Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов 28 сәуірде "жер сатуға жарияланған мораторий мерзімі не үшін тағы бес жылға созылды?" деген сұраққа "жұмыс топтары ортақ шешім таппады" деп жауап берді. Оның айтуынша, бұған қоса, "дайындық керек".
"Инвентаризация: оған аз дегенде үш жылдай уақыт керек. Ол жерде цифровизацияның сұрағы тұр. Ол енді өткендегі талқылаудағы мәлімет бойынша 2023 жылға қарай дайын болуы керек. Ауылдарда жер комиссиясының құрылғанын өздеріңіз білесіздер. Оларды тарқату керек деген ойлар болды. Осылардың бәрін жөнге келтіру керек" деді ол Азаттық тілшісіне.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Даулы заң қабылданса, алаңда шатыр тігіп, аштық жариялаймыз". Жер митингісі қалай өтті?Сенбі, 24 сәуірде Қазақстанда жерді жекешелендіруге қарсы митинг өтеді деген күні жер комиссиясының отырысы өтіп, онда жер сатуға жарияланған мораторий мерзімінің тағы бес жылға ұзартылатыны хабарланған. Кейбір белсенділер жер сатуға түбегейлі нүкте қою қажеттігін айтып, мораторий мерзімінің созылғанына наразылық білдірген.
Жер комиссиясының мүшесі Жәнібек Қожық сәрсенбі күні Азаттық тілшісіне "комиссия құрамында жер сатуға қарсы азғантай ғана адам болды, егер сол күні жер сатылмасын деп дауысқа салғанда, жеңіліп қалатын едік. Ал ол жерде комиссияның басым бөлігі - ірі жер иеленушілер, облыс әкімінің орынбасарлары, депутаттар, сенаторлар болды" дейді.
– Билік жерді қалай болғанда сатқысы келеді. Ірі жер иеленушілер де соны қолдайды. Жер комиссиясының құрамында жер сатуға қарсы азғантай ғана азамат болды. Ары кетсе 4-5 адам. Солар қарсы шығып отырды. Жер сатылмасын деп айқайлап тұрған халықтың тым болмағанда бір пайызының қолдауын сезіне алмадық. Санаулы ғана қоғам белсенділері, санаулы ғана топтар, – дейді Жәнібек Қожық.
Оның айтуынша, жер сату туралы шешім қабылданса, жаппай митингіге шығамыз деген сияқты ескерту ұрандар пайда болған шақта мораторий мерзімін ұзарту билік үшін "өгізді де өлтірмейтін, арбаны да бұзбайтын" бір жол болған.
– Бұл енді бір түбегейлі мақтанатындай шешім емес. Бірақ сатылып кеткеннен гөрі тәуірлеу шешім. Бес жылда билік ауысар, халықтың саяси сауаты көтерілер. Бір өзгеріс болар. Мысалы, бізде бес жылда өтірік те болса, президент ауысты, парламент ауысты. Бұл ата-бабалардың қанымен келген, жанын берген жері. Қазақтың тарихында ешқашан жер сату болмаған. Енді қазір былай айтқанда жер сату бес жылға кейінге қалды, – дейді Жәнібек Қожық.
Қарай отырыңыз: Тоқаев құрған комиссия жер дауын шеше алмай, тағы 5 жылға мораторий жариялауды ұсынды (26 сәуір 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасына халық жаппай наразы болған соң сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасына бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі биыл аяқталады.
Билік жердің бос жатпау қажеттігін, оған инвестиция тарту керектігін жиі айтады. Бірақ кейбір белсенділер елде жемқорлық өршіп тұрған шақта жер сату тәжірибесін енгізу қауіпті деп санайды.
Наурыз айының соңында үкімет жанынан Жер кодексі жобасының нормаларын талқылап, ұсыныстар жасау үшін жер комиссиясы құрылып, оның құрамы анықталған еді. Бірақ кейбір белсенділер "бұл халық наразылығын басу үшін жасалған көзбояушылық әрекет, комиссия биліктің сойылын соғады" деп күмән келтірген.