17 наурызда парламенттің төменгі палатасы елде дау тудырған адвокат қызметіне қатысты заң жобасына сенат енгізген бірқатар ұсыныстарды мақұлдады. Атап айтқанда, адвокаттар мен заңгерлер республикалық адвокаттар мен заңгерлер алқасына ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш (2917 теңге) көлемінде жарна төлеуі тиіс деген норма 2026 жылға дейін ғана күшінде болады. Бұл мерзім аяқталғаннан кейін айлық жарна көлемін адвокаттар мен заңгерлік кеңесшілердің өздері анықтайды.
"Парламент енгізген позициялардың көпшілігі заң жобасының бірқатар нормаларын нақтылауға бағытталған. Комитет олармен келісуге болады деп есептейді" деді мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Снежанна Имашева 17 наурыз күнгі мәжіліс отырысында.
Мәжіліс төмендегі түзетулерді мақұлдаған:
- Адвокат қызметінен айналысуға өмір бойы тыйым салатын нормаларды алып тастау. Қылмыстық процесті жүргізетін органның адвокаттардың кәсіби ұйымы немесе оның құрылымдық бөлімшелері арқылы қорғаушы тағайындау бойынша шараларды қабылдауы туралы норманы қалдыру;
- Интернет-ресурста заңгерлік кеңесшілердің республикалық алқасы қызметінің қаржы-шаруашылық туралы жылдық есебін жариялауды, онда кіріс-шығыстың бәрі көрсетіп, қаржылық тексеру нәтижелерін ашық етуді;
- 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін ғана адвокаттар алқасы мен заңгерлік кеңесші палаталарына әрбір заңгер мен консультант үшін 1 АЕК (1 АЕК - 2917 теңге) көлемінде жарна төлету;
- Кейбір адвокаттар мен заңгерлік кеңесшілерге мүшелік жарна төлеу кезінде жеңілдік жасау және өзге де ұсыныстарды мақұлдаған.
4 наурызда сенат заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізіп, мәжіліске қайтарған еді. 12 наурызда парламентте аталған заң жобасын талқылау мақсатында парламенттің екі палатасы депутаттарынан құралған келісім комиссиясы құрылатыны хабарланды.
Бұған дейін елдегі бірқатар заңгерлер мен адвокаттар “Адвокат қызметі және заңгерлік көмек” туралы заңға енгізілетін түзетулерді алып тастауға шақырған еді. Олар “заңгерлер, адвокаттардың ісін реттеуге” бағытталған түзетулер шын мәнінде заңгерлерді мемлекетке бағындыруды көздейді. Тәуелсіз сала мемлекетке бағынса, елде тәуелсіз заңгерлер қалмайды деп алаңдаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Заңгерлер "Адвокаттар жұмысы туралы" жаңа заң жобасына неге наразы?13 наурызда Алматыда заң жобасына қарсылық білдіруге жиналған адвокаттар карантинге байланысты шараны кейінге қалдырды.