одақтастары Мәскеу мүддесіне сай әрекет етіп, ресейшіл қызметкерлердің Байденді сынауына атсалысқаны жазылған.
Соған қарамастан президент сайлауында демократ Джо Байден республикашыл Дональд Трампты жеңіп, 20 қаңтарда президент қызметіне кірісті.
АҚШ барлау қызметі Ресейден бөлек, өзге де бірқатар елдердің сайлау қорытындысына ықпал етпек болғанын анықтаған. Атап айтқанда, Иран Трамп жақтастарының сенімсіздігін арттыруға тырысқан. Тегеран АҚШ-ты Иранмен жасалған ядролық келісімнен шығарып, Иранға жаңа санкция салғаны үшін Трамптан есе қайтармақшы болған.
Баяндама авторлары Қытай сайлау кампаниясында Байденді жақтап, соның жеңуіне ықпал етуге тырысты деген Трамп жақтастарының тұжырымына да реакция білдірген. Барлау қызметінің сарапшылары Пекинде Америкадағы сайлауға араласу ниеті болған жоқ деп санайды.
"Қытай АҚШ-пен қарым-қатынасының тұрақты болғанын қалайды және нәтижесі қандай болмасын, оны өзінің мүддесі үшін тәуекел ету мүмкіндігі деп қарастырған жоқ" дейді баяндама авторлары.
Америка барлау қызметінің сарапшылары сонымен бірге Куба, Венесуэла және ливандық радикал топ "Хезболланың" сайлауға араласуға тырысқанын да атап өтеді. Алайда олардың мүмкіндіктері Ресей мен Иранмен салыстыруға келмейді деп санайды.