Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Джо Байденнің жақында жарық көрген сұхбатына қатысты пікірін айтты. Сұхбатта Байден Путинді "қанішер" деп санайсыз ба деген сұраққа "иә" деп жауап берген.
Мемлекеттік "Россия-24" телеарнасы жүргізген трансляция кезінде Путин Американы отарлау кезінде "жергілікті халыққа геноцид" жасалғанын және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында Жапония қалаларына атом бомбасын тастаудың "мәнсіз әрекет" болғанын атап өткен.
"Америкалық әріптесімнің мәлімдемесіне келсек, ол айтқандай біздің шынымен де жеке таныстығымыз бар. Оған енді не дейін? Мен оған "деніңіз сау болсын" деп айтар едім" деді Путин аннексияланған Қырымдағы қоғам өкілдерімен ұйымдастырылған телекөпір кезінде.
Путин Байденнің мәлімдемесіне байланысты әрбір адам өзге адамнан өз бейнесін көреді деп айтқан. "Бала кезде аулада бір-бірімізбен дауласып қалған кезде айтушы едік: "Кім біреуді жаман атпен атаса, өзі сол атқа лайық" ("Кто как обзывается, тот так и называется"). Және бұл жәй балалар аузындағы мәтел немесе қалжың емес" деді 68 жастағы саясаткер.
Ол одан кейін АҚШ-ты отарлау мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Жапонияны бомбалау, АҚШ-тағы әлеуметтік мәселелер, оның ішінде Black Lives Matter қозғалысы төңірегіндегі мәселелерді атап өткен.
Оның сөзіне қарағанда, "ресейліктер мен америкалықтардың генетикалық және мәдени-адамгершілік коды әртүрлі". Алайда АҚШ-қа "санкциялар мен қорлауға қарамастан" Ресеймен санасуына "тура келеді" деген.
Бейсенбі күні сәл ертерек Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Байденнің сөзін "өте нашар" мәлімдеме деп атап, бұған дейін тарихта мұндай оқиға болмағанын алға тартқан (Оның сөзінен "Медуза" цитата келтірген). Ресей Байден сұхбаты жарияланғаннан кейін Вашингтондағы елшісін Мәскеуге қайтарған. Әдетте бұл қадам саяси наразылықтың белгісі ретінде бағаланады.