Ақтөбе әкімдігі тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының митингісі өтеді деген 24 сәуір күні қоғам белсенділерін Шығармашылық академиясы ғимаратына жинады. Жер мәселесіне арналған жиынға әкімдік жиырма шақты қоғам белсендісін шақырған. Жиынға шақырусыз келгендер бастапқыда Шығармашылық академиясының жиналыс залына өте алмады. Наразылық үдей бастаған соң ғана әкімдік олардың жиынға қатысуына рұқсат берді.
- Мен үйден митингіге барамын деп шыққан едім. Митингі болмайды дегесін осында кеп тұрмын. Жер сатылмасын деген талабымды алдын-ала әлеуметтік желіге жаздым да. Оны көрген полиция қызметкерлері Қандыағаштағы үйіме келіп, немерелерімді қорқытып кеткен. Бұлай етуге болмайды! Мен "Жер шетелдіктерге сатылмасын!" деп жүрген көп қазақтың бірімін, - дейді қала тұрғыны Мәлік Қазанов.
Бұған дейін жергілікті белсенділер Ақтөбедегі Өнер орталығы маңындағы алаңға жиналатынын хабарлаған болатын. 24 сәуір күні Өнер орталығы жанындағы алаң қоршалған жоқ.
- Митингі өткізудің тәртібі бар. Біз сіздердің заңсыздықтарға бармауларыңыз үшін осы жиынды ұйымдастырып отырмыз, - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Шығармашылық академиясындағы жиында.
Жер мәселесі көтерілген жиынға қатысушылардың бірі, адвокат Нұрбибі Есмағамбетова "Осы жиында көтерілген мәселелерді бейбіт митингі кезінде халық та естуі керек. Халық естісін! Полиция халықты қойша сүйремесін! Қазір біз жабық мекеменің ішінде отырып, өзімізше жер мәселесін талқылаған боп отырмыз. Егер мақсатымыз бір болатын болса, неге біз талабымызды митингіге шығып айтпаймыз?" деп наразы болды.
- Бес жылға жарияланатын мораторийге түбегейлі қарсымын. Тек мен емес халықтың 90%-ы жерді сатуға, жалға, субарендаға беруге қарсы. Енді не созатыны бар?! Жер иеленушілер туралы, олардың алған жерлерін қалай пайдаланып отырғаны туралы ақпарат ашық жариялануы керек. Пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылуы керек. Бір адамға жер учаскесін бергенде шектік мөлшер белгіленеді деді. Ол шектік мөлшер қандай көлемде болады және ол шектік мөлшер осыған дейін жерді иеленіп алғандарға қолданыла ма? Қолданылса оның механизмі қандай болмақ?! Осы сияқты мәселелер жаңа Жер кодексінде қарастырылуы керек! - деді белсенді Бақыт Жаншаева.
Жиналғандар биліктің ұсыныстарды ескеріп, Жер кодексіне сәйкес өзгерістер енгізсін деген талап қойды. Тек ауыл шаруашылық жерлері емес, жер қойнауын пайдаланушы шетелдік компаниялардың да жерге қатынастарын қадағалап, тексеруді талап етті.
Жиын 3,5 сағатқа созылды. Әкімдік өкілдері қоғам белсенділерін "жақсы, пікірлеріңіз ескеріледі" деп шығарып салды. Жиын барысында наразылық білдіріп, залдан шығып кеткендер де болды.
24 сәуірге белгіленген "жер митингілерінің" ең ірісі Алматыда өтті. Оған қатысушылар шетелдіктерге жер бермеуді және жерді жекешелендіруге қарсы шықты. Белсенділердің айтуынша, қазір парламенттің жоғары палатасына түскен жер туралы заң жобасы шетелдіктерге орман өсіру үшін 25 жылға жалға жер беруге мүмкіндік береді. Олар аталған жоба кері қайтарылсын дейді. Наразылар жерді қазақстандықтарға сатудың өзі ел болашағына қауіп төндіретінін айтып отыр.
Нұр-Сұлтанда митинг орнында он шақты адамның ұсталғаны хабарланды. Шымкентте наразылардың кейбірі үй маңындағы полиция күзетіне байланысты митинг орнына бара алмаған, кейбірін полиция жолда ұстаған.