"АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорны ауаға зиянды қалдықтар шығарып, 1 млрд теңге көлемінде зиян келтірді. Бұл туралы жұма күні экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, наурыз айында кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілген. Оған зауыттан қызғылт түтін шығып жатқаны жайлы желіде тараған видео түрткі болған. Бұған қоса, Қарағанды облысының экология департаменті ақпан айында ауаға рұқсат етілген нормадан артық қалдықтар тарағанын хабарлаған.
Зауыттың 8 цехы тексеріліп, жетеуінде құқық бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, кәсіпорыннан бөлінетін газды тежеу және тазарту құрылғыларын пайдалану кезінде заңбұзушылықтар тіркелген.
"Тексеру барысында, бұл ереже бұзу технологиялық жабдықтың дұрыс істемейтіндігінен туындағаны дәлелденді. Осыған байланысты №2 конвертер биылғы жылдың мамыр айына дейін күрделі жөндеуге тоқтатылды" делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство кәсіпорынға айыппұл салынғанын да айтқан. Бірақ хабарламада нақты қанша салынғанын жазбаған. Кәсіпорынға шамамен 1 млрд теңгеден асатын залалды өтеу туралы нұсқама жіберілген. Шығын әлі есептеліп жатыр дейді министрлік.
Министрліктің айтуынша, жекелеген цехтар тоқтатылса, кәсіпорында тұтас өндіріс тоқтайды. Себебі кәсіпорындағы өндіріс циклы бір-біріне тәуелді.
Белсенділер металлургия комбинаты орналасқан 180 мың тұрғыны бар Теміртау қаласының зиянды қалдыққа тұншығып отырғанын бірнеше жылдан бері айтып, дабыл қағып келеді. Бірақ мәселе шешілмеген. Шенеуніктер комбинаттың табиғатты қорғау шаралары тиімсіз екенін мойындайды. Есеп бойынша, мәселені шешуге миллиардтаған теңге жұмсалған, ал қалдық көлемі бір пайызға жетер-жетпес азайған.
Министрліктің айтуынша, кәсіпорынның вице-президенті Виджай Гоял алдағы төрт жылда зиянды заттардың мөлшерін кемінде 30 пайызға азайтуға және Теміртауда үш жыл ішінде 500 мың ағаш отырғызуға уәде берген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тұрғындардың шымбайына батқан экология мәселесі неге шешілмей келеді?