ҮНДІСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ
25 сәуір күні Үндістанда коронавирус 352 мыңнан аса адамнан табылды. Ал ауруға осыған дейін шалдыққан 2812 адам көз жұмды. Елде вирус жұқтырғандар 17 миллионнан, ал қайтыс болғандар 195 мыңнан асып кетті. Бірақ вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар ресми статистикадан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Себебі кедей аймақтарда тест тапсыру деңгейі мен медицина сапасы төмен.
Үндістан қалаларындағы ауруханалар орын мен оттегі жетпей, науқас қабылдап үлгермей жатыр. Делидегі ауруханалар маңына "орын жоқ, оттегі жоқ, кешірім сұраймыз" деген жазбалар іліп қойған. Дәрігерлер ел медицинасы коллапсқа ұшырады деп дабыл қағып жатыр.
Науқастар дәрігер алдында сағаттап кезекте тұруға мәжбүр. Кейбір адамдар сол кезекте тұрып, көз жұмып жатыр. Дәрігерлер халі өте ауыр адамдарды аман алып қалу үшін науқастарды толық емдемей шығаруға көшті.
Әлеуметтік желіде ауруханадан орын таппай көз жұмған туысын жоқтағандардың суреттер көп жарияланды. Крематорийлерде мәйіттерді өртеп үлгермей жатыр.
ҮНДІСТАНДА ЖАҒДАЙ НЕГЕ УШЫҚТЫ?
Биыл жылдың басында Үндістан билігі коронавирусты жеңдік деп мәлімдеген. Ақпанның ортасында елде вирус жұқтырғандар саны күніне 11 мыңға дейін төмендеген. Наурызда елде екпе салу науқаны басталып, денсаулық сақтау министрі "пандемияның финалына жеттік" деген.
Көктемде елде түрлі діни фестивальдер, сайлауалды кампаниялар, спорт жарыстары ұйымдастырылып, мыңдаған адам жиналды. Мәселен, сәуірдің ортасында елде Кумбха Мела фестиваліне миллиондаған адам қатысып, Ганг өзеніне суға түскен.
Бұдан бөлек, наурызда крикеттен Үндістан мен Англия арасындағы ойынды стадионан 50 мыңнан аса адам тамашалаған. Сондай-ақ елде вакцина салу да баяулап кеткен еді. Сарапшылар осы жайттар елдегі вирустың өршуіне себеп болды деп санайды.
БАСҚА ЕЛДЕРДІҢ КӨМЕГІ
АҚШ Үндістандағы вирустың өршуіне алаңдаушылық білдірді. 25 сәуірде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Үндістанға екпе жасайтын сұйықтықтар мен қорғаныш құралдарын, коронавирус тестін жолдамақ.
Ұлыбритания да оттегі және жасанды тыныс алу аппараттарын жібермек. Франция да оттегі жолдамақ. Еуропа одағы да Үндістанға медициналық құралдармен көмек қолын созбақ.
Бұдан бөлек, әлемнің көптеген елі Үндістанмен әуе қатынасын тоқтатып, шекараларын жауып жатыр. Бангладеш бүгін, 26 сәуірден бастап Үндістанмен шекарасын жапты. БАӘ, Канада, Германия, Нидерланды Үндістаннан ұшақ қабылдауды тоқтатты.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 146 миллионнан асқан. Оның 3 миллион 106 мыңы қайтыс болған. 84 млн 629 мың адам жазылған.